«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

ӘДЕМІЛІКТІ БАҒАЛАЙ БІЛЕМІЗ БЕ?

0 398

сурет

Кiшкентай балалар алуан түстi бояуларға құмар келедi. Олардың көпшілігі сурет салуға ерекше ынталы болады. Сондықтан, балдырғандардың әсемдікті сезініп, әдемiлiктi бағалай бiлу қабiлетiн ерте бастан жетілдіру маңызды.

Бұрындары мектептерде эстетика пәнiне арнаулы сағаттар бөлiнетiн. Бұл пән қазiргi кезде жалпы білім беру бағдарламасынан мүлдем алынып тасталды. Ал эстетикалық тәрбиенiң ажырамас бөлiгi саналатын сурет сабағы кезінде сегiзiншi сыныптарға дейiн жүргiзiлсе, қазiр мектептерде оның өзi қысқартылған.

Сурет пәнiнiң оқулықтары әлеуметтiк жағдайы нашар отбасылардың балаларына ғана тегiн берiледi. Қалған оқушылар осы оқулықты сатып алуға мәжбүр. Бiрақ мектептерде қалыптасқан жағдайға байланысты, сурет пәнiн маңызды деп есептемейтiн ата-аналар да баршылық. Сондықтан, олардың бұл оқулықты балаларына сатып әпермейтіні бесенеден белгілi. Тіпті, көптеген мектептерде сурет пәнiн методикалық құралмен қамтамасыз ету базасы жоқ. Ал, қажеттi құралдарды мұғалiмдер өздерi iздестiрiп табуда.

Жоғары оқу орындарында өнер тарихын тереңдетiп оқыту да өз деңгейiнде емес. Өнертану мен өнер тарихы пәндерiне бөлiнген сағаттар мүлде аз. Бейнелеу және мүсiндеу өнерi факультеттерiнiң басы-қасында жүргендердiң айтуынша, бiлiктi өнертанушы ұстаздардың жетiспеушiлiгi, өнер тарихы мен өнертануға қатысты оқулықтардың аздығы байқалады.

 «Әлемді әдемілік қана құтқарады» демеуші ме еді. Ендеше, балаларды әдемілікті бағалай білуге баулудан неге қашқақтаймыз, түсінбеймін.

 

Айтолқын КЕРІМҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды