Әділ Ахметов әлемі

0 45

– Біз бүгін ұлт мұратының бүгіні мен келешегіне қызмет ететін үш бірдей құнды кітаптың тұсауын кескелі отырмыз. Бұл мазмұнды әрі зерделі зерттеулердің авторы – ортамызда отырған белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов, – деді тұсаукесерде Мемлекеттік хатшы.– Көрнекті ғалымның ойлы оқырманға арналған «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары», «Колумб дәуірінен бұрынғы америкалық үндістердің алтайлық тегі», «Ғасырлар ғибраты» атты еңбектері қазақ руханиятының бай қазынасын еселетіп, жұртшылықтың ғылыми құндылықтарға деген құрметін бірден арттырып отыр деуге әбден болады. Хакім Абай: «Адамның адамшылығы бастаған ісінен білінеді» демекші, табиғатында зерттеу тақырыбын талғаммен таңдап, кіріскен соң тереңнен қазып, түбірлі әрі түбегейлі нәтижеге қол жеткізбей тыншымайтын Әділ Құрманжанұлының бұл салада ізденіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды, – деді Ұлттық кітапханада өткен іс-шараға арнайы келіп қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Ғалым түркі тілдерінде табу мен эвфемизмдер бойынша докторлық диссертация қорғап, көмескіленіп бара жатқан ұғымдарды жаңғыртты. Яғни арғы түбі бір түркі әлемінің білімі мен тарихына терең бойлап, Азияның бір қиырындағы сахалардан бастап, Еуропадағы гагауыздарға дейінгі аралықта мекендейтін 40-қа тарта түркі халықтарының ырым-тыйымдарын ғылыми бағытта жүйелеп берді.
– Әділ Құрманжанұлы – америкалық үндістердің түркі халықтарымен туыстық және жаһандық геосаясаты сияқты қажырлы қайрат пен маңдай терді талап ететін күрделі тақырыптарға батылдықпен барған дарынды ғалым. Халықаралық терминде табу деген ортақ ұғымды білдіретін ырым-тыйымдар барша түркі халықтарына тән этномәдени және этнолингвистикалық құрылыс екені белгілі. Ғалым осы тыйымдардың түпкі мәнін, құрамын Таурат, Інжіл тәрізді киелі кітаптардан іздеп, жалған сөйлемеу, біреудің ала жібін аттамау, ысырапқа жол бермеу сияқты адамзатты ізгілікке баулитын жүздеген әдеп-қағидалар мен тәлім-тәрбиелік құндылықтарды жинастырды, – деді Мемлекеттік хатшы.
Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізген іс-шара барысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кітап авторының еліміздің ғылым мен білім саласына, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев сыртқы саясатының қалыптасуына сіңірген еңбектеріне кеңінен тоқталып өтті.
Ал Әділ Ахметов «Түркі әлемінің ырым-тыйымдары» атты кітабының бірінші бөлімі тыйымдарға, екіншісі тыйым ұғымдарының сөздігіне арналғанын айтады.
– Бұл Якутиядан бастап Гагауызға дейінгі түркі халықтарының тыйымдарын қамтиды. Ал екінші ғылыми арнам америкалық үндістердің алтайлық тегіне арналып отыр. Осы тақырыпты зерттегеніме 30 жыл болды. Міне, бүгін зерттеу нәтижесінде 285 беттік кітаптың тұсауы кесіліп отыр. Кітап Түркияда түрік тілінде де шығып жатыр. Үшінші кітап геосаясатқа байланысты. 2018 жылы бірінші, 2019 жылы екінші басылымы шықты. Ал бүгін тұсауы кесілген кітаптың аты – «Уроки столетия». Кітап орыс тілінде жарық көрді. Негізінде, «Ғасырлар ғибраты» деген атаумен қазақша жазылған еді. Оны қазақ тілінен орысшаға Ғосман Төреғұлұлы аударды, – деді Әділ Ахметов.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 1 =