Әділбек ЖАҚСЫБЕКОВ, Астана қаласының әкімі: ҚАРИЯЛАРҒА ТҰРАҚТЫ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

0 92

1

Кеше Астана әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Онда коммуналдық қызмет көрсету, қала тұрғындарының шағымдарына жедел жауап беріп, шұғыл әрекет ету мәселелері талқыланды. Әкім көлік логистикасы, соның ішінде елорда әуежайының жай-күйіне ерекше тоқталып өтті.

Өкінішке қарай, елорда әуежайы тұрғындар тарапынан жиі сынға ұшырайды.

–  Төлқұжатты тексеру кезінде ұзақ-сонар кезек пайда болып, оқтын-оқтын бағдарлама істен шығады, қызметкерлердің шет тілдерін білмеуі және тарифтердің қымбат болуы – әуежай төңірегіндегі түйткілді мәселелердің бір парасы ғана. Бұл туралы қарапайым тұрғындар, осындай жағдайларға тап болған белгілі журналистер мен бизнесмендер айтып та, жазып та жүр. Қызмет көрсету сапасы әлемдік стандарттарға сай емес, – деді Ә.Жақсыбеков.

Осыған орай, қала басшысы барлық аумақтық және ведомствоға қарасты құзіретті құрылымдарға, соның ішінде Шекара және кеден қызметтеріне бұл мәселелердің шешімін тауып, әуежай жолаушыларына сапалы қызмет көрсету бойынша жүйелі шаралар  қабылдауды тапсырды.

Жиын барысында Ә.Жақсыбеков тоқталған негізгі тақырыптың бірі – ардагерлер мен қарт адамдарды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан әлеуметтік іс-шаралар. Әкім егде адамдарға тұрақты түрде көмек көрсететін акция ұйымдастыруды міндеттеді. Бұл қаржылай шығынды талап етпейтін, тәрбиелік, моральдық және психологиялық сипаттағы іс-шаралар болуы тиіс.

– Біз Елбасымыздың Жаңа жыл қарсаңындағы ардагерлерді қолдау бойынша бастамаларын жалғастыруымыз қажет. Бұл бір реттік акция болмауы тиіс және Жеңіс күнінен кейін бірден сап тыйылатын науқаншылдықтан ада болуы керек. Акция тұрақты түрде жүргізілгені жөн, – деді қала басшысы.

Елорда әкімі тиісті қалалық құрылымдарға колледждермен және ЖОО-лармен  бірлесе соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сонымен қатар, басқа да қарт адамдарға көмек көрсетуді көздейтін шаралар ұйымдастыруды тапсырды. Оларға үй жинауға, азық-түлік сатып алуға қол ұшын беріп, қарапайым көңіл бөлгеннің өзі бір марқайтып тастайды.

Сондай-ақ, Отанға деген сүйіспеншілікті өскелең ұрпақ бойына сіңіру мақсатында мектептерде ардагерлермен кездесу ұйымдастыру, патриоттық сабақтар өткізу қажет.

Ә.Жақсыбеков қала басшысының орынбасарларына елордалық ардагерлерге жан-жақты көмек көрсетуді бизнес құрылымдар арқылы ұйымдастыруды да мұқият тапсырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eighteen − 11 =