ӘДІЛ СОТТЫҢ КЕПІЛІ – САУАТТЫ РЕФОРМА

0 183

One-Punch-Supreme-Court 1

Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабының 1-тармағында «Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп көрсетілген.

Осы орайда, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің 2000 жылы 1 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасы сот жүйесiнiң тәуелсiздiгiн күшейту жөнiндегi шаралар туралы» Жарлығы мен  2000 жылы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы» конституциялық заңының қабылдануы әділ сот төрелігінің құзіреті мен беделін анықтаудағы   үлкен тарихи қадам болды десек, жаңылыспаймыз.

Сот-құқық реформасы бо­йынша  әлеуметтік беделін көтеру, соттарды тұлғаның құқығы мен еркіндігін қорғайтын сенімді кепілге айналдыру, қоғамдағы дау-жанжалды заңды және әділ шешуге қол жеткізу, судьялардың құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету сынды  маңызды аспектілер бүгінгі таңда мақсатты түрде, біртіндеп жүзеге асырылуда.

Дегенмен, шынайы сот беделі, ең алдымен, судьялардың әділдіктен айнымайтын тәуелсіздігіне, кәсіби біліктілігіне, қарапайым халыққа етене жақындығы мен ашықтығына тікелей байланысты.

Былтыр 20 қарашада өткен Қазақстан судьяларының VI съезінде  сөз сөйлеген Елбасы  ұлттық сот жүйесінің «Қазақстан-2050» стратегиясы аясындағы міндеттерін  атап өтті, «Судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі өкілеттіктер тек қана Сот қазыларына берілді. Бұл судьяларға кез келген түрдегі қысым жасаудың ықтималдығын азайтып, соттардың тәуелсіздігін нығайтты. Соңғы төрт жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған және ұнамсыз себеп бо­йынша лауазымынан босатылған судьялар 4 есе дерлік азайды»  деді Президент Н. Назарбаев.

Алайда, соттың тәуелсіздігі мен дербестігі және  судьяның тәуелсіздігі мен дербестігі  арасындағы айырмашылықты елемеуге болмайды. Жоғарыда айтылғандай, сот билігінің тәуелсіздігі дегеніміз – барлық сот жүйесі органдарының, судьялардың заң шығарушы, атқарушы биліктерге саяси-құқықтық, әлеуметтік жағынан тәуелділігінің болмауында, яғни сырттай тәуелсіздігінде.

Өкінішке қарай, кей сәттерде басқа да билік тармақтары сияқты сот жүйесінде де басшылық, жетекшілік ету, оған бағыныштылық көрсету  секілді ішкі басқару процестеріне байланысты  төрағалар, не жоғары тұрған судьялардың  іс жүргізу барысына ықпал етуі тәуелсіздік қағидасының бұзуылуына әкеп соғады. Алайда, бұл судьяның құқықтық санасының, құқықтық мәдениетінің, білімінің төмен болуы салдарынан туындайды дер едім. Себебі, білімі төмен адам  тек сотта  ғана емес, кез келген жерде басқа біреудің алдында төменшіктеп, именіп тұрады.  Ал мұндай болмас үшін судьялардың білімі өте жоғары болу керек. Сол себепті судьяны тағайындау барысында білімін, кәсіби даярлығын жан-жақты зерттеу қажет.

Судьяның қашанда тек бейтарап және тәуелсіз болуы әділ сот жүргізуіне  көмектеседі. Судьяның сыннан  немесе қандай да бір қуғындаудан  қауіптенбей, оған берілген істер бойынша, тіпті  аса ауыр және резонансты істер болса да, заңға сәйкес шешімдер қабылдауға құқығы бар және оған міндетті.

Кейде соттың обьективтілігіне әсер ететін ішкі факторлар да жоқ емес. Мысалы, ең көп айтылатын проблема –  сот істерінің шамадан тыс  көп болуы, яғни судья әр істі жан-жақты объективті қарауға уақыты жетпей жатады. Статис­тика бойынша,  Қазақстанда әр бесінші адам сотқа жүгінеді  немесе сотқа қатысы болады.  Жоғары сатыдағы соттардан сын естімейміз деп заңмен белгіленген уақытта тез шешім шығарудың арты айналып келгенде сот беделіне нұқсан келтіретіні жасырын емес.

Қазіргі күні қоғамда  соттардың жемқорлығына қатысты стереотип сақталып келеді. Неге? Өйткені,  арамызда ондай ісімен әшкереленіп қалып жатқан әріптестеріміздің бар екені бүкіл салаға салқынын тигізіп жатыр. Осы орайда, материалдық жағдайды жақсарту жағына едәуір көңіл бөлінсе, бұндай әрекетке баратындар анағұрлым аз болар еді деген ой келеді. Қазақта жақсы мақал бар: «Ауруын жасырған өледі» деген. Бүгінгі таңда, еліміздегі бірінші сатыдағы соттардың жалақысы, құқық қорғау органдарының қатардағы қызметкерлерінің жалақысымен шамалас және жергілікті соттарға  сапалы медициналық қызмет көрсету   бүгінгі  күнге дейін тиісті түрде қамтамасыз етiлмей келеді. Мәселен, көршіміз Ресейде судьяның ең төменгі жалақысы, біздің бірінші сатыдағы соттардың жалақысынан 5-6 есе жоғары  және олардың материалдық-әлеуметтік жағдайы да, бізбен салыстырғанда анағұрлым жақсы қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Еуропаның бірқатар мемлекеттерінде, әсіресе, Германия­да судья барлық жағынан тәуелсіз болып келеді. Оларда белгіленген жұмыс уақыты көрсетілмеген, яғни таңертеннен кешке дейін жұмыс орнында қадалып отырудың қажеті жоқ. Осылайша берілген істі асықпай шолып, салмақтап,  уақытылы шешім шығаруына моральдық тұрғыдан қолдау білдіріледі.

Сонымен қатар, аталған елде материалдық жағдайына да жақсы көңіл бөлінген, яғни отбасында қанша бала болса, әрқайсысына төлемақы ретінде белгілі бір қаражат төленіп отырады. Мұндай тәжірибені өте жақсы үлгі ретінде  біртіндеп біздің елімізде де енгізуге болар еді.

Тағы бір айта кетерлік жәйт, сот тиімді жұмыс жасауы үшін бүкіләлемдік стандарттарға сай іргелі заңдар қабылдауға жол ашылуы қажет. Тек қана тұтқындау емес, сот шешімін керексінетін санкциялардың өзге де түрлерін сот құзіретіне беру қажеттігін уақыттың өзі талап етіп отыр.

Судьялар тәуелсіздігінің әлеуметтік кепілдіктерін күшейту, адамдардың жеке басы мен бостандығына қол сұқпау құқығын қамтамасыз ету үшін алдын ала тергеу сатысында соттарға қадағалау өкілеттігін беру үшін Қылмыстық-процессуалдық кодекске де өзгерістер енгізу қажеттігі байқалады. Сол секілді  судьялардың тәуелсіздігіне қауіп немесе нұқсан келтіретін жағдайларда олардың жоғарғы сот кеңесіне жүгінуін заң жүзінде реттеу  халықаралық стандарттарға сай келер еді.

Қорыта келгенде, артымызға қарайласақ, мемлекетіміз тәуелсіздігін алғалы бері сот реформаларын жүргізу аясында көп жұмыстар жүргізілді. Олар өзінің тиімділігін көрсетті. Сот жүйесінің абыройын көтеріп, қоғамның сенімі арттыратын мұндай реформалар әлі де жалғасын табады деп  үміттенеміз.

Е.С.Қосмұратов

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының  судьясы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × three =