Әділдік әкемнен дарыған

0 262

Сайран ӘЛІМБАЕВА,
Нұр-Сұлтан қалалық сотының судьясы:

– Мен судьяларды заңгерлік мамандықтың биігін бағындырған, жетістікке қол жеткізген адамдар деп есептеймін. Әсіресе, нәзік жанды қыз балалар үшін бұл жүкті көтеріп алып жүру оңай емес. Судья бір күнде судья болып қалыптаспайды. Осы орайда айта кетейін, сотқа алғаш келген күннен бастап, сол кездегі Алматы қалалық сотының төрағасы Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің істі қарауы, сот актілерін жазуы маған үлгі болды. Ол кісінің берген ақыл-кеңестері өмірлік қағидаттарыма айналды.
Сол кездегі Алматы қалалық сотының судьялары Қания Хайруллина, Сәуле Ақдәулетова, Рауза Ыдрысова, Людмила Баршанскаядан көп тәжірибе алдым. Судьялық қызмет физикалық және психологиялық ауыр жүктемеге шыдамдылықты, жүйкеге түсетін әртүрлі стрестік жағдайларға төзімділікті қажет етеді. Көп жылдар қылмыстық істер қарадым. Қаншама адамның тағдыры қолыма түсті. Адамдар сот жұмысын сотталушы адаммен байланыстырады. Бұл – қателік. Сотталушыға қарама-қайшы жәбірленуші адамның тағдыры тұрады. Азаматтық істердің де бірнеше жағы болады. Сондықтан судьяның алдында істерді жан-жақты қарау міндеті тұрады. Әрбір адамның орнына өзіңді қойып, сол адамның жағдайына түсу қажет.
Бұл мамандықты таңдауыма әкемнің туралығы, шыншылдығы себеп болды деп ойлаймын. Ата-­анам Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданының Жамбыл ауылында мұғалім болды. Әкеме ауыл адамдары отбасы кикілжіңіне, ұсақ-түйек ұрлық-қарлыққа байланысты ақыл-кеңес сұрап көп келетін. Әкемнің сол мінезі маған да жұққан болар, жастайымнан жан-жағымда болып жатқан кикілжіңге жайбарақат қарай алмай, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтағым келіп тұратын. 11-12 жасымда кісі өлтірген адамға әділ үкім шығарған судья туралы кино көріп, мен судья боламын деп шештім. Осы арман Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне алып келді. Сотқа 1994 жылы наурыз айында келдім. Алматы қалалық сотында кеңесші, аға кеңесші, бас кеңесші болып қызмет істеп, 1998 жылдың 7 сәуіріндегі Президенттің Жарлығымен Өскемен қаласы Үлбі аудандық сотының судьясы қызметіне, 2008 жылдың мамыр айында Шығыс Қазақстан облыстық сотының судьясы болып тағайындалдым. 2014 жылдың желтоқсанынан бері Астана қалалық сотының судьясымын. Биыл судьялық еңбек өтілім 22 жыл болады. Өмірлік ұстанымым – әрқашан әділеттілік салтанат құруы тиіс, өзімнің қызым мен екі ұлымды және немеремді тәрбиелеуде де осы әділеттілік ұғымын саналарына сіңірумен келемін.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды