©2020 Астана Ақшамы
АҒА ҰРПАҚ АЯНБАЙДЫ
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауын ой таразысынан өткізе отырып, кейінгі ұрпақ болашағының кең көкжиегін көргендей болдым.
Біз секілді өткен ғасырдың үлкен сынақтарынан өткен аға буын өкілдерінің жаңа ғасыр азаматтарына айтары мол. Ашаршылықтан кейін еңкейіп қалған елдің еңсесін соғыс зобалаңы басқанының куәсі болдық. Қабырғамыз қатпай жатып ауыртпалықты ересектермен бірге көтеріп, қиындықта шыңдалдық. Жасымадық, асқақ арманымызға ұмтылдық Алдымен білім алдық, оны елдің кәдесіне жаратып, халықтың қалаулы азаматы атандық. Мұның бәрін неге айтып отырмын? Біз өткен жол, ұстанған принциптер келешекке аманат болуы тиіс. Адамзаттық құндылықтар мен ұлттық мұраны қастерлеуді ата-бабаларымыздан үйрендік. Елбасымыздың «Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз» деген сөзімен келісемін. «Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер: экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз. Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие. 2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс.
Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс». Меніңше,бұл жолдар арқылы елдің алдына шыққан азаматтардың жауапкершілігін арттырып отыр. Ақсақал жасындағы менің замандастарымның да жастардың алдына шығып, құндылығымызды аманаттар сәті де осы деп білемін.
Бостан ШАХМАНОВ,
еңбек ардагері