ӘДІЛДІКТІ ӨНЕГЕ ЕТКЕН ӘКЕ

0 111

«Жақсы адам өтсе өмірден, жақсының жанын езеді-ау…» деген өлең жолдары еске оралады… Өйткені, оны замандас­тары «әділ еді, азамат еді, кейінгі буынның үлгі тұтары еді» деп әліден-ақ кеудені кернеген сағыныштарын жасыра алар емес. Өмірде мұндай жандардың некен-саяқ болатыны да өкінішті-ау.
Астананың ақыл айтар ақсақалдарының біріне айналған асыл аға жайындағы осы жолдар да ұрпақ санасына ұлағат болып дариды деген сенімдеміз…

мухамеджан 1

Құқық қорғау саласында ұзақ жылдар абыроймен еңбек еткен Мұқанбетжан Оспанов бас шаһардың іргесіндегі Қарағанды өңіріне қарасты Ұлытаудың топырағында туыпты. 1936 жылдың қарашасында өмірге келген оның балалық шағы соғыс жылдарына дөп түскенін көреміз. Иә, дүниежүзілік екінші дүмпудің жаңғырығы балалықты қайбір бақытты етсін?.. Мұқаң да көптің көшімен бұғанасы бекімей қара жұмысқа жегіліп, қабырғасы қатпай қалың мұң кешкені рас. Ол замандастар осылай ертерек ер жеткенін, есейгенін көнекөз қариялардың аузынан талай құлағымыз шалған.

Қиындық пен машақаттың дәмін ерте сезініп, еңбекке ерте араласқан Мұханбетжан оқуға да зор құлшыныспен із салды. Мектеп қабырғасын абыроймен тәмамдап, заңгер болсам деген арманы оны түу Алматыға, жастар қаласына асықтырады. Алып шаһарға табаны тиісімен, сол кездегі Киров атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжаттарын тапсырған. Жолы болып, студент те атанды. Бұл – оның өміріндегі ең бақытты кездерінің бірі, арманына бір табан жақындай түскен тұсы-тұғын.

…1961 жылдан заң маманы ретінде іске кіріскен Мұқанбетжан өз саласы бойынша талай сатыдан өтіп, әділеттің ақ-қарасын айыруға күш салды. Аймақтағы Егіндібұлақ ауданында, Қарағанды қаласындағы Теміржол ауданында қарапайым маманнан бас прокурор қызметіне дейін өсті. Облыстық прокуратурада да қолтаңбасын қалдырды. Қай жерде жүрсе де ымырасыздықтың ығына көнген жоқ, тек ақты жақтады, ақиқаттың ауылынан алшақтамады.

Заң саласында отыз бес жыл табан аудармай адалдықпен қызмет еткен ағаның жары Балдырған әжей отағасының өмірде әділеттің туын түсірмей өткенін айтады. «Біздің мекен-жайға жан-жақтан көптеген хаттар келетін. Дені Мұқаңның адалдығына, әділеттілігіне, қара қылды қақ жарған туралығына алғыстарын жеткізетін. Тіпті, қоғамдағы түрлі келеңсіз жайттардың төрелігін сұрап келетін жандар да баршылық еді» дейді қарт ана.

Мұқанбетжан бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Артында қалған ұрпақтарының бәрі-дерлік әке мамандығынан қашық кеткен жоқ. Бәрі-дерлік заң саласының ілгерілеуіне қызмет етіп жүр. Олар туған ауылдарына барған сайын ағайынның «Сен әділ Мұқанның қызы емессің бе? Сен адал Мұқанның ұлы емессің бе?» деп сұрайтындарын мақтанышпен әңгімелейді.

«Жақсы әке ұрпағына қырық жыл азық» дейді дана хал­қымыз. Мұқаңның өнегесі – ұл-қыздарының ғұмыр бойғы ұс­танымы. Өйткені, үлкен қызы Гүлнар «Әкеміз бізге адам бала­сының ала жібін аттамауды үнемі айтып отыратын» десе, Шолпаны «Әкейдің жүзі жылы, жүрегі жұмсақ болғанымен, жалғандықты кешіре алмайтын. Мұндай қасиет біздің де бойымызға сіңді осылай» дейді. Күйеу балалары Владимир мен Болат та аталарының әр сөзін көкейлеріне түйіп үлгерген. Ұлы Серікжан мен келіні Айгүл әке өсиеті мен өнегесі шаңырақтарына бақ әкелгенін жеткізді.

Мұқаң қазақтың бас шаһары Алатаудың етегінен Арқаның тө­сіне көшкенде айрықша қуанған көрінеді. 1996 жылы құрметті зейнет демалысына шығып, Ақмолаға жол салған алғашқылардың қа­тарымен келді. Яғни, әу бастан Астананың тұрғыны, Астананың әр жетістігінің куәгері, әр биігінің тілеулесі.

Артына әділеттілікті өсиеттеген құқық қорғау саласының ардагері көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Бұл да асылдың еңбегінің еленгені да.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + seven =