«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әди туралы әскери драма

0 28

Бүгіннен бастап режиссер Бекболат Шекеровтің «1941 жылдың жазы» атты әскери драмасы отандық кинопрокатқа шығады. Картина Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген. 

IMG-20220419-WA0036

«1941 жылдың жазы» – Ұлы Отан соғысына арналған ауқымды көркем фильм. 1991 жылдан кейін Қазақстанда бұл тақырыпта шағын киножобалар мен телевизиялық сериалдар ғана шығарылды. Бекболат Шекеров үшін бұл фильм – режиссерлік дебют.

«1941 жылдың жазы» фильмінде екі негізгі ой бар, көрерменге оны барынша жеткізуге тырыстым. Біріншісі, қазақтар мен қазақстандықтардың бұл соғысқа қатысуы болса, екіншісі, фильмді кеңестік киноның ең жақсы дәстүріне сай қылып жасау» дейді Б.Шекеров.

Фильм фашистер басып алған Беларусь жерінде партизан отрядын алғашқылардың бірі болып басқарған қазақ ғалымы, жазушысы және қоғам қайраткері Әди Шәріповтің жауынгерлік жолы туралы баяндайды. Картинада Шәріповтің өмірінің бір бөлігі көрсетілген – оның алғашқы шайқасынан бастап 1944 жылы жарақат алғанға дейінгі кезең. Бір атап өтерлігі, биыл – Әди Шәріповтің туғанына 110 жыл.

Картинадағы басты рөлді ресейлік актер, ұлты қазақ Азамат Нығманов сомдады. Азаматтың айтуынша, Ұлы Отан соғысы туралы фильмге түсу –  үлкен мәртебе. Актер үшін бұл алғашқы тәжірибе емес. Азамат бірнеше әскери драмаларда, соның ішінде «28 панфиловшылар» атты кинотаспада рөл сомдаған.

Фильмнің түсірілімі соғыс кезінде фашистермен ең қатал шайқастар орын алған жерлерде өтті. Негізгі түсірілім орындары Беларусьте болды, кейбір көріністер Алматы облысында түсірілді.

Баян Асылбекова

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды