Әдемі қартаю да – ғанибет

0 329

Әкем марқұм Ақтөреш Бейсенбаев 1906 жылы туған. 16-17 жасында мұнай өндіру саласындағы еңбек жолын ең төменгі қызметтен бастап, кейін соғыс кезінде жаңа мұнай көздерін ашып, бұрғылау шебері атанды. Біздің бала кезімізде көлік тапшы, бір ұжымға бір ат беріліп, соны жетектеп келе жатқанда балалықпен алдынан жүгіріп шығып, атқа мінейін десек, «бұл үкіметтің аты, мінуге болмайды» деп түсіндіретін. Мұнай саласында қартайғанша адал еңбек етті.

Ол бұрғылау жұмыстарын Доссор, Ескене мұнай алаңдарынан бастаған. Тереңөзек мұнай алаңында ең бірінші мұнай тапқан менің әкем деп мақтанышпен айта аламын. Он шақты мұнай фонтанын іске қосты. Адал еңбегінің арқасында мұнай фонтанын ашқан орынға әкемнің ескерткіші қойылды. Соғыстағы танктер мен ұшақтар үшін жанармайдың көп мөлшерін өндіру керек болды. Бұл талапты орындау оңайға түскен жоқ. Соғысқа дейін, соғыс кезінде еңселі еңбегі бағаланып, «Ленин», «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Осы жоғары атақтарды өзінің қарапайым еңбегімен, ешкімге жалтақтамай, адал еңбегімен жеткен жетістігі деп білемін. Әкеміздің берген тәлім-тәрбиесі маған өмір бойына азық болды. Анам – үй шаруасындағы адам. Бала тәрбиесі анамыздың қолында болды. Бақыттың кілті әйелде екенін ерекше атап өткім келеді. Жарым Гүлжан екеуміз сол кісілердің берген тәлім-тәрбиесімен осы күні немере, шөберелерімізді тәрбиелеп отырмыз. Балаларымызды еңбекке баулып, қатарының алды болуға ұмтылдырдық.
Өмірге әкелген 5 баламның бәрі үмітімізді ақтады, бәрі жоғары білімді, жұмыс істеген жерінде құрметке бөленіп келеді. 3 қызым, 2 ұлым мен 18 немере, 2 шөбере сүйіп отырмыз. Еңбек еткен мұнай-газ саласында еңбегіміз бағаланып, Елбасының Жарлығымен жұбайым екеуміз Қазақстан мұнайының 100 жылдығына орай «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталдық. Бүгінде зейнеткерміз, жасымыз 75-ке таяп қалды. Отауласқанымызға 52 жыл толды. Әдемі қарттық иесіміз деп айтуға болады, қарттығымыз әсем қала елордада өтіп жатыр. Кенже ұлым Серіктің 4 ұлы Дубайда білім алуда, болашақта алған білімін еліміздің даму жолында пайдаланар деген үміттемін. Бір немерем Вашингтонда оқыды, кейін құрылыс компаниясында экономист болып жұмысқа орналасты. Немерем Нұрболат – белгілі футболист. Өзім әлі спорттан қол үзгенім жоқ. Қыста коньки тебемін, жазда велоспорттан қала жарысына қатысып, 5-ші орын алдым. Жұбайым екеуміз таңертең Есіл жағалауында жүгіреміз, жаттығу жасаймыз. Бүгінде үстел теннисі үйірмесіне барамын. Әдемі қартаюдың құпиясы адал еңбек пен спорт деп білемін. Барша ардагерлерді, зейнеткерлерді Қарттар күнімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасы-әулеттеріңізге амандық, Отанымызға бақ-береке тілеймін!

Алтас БЕЙСЕНБАЕВ,
Жазушылар одағының мүшесі,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 × 3 =