«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ағайынды Гриммдер көрмесі

0 457

Астанадағы Ұлттық музейде Германия Федеративтік республикасының Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Тілдің күші халықтарды қалыптастырады» атты ағайынды Гриммдердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрменің ашылуы болды.

Аталған көрме Қазақстан мен Германия Федеративтік республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас­тың 25 жылдығына арналған шара аясында ұйымдастырылды.
Ағайынды Гриммдер – неміс халқының мәдениетін зерттеген, лингивист тұлғалар. Олардың «Ағайынды Гримм ертегілері» атты жинағын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Қос азамат өмірлерінің соңына дейін алғашқы неміс тілі сөздігін шығарумен шұғылданды.


Көрменің ашылу салтанатында Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Абай Сатубалдин сөз алып, мәдени кештің маңызына тоқталды.
Шындығында, ағайынды Гриммдердің туындылары ешкімді бейжай қалдырмайды. Таланттың тұлғалардың «Күлше қыз», «Қызыл телпек», «Ұйқыдағы ару» секілді әлемге танымал ертегілердің иллюстрациялық суреттерінен шалқар шабыт аласыз. Екеуі де әр елдің тілі мен поэзиясына ерекше назар аударып, көптеген халықтың ұлттық рухының жандануына, шығармаларымен ықпал жасады.


Шара барысында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Елшісі Рольф Мафаэль мырза да өз ойымен бөлісті. «Бүгінгі көрменің негізгі идеясына Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы себепкер болды. Президент өз мақаласында дәстүр мен руханияттың сақталуы – ұлттық бірегейліктің негізі деп айтқан. Дәл осындай ұлттық мемлекет қалыптастыру жолымен Еуропаның көптеген елдері жүріп өтті. Оның ішінде Германия да бар. Ал, Германияның ұлттық бірегейлігін сақтаудың тамырында ағайынды Гриммдердің ертегілері жатыр. Міне, біз сіздің елге сол ұлы данышпандардың туындыларын әкеліп отырмыз, – деп жиналғандарға ақжарма тілегін жеткізді.
Көрме алдағы жылдың 25 ақпанына дейін жалғасады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды