Әділдіктің Әділі

0 172

Семей өңірінде, Қарауылда жүр едім. Абай бабамның іздері қалған қасиетті мекендерді бірінен соң бірін тойымсыз аралып, құсұйқыланған сергек те сезімтал бір күйде ашқарақтанғандай болыппын. Мына өмірге тек Абай көзімен қарағың келеді, оқыр­мандармен кездесулерде Абай мұраттарының бүгінгі ұрпаққа нендей шапағаты тигенін сараптап-саралау да рухани мол рахатқа кенелтеді. Семей қалалық кітапханасында оқырмандармен өткен жүздесуде бұл аймақтың тек Абай аманаттарымен ерекше шұғылалы нұрға бөленгенін аңғармау мүмкін емес еді. Осындай алақұйын тәтті сезім жетегімен қасиетті Қарауыл таңын қарсы алғандай болып, бүгінгі тығыз іс-жоспарды іштей санамалап, қонақүй ауласындағы аядай жерде бүлкек қағып жорытып бергенімде қалта телефоным безек қақты.– Әділ ағаны жоғалтып алдық қой! – Астанадан хабарласып тұрған Сұңғат әріптес інімнің дауысы құмығып шықты.
Ағаш сәкіге төрт бүгіліп отыра кеттім… Үш-төрт күн бойғы Абай елінен алған әсер-ғажаптарымның бәрі ізім-ғайым желге ұшқандай болып, құлазып, сәтте мүжіліп сала бердім. «Әдаға! Әділдіктің төресі едің ғой, адам біткеннің асылындай едің ғой! Бізді, мына жалпақ жұртыңды тастап қайда аттандың!» деп, кеміріліп, кемсеңдедім. Өмір қызықсыз боп кеткендей. Өлу үшін туғанымызды Абай атам тағы бір еске салып, «дұрыс өмір сүре алдың ба?» деп сұрақтың астына ала бастағандай ма? Бұған қандай жауап бар? Әдағаң да жоқ, жөнімен жауап беріп, қапысыз тіл қатар!
Енді Әдағаның күллі ғұмыры өткен шақпен сөйлеп, өзін сағындыртып, бізді сарғайтып, баяғыдан бері сөзінің мақалына айналып кеткен «мынау бір жақсы іс активімізге қосып қоятын нәрсе екен, ә» дегізерліктей, тамаша таңданысына елең еткізіп, ортамызда алшаң басқан бекзат болмыс-бітімін сәт сайын көлбеңдетіп, жүрегімізді үзілдіре беретін болады-ау.
…Өзін қашан, қалай көріп едім? Жорналшы, жазушы тағдырының бір ерекшелігіне сайып, оның есім-сойына сырттай қанық болып жүруші едім. «Әділ Дүйсенбек» деген ныспы-тегі еліміз ақпараттарын шарлап кеткелі қашан. Оның қолтаңбасы күллі газет жанрын түгелдей шарпыды десек, артық емес. Очерк, новелла, эссе айдарларымен жарияланған туындыларын тұшынып оқитынбыз. Шым-шытырмен оқиғалы қылмыстық істер қатпарын аршыған жұмыртқадай етіп, талдап-саралап ұсынатын шеберлігіне тәнті едік. Көркем әңгімелері сүйсінтетін. Тілі бай, не жазса да тамсандыра қоятын. Ауыл шаруашылығы мәселелеріне қатысты мақалаларын оқығанда, осы саланың білгір маманындай көсілетін. «Бұ кісі агроном не мал дәрігері шығар, – деп, кейбір оқырмандар редакция­ға қоңыраулатып, – сұрап білетініміз бар еді» деп телефонын айтуды өтінетін. Міне, шыншылдық қалыптың қасиеттері осындай іңкәрліктен еселеніп жататын.
Сөйткен Әділ Дүйсенбекті біз де көрдік-ау! 1990 жылғы тамыздың аяқ шені еді. Шерхан Мұртаза «Социалистік Қазақстанның» (бүгінгі «Егемен Қазақстан» газеті) Торғай облысы бойынша меншікті тілшісі етіп қызметке қабылдады. Редколлегия мүшелері бірауыз­дан ықылас білдіргеннен кейін осындай шешім қабылдағанын айтты. Бөркім енді-енді аспанға атылғалы тұрғандай еді… Жаңа қызметімді жудым, әрине. Медеу шатқалына жағалай тігілген киіз үйлердің бірінде думандаттық. Ілкім бір сәтте Әдағаңның қолтығында құлдыраңдаған құлындай ғана боп Алатауға қарап, әлдене сезімге бөленіп тұр екенбіз. «Әдаға, өздеріңіздің арқаларыңызда бас газеттің тілшісі боп шыға келдім-ау!» деппін есіңкіреп. Әдағаң маған аңтарыла көз салды да: «Мұндай жоғары сенімді ақтау керек! Тек еңбекпен, журналистикаға деген адалдықпен, өмірге деген әділдікпен, оқырмандарыңа деген сүйіспеншілікпен» деді де көзі күлімдеп, сұлу жүзі алабұртып, ақ шашы желмен шудаланып, бойы ұзын сырықтан бетер еңселеніп, арқамнан қағып-қағып қалды. Жалпақ алақанынан тараған жылу еңсемді тез тіктетті. «Анау Алатауды көріп тұрсың ғой» деді дауысы әдеттегіден шымыр шығып, – Сені қызметке алған мына «СҚ» ( «Социалистік Қазақстан» дегені) сол Алатау секілді құдіретті тау, қазақ баспасөзінің аласармас биігі болып есептеледі. Сол табиғи асқаралы асудан, заңғар биіктен тек еңбегін сарп еткендер ғана табылады. Есіңде болсын!» деп өзіне тән лекіген күлкісімен біраз жайтты аңғартып тастаған. Мен тауға қарай беріппін, шегініп барып та кейін қараппын. Алатау: «маған жету қайда!» деп асқақтайтындай. Бойымды қорқыныш биледі. Үрейленіп дел-сал боп тұрғанымда Әдағаң қолымнан тартып, жетегіне алды. Сол сәттен бастап Әдағаңның соңынан ерген тайлақтай отыз жыл бойы тайраңдап келіппін-ау!
Бір жолы сырласқанымызда ол өзінің шығармашылық бағытын, ой-жоспарын тәптіштемей-ақ, үстірт шолулап, біраз жайтқа қанықтыр­ғандай болып еді. Алдын ала жалаулатпайтын. Менің қызығушылығымды еселейін дегендей, ынталандырғаны сезіледі. Әйтпесе, баспасөз бетін көріп, оқырмандарының ықыласына бөленген жарияланымдары туралы тіс жара қоймайтын, құрғақ мадақтан дәметпейтін, сөзден гөрі іске бекем, қаламы жүрдек, ойшыл жорналшы-жазушының шығармашылығымен шалқи тасып, кеуде көтеруге мүмкіндігі молынан жарап жатқандай да еді. Бірақ ішкі биік мәдениеті, сыпайылығы, астамшылықты сүймейтін арлылығы, қарапайымдылығы оны үнемі жұрт алдында аласартып көрсеткендей болғанымен, қалың қазағының жоғары бағасына лайық жан екендігіне сенім ұялататын. Сондай ірі мінез, ашық көңіл, жайдары жан еді. Ал біреуден көлгірлікті сезді ме, табанда орнына қоятын. Шымбайына батырмай-ақ, шындықты жақтап шығатын. Осы өр мінезіне сай ол «Әділдіктің Әділі» атанып кеткен еді.
Иә, сол жолы Әдекеңнен өзім қазбалап, бір шындықтың бетін ашып алғаным бар. Ұстазы, әйгілі Шерхан Мұртаза туралы сыр суыртпақтаған едім. Бұған дейін баспсөз ақтаңгері жайлы жазған талай тамаша туындыларын оқып, шеберлігінен сусындағанбыз. Әдағаң да сезімтал ғой, көп сөзге ұласатын әңгіме ауанын «Менің Шерағам бар, сенің Әзағаң бар ғой» деп маған да салмақ салғандай болып, осы қос жазушының сыр-әлемін тереңнен тарта жазуымыз керек деген талабын меңзеп қана білдірген еді. Ішімнен қылп ете қалдым. Дос, аға-іні болып, ұзақ жылдар шығармашылық байланысымыз үзілмей, жемісті жалғасып келе жатқан Нұршайықов­тай заңғар жазушыны тиісті дәрежеде насихаттай алып жүрмін бе деген ой миымды шың еткізді. «Қос суреткерді меншіктеп алған екенбіз» деп Әдағаң лекіте күліп алды да талап етердегі қатаң қалпына ене қойып, бастырмалата сөйлеп кетті. – Иә, меншіктеп алыппыз ғой. Өзіміз емес таңдаған, тағдыр тартқан сый ғой бұл! Өздерін емес, тақырыпты қанжығамыз­ға байлаппыз. Бұл – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Жазу бақыты! Олар бізден өздері туралы мақтау мақала күткен жоқ. Былай да жарапазаншылары жетеді. Атақ-даңқтары біз араласпасақ та аласарып қалмайды, түге. Есіңде сақта, құрғақ мадақтан ада болайық. Шынайы да әділ, пәрменді, жүрек сөзін ғана жазайықшы. Олардың көзге көріне бермейтін нәзік қырларын, ішкі иірімдерін, тағдыр жазмышына қатысты ащы тұстарын да ірікпей бере білгеніміз абзал. Әсірелеуден тартынайық. Әйтпесе олар шәпкемізді қисайтып жібереді. Бірақ қалай десек те біз, бай адамдармыз. Меншігімізде кімдер бар екендігін ойлаудың өзі – жарты бақыт!
Сол отырыстағы Әдағамның қойған талаптары ойымның темірқазығына айналып еді. Сенімді жол сілтеушім болды.Тақырыптан қия баспауды қанағат еткізді. Жаңаша көзқараспен жазуды үйретті. Кейін күткендегідей нәтижелер көбейді. Әдағаң Шерағаң туралы роман-эссесін қайталап басқызып, ұстазының тірі кезінде-ақ ықыласына бөленсе, мен де «Махаббат жыршысы» деген кітап жазып, Әзағаңның ақ батасын алып едім. Қос классик те екеумізге риясыз сүйініштерін білдірген, өзімсініп арқамыздан қаққан. Әдағаң айтпақшы, бұдан артық қандай бақыт бар?
Араға жылдар түсіп, біздің шаңырағымыздан бір топ қаламдас достарым Әзағаңды қаумалай отырып, дәм татқан еді. Ішінде Әділ аға мен Дариға жеңгеміз де болған. Сонда екеуінің сұлу жұбына сүйсінген Әзағаң: «Пәлі, сіздер нағыз Қозы мен Баянға ұқсайсыздар ғой! Сыйлас­тықтарың менің Халимамды есіме түсіріп жіберді ғой!» деп, көзінің жасын сығып алып еді. Сосын, өзін тез тежеп, Әділ Дүйсенбекті шығармалары арқылы даралап танитынын, әсіресе, Шерхаңды сомдаудағы салиқалы еңбегінің жөні алабөтен екендігін біраз таратып айтып, «айналайын» деп бетінен иіскеді. Сол сәтте Әдағаң маған жымыңдап көз қиығын тастап: «Ал мына Қайсар…» дей бергенде, Әзағаң қолын жайлап көтеріп, «сөзді ұзартпа» дегендей ыммен, жаюлы алақанын қос жауырыныма үнсіз тастай салды…
Сапарларға бірге шыққан кездер-ай. Әрқайсысы бір-бір мектеп тәрізді мол тағылым сыйлайтын. Қазақ хандығының 550 жылдығын Таразда тойлағанда, барып-қайтуымыз бірге, пойызда купелес болдық. Әдағаң тарих көмбесін ақтарады. Жолдың қалай қысқарғанын аңдамаппыз. Кейін сол сапардан «Таразды сүйемін сағынып!» деген атпен «Егеменде» шыққан мақаламыз Жамбыл облысының бірнеше газеттерінде қайта басылып жарияланғанын көргенде, Президент әкімшілігінің баспасөз секторында қыз­мет істейтін Әдағаң телефон соғып, шынайы ризашылығын білдірген еді. Былайша да мақалаларымызды байқаған сәтте алғашқы болып «сүйіншілейтін» еді. Ал несін жасырамыз, көрсе де іштарлықтан елемеген болып, қызғаныш буына бөгіп отыратын әріптестеріміз де жетерлік қой.
…Қарауылға қуанып келіп, елордаға ауыр сезіммен жер бауырлап қайтқандай болдым-ау, Әдаға! Естисіз бе, қайран қаламдасым! Жанашарым менің!.. Күбірлеп дұға бағыштадым… Пойыз ауыр мұңды әрең сүйреткендей боп, ел астанасына «ой, бауырымдап», арқырап бара жатты…

Қайсар ӘЛІМ,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 − twelve =