Әділ сот – ашық қоғам тірегі

0 32

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан судьяларының VІІІ съезіне қатысып, делегаттар алдында сөз сөйледі. Бейне конференция режимінде өткен жиынға еліміздің бүкіл өңірлерінің судьялары, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Президент сөйлеген сөзінде сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, бүкіл қоғам да мүдделі екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі пандемия кезінде еліміздің сот жүйесі күрделі сынақтан өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, карантинге қарамастан азаматтардың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Ақпараттық технологияның арқасында сот процесін қашықтан жүргізу форматына жедел көшірдік. Бұл ұтымды әрі оңтайлы шара болды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысындағы бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Әсіресе, бұл олқылықтар пандемия кезінде анық байқалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға баса мән берілгенін еске салды. Оның пікірінше, сот жүйесіндегі үдерістерге, ең алдымен, азамат, кәсіпкер, инвестор мүддесі тұрғысынан қарау керек.
Мемлекет басшысы сот жүйесін реформалау саласында айтарлықтай ілгерілеу болу үшін судьялардың кәсібилігіне, сот төрелігі мен сот ісін басқарудың сапасына негізделген түбегейлі жаңа тәсілдерге бет бұру керек деп санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін бірқатар басымдықтарды айқындады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әділ сот төрелігі және азаматтардың сот билігіне деген сенімін арттыру міндетті шарт болу керек.
– Отандық және халықаралық сарапшылар судьялардың әлі де болса, соттар мен сот алқаларының төрағаларына тәуелді деп санайды. Бұл – тиімсіз тәжірибе. Бұдан құтылу қажет. Судьялардың құқық қорғау органдарына тәуелділігі – түйткілді мәселе. Судьялардың тәуелсіздігіне қатысты ешкімде күмән болмауға тиіс. Азаматтар, кәсіпкерлер және инвесторлар қазақстандық судьялардың бейтарап әрі әділ шешім шығаратынына сенімді болуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент судьяларға БАҚ және әлеуметтік желілер тарапынан қысым жасалатын жағдайлардың да кездесетініне назар аударды.
– Тергеу әлі жалғасып жататын, істің сотқа берілмеген кездері болады. Ал кейбір журналистер мен блогерлер жағдайды ушықтырып, сот шешімін алдын ала болжай бастайды. БАҚ-тың жариялылығы, ашықтығы сотқа қысым жасау құралы ретінде мүлде пайдаланылмауы тиіс. Әділдік сот залында және сот процесінің қорытындысы бойынша ғана орнауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіби судьялар корпусы барша сот реформаларының шешуші факторы екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сот үдеріс­терін оңтайландыру және дау-дамайларды шешу барысында бітімгершілік тетіктерін енгізу мәселесіне де назар аударды. Осы мәселенің маңызы сот үдерісінде бюрократияның алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, сот ісіндегі рәсімдерді шектен тыс регламенттеу процестердің ұзаққа созылуына алып келеді және қоғам тарапынан әділ сынға ұшырайды.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, аталған міндеттерді тиімді шешу арқылы сот жүйесіндегі оң өзгерістерге қол жеткізуге болатынын және азаматтардың сотқа деген сенімі арта түсетінін атап өтті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one + fourteen =