Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ: ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ МӘСЕЛЕСІ ӨЗГЕ ДЕ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТЕРМЕН ҚАТАР ШЕШІЛУІ ТИІС

0 103

DSC_6689

Кеше Астана әкімдігінде елорда әкімі Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Кеңесте коммуналдық қызмет көрсету, қала басқармаларының тұрғындар шағымына жедел әрекет ету мәселелері қаралды. Әкім «Халықтық бақылау» және «Виртуалды қабылдау бөлмесі» айдарларына келіп түсетін сауалдар оның жеке бақылауында екенін кезекті рет еске салды. Мәселен, қоғамдық көліктерге қатысты мәселе өзектілігін жояр емес. Әділбек Жақсыбеков жаңа автобустардың алынуы – мәселені түбегейлі шешпейтінін атап кетті. Бастысы – адами фактор. Яғни, автобус жүргізушілері мен кондукторлардың жолаушылармен қарым-қатынасы.

Астана әкімі қалалық қызметтер елордалық мәдениет үлгісін әр салада қалыптастыруға міндетті екеніне ерекше назар аударды.

Елорда әкімі Астананың жас тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесін кеңестің бас тақырыбы ретінде бекітті.  Статистика бойынша,  қала халқының 29%-ы  –  жастар. Яғни, Астана – жастар қаласы. Тиісінше осы санаттағы астаналықтардың проблемалары екінші кезекте қалмауы тиіс. Ресми мәліметтерге сәйкес әзірге жастар арасындағы жұмыспен қамту көрсеткіші төмен деңгейде.

 – Белсенді жастардың саны өте аз. Қала жастары ұсынған жобалардың жүзеге асқандары көрінбейді. Бұл бағыттағы жұмыстардың дені республикалық бағдарламалар аясында ғана іске асырылады және жыл сайын  қайталана береді, –  деді Әділбек Жақсыбеков.

  – Бізде қандай әлеуетті жобалар бар? Жастарымызды қала өміріне тарта отырып, серпілту үшін қандай мақсаттар қойылған? Шынын айтсақ, Астанада бұл мәселемен айналысып жүрген ешкім жоқ секілді.

Осы орайда елорда әкімі жастардың өздерін де қаланы дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 5 =