Әділбек БЕКТАШЕВ, Астана қаласы Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары штабының төрағасы: ЖАСТАРДЫҢ ЫНТАСЫ ЖОҒАРЫ

0 188

434_b35294b3cac7e22b3a1d5101101b20c3

Кеше астаналық жастарды жұмыспен қамтуға септесетін Студенттік құрылыс және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті маусымы салтанатты жағдайда ашылды. Наурыз айында-ақ жұмыстарын бастап кеткен жастардың еңбекке ынталары зор. Жиын соңында штаб төрағасы Әділбек Бекташевты әңгімеге тартып тілдескен едік.

– Жастардың жұмысқа деген ынтасы қалай?

– Әзірге жасақ құрамында үш жүзден аса студент бар. Оның екі жүздейін жұмыспен қамтып үлгердік. Қабылдау әлі де жалғасуда. Сөз орайында, он сегіз бен жиырма тоғыз жас аралығындағы замандастарымды біздің жасақтың құрамына шақырамын.
2005 жылдан бастап штаб арқылы 7000 мыңға жуық студент пен жұмыссыз жастардың қолын шаруаға жалғаған едік. Өткен жылдың өзінде екі мыңдай замандасымыз «екі қолға бір күрек» тапқан-ды. Бұл межені биыл үш мыңға жеткіземіз деген жоспарымыз бар. Бұл – бүгінгі буынның жалқаулықтан ада екенін көрсетеді деп білемін.

– Қатарластарыңызды қай салалар бойынша жұмысқа жіберіп жатырсыздар?

– Көпшілігі елорданың талай ғимаратын тұрғызған «Базис-А» құрылыс компаниясында жұмыс істеуде. Осы тұста айта кетерлігі, жылда компанияға барған студенттер әртүрлі жеңіл-желпі шаруалармен айналысатын және жалақылары да мардымсыз болатын. Ал биыл олар кәнігі мамандардың қасында жүріп үйреніп, тәлімін алып, өзі де ортаңқол маман ретінде солармен бірдей жалақы алады. Мәселен, электр дәнекерлеуші, сылақшы, кірпіш қалаушы… «Фасад-ЭКСПО» мекемесі де біршама жас­тарымызды қабылдады. «Астана орманы» шаруашылығына тартылған мүшелеріміз де бар. Барлығында да айлық жалақы жетпіс мың теңгеден кем емес.

– Жастарды қабылдауға ынта танытып отырған мекемелер қатары осымен шектеледі ме?

– Әрине, жоқ. Жасақ мүшелерін қоғамдық тамақтану саласына орналастыру үшін кәсіпорындармен келісімдер жасалуда. Қыз балаларымызды «Арка» мейрамханалар желісіне жібермекпіз. Бұдан басқа, аула аумақтарын тазарту бойынша бірқатар акциялар өткізбекпіз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five × 3 =