«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әдебиеттің бағыты бағамдалды

0 290

Әдебиеттің жер жаһанға, адамзатқа ықпалы қандай? Бүгінгі әлемде әдебиет қайда бағыт алды? Әр елдегі қаламгерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы қай деңгейде? Қалам ұстаған қауымды не толғандырады? Жекелеген ұлттар әдебиетінің жағдайы қандай? Осы және басқа да мәселелер Астанада екі күнге жалғасқан «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумда талқыланды. Бірнеше ел қаламгерлері жиынын Қазақстан Жазушылар одағы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына арнап ұйымдастырды. Біз осы басқосуда қозғалған бірқатар мәселені баяндамашылардың өз сөздерімен беруді жөн көрдік.

КІТАП НАРЫҒЫ КЕРЕК
Төлен ӘБДІК, жазушы (Қазақстан):

– Қазіргі әлемдегі әдебиеттің жағдайы қандай? Бұл сұраққа нақты жауап беру мүмкін емес. Қазақ әдебиетіне келсек, меніңше, қазір оның әлем тілдеріне аударылуы ең өзекті мәселе болып отыр. Кеңес заманында да тамаша шығармалар жазылды. Бірақ біз әлемдік әдеби аренаға шыға алмайтынбыз. Қазір тәуелсіз ел атансақ та, өз қазанымызда қайнап отырмыз. Алайда сең қозғалды.
Бүгіндері үздік шығармалар ғана аударылуы тиіс. Аударманың көркемдік деңгейі өте жоғары, түпнұсқаға мейлінше жақын болу керек. Бізде тұпнұсқадан, мәселен қазақ тілінен ағылшын немесе француз тілдеріне шығарманы аударатын адамдар жоқтың қасы. Сондықтан жолма-жол аударманы пайдаланамыз. Бұл аудармадан аударма жасау болып кетеді. Мұның өзі проблема туындатады.
Елімізде кітап нарығы жолға қойылмаған. Баспалар кітап шығарудан табыс таппайды. Олар тапсырыс арқылы аз тиражбен шығарады. Кітап саудасына бас ауыртпайды. Ал автор кітабы шыққанына мәз. Кейінгі кезде қаламақы мәселесі талқыланып, шешіліп жатыр, бірақ онда да күрделі мәселелер бар. Автор бұл жағдайда құқығын жоғалтады дегенді, тағы басқаны естідік. Бірақ бұл – басқа әңгіме. Бізге кітап нарығы керек, ондағы өтімді тауар – жақсы кітап.

ЖАНРЛАР АРАЛАСЫП КЕТТІ
Гун-Аажавын АЮУРЗАНА, ақын (Моңғолия):

– Қазіргі әдебиеттің түрлену жылдамдығы мамандарды таңғалдырады. Жанрларды анықтаудың өзі мүмкін болмай барады. Бүгінгі поэзияда нағыз өлең қайсы, халтура қайсы, ешкім айырып болмайды. Оқырмандар талғамды, ал авторлар стильді жоғалтты. Моңғол мен қазақ әдебиеті бұрын биліктің ыңғайына қарай жазылатын. Сол кезде оқырмандар талғамы есепке алынбайтын. Бірақ онда жанрлардың бәрі өз орнында тұрды. Кез келген кітап жарық көрерде оның жанры анықталатын. Оқырман сол арқылы кітапты қабылдайтын.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында жанрларды анықтау қажеттілігі жойылды. Басқа елдерді білмеймін, Моңғолияда содан кейін кейбір жанрлар жоғалды. Бұрын поэзияда негізгі үш жанр – өлең, поэма және өлеңмен жазылған роман болды. Проза да әңгіме, повесть, романға бөлінетін. Қазір бізде поэма, өлеңмен жазылған роман жазылмайды. Повесть Батыстың ықпалымен роман болып аталып кетті. Қоғамдық-сыни мақалалар деректі проза болып аталатын болды. Бір сөзбен айтқанда, жанрлар араласып кетті. Өлең мен толғану – поэзиядағы медитацияға, өлең мен мақала – эссеге, әңгіме мен ойлану – философиялық әңгімеге, роман мен мақала немесе роман эссе деректі романға айналды.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЕҢ АЛДЫМЕН ҚАЗАҚТАРДЫ КӨТЕРСІН
Мейірхан АҚДӘУЛЕТ, ақын, публицист (Қазақстан):

– Қанша «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампитар» дегенімізбен, әдебиетіміздің қадірі қашыңқырап бара жатқаны рас. Көп оқимын, өзім үшін, не үшін өмір сүріп жатқаным үшін, әдебиеттегі тенденцияларды білу үшін. Содан білетінім, дәл біз сияқты томаға-тұйықтыққа салынып жүргендер жоқ. Біз көп мәселеде тыйым салынған кеңес заманында да ұлы әдебиетімізді қалыптас­тырдық емес пе? Кейін жаңа заман келді. Алайда соңғы 20-25 жылда қазақтар кітап оқуды қойдық.
Өз арамызда әдебиет туралы айтпайтын болдық, жазған адамның бәрі гений, оған бір нәрсе айтсаң өзара айтыс басталады. Біз бүгін билікке ренжиміз, ал кешегі кеңес билігі тұсында жаңбыр-жаңбыр­дың арасында жүріп, әдебиетті әдемі көтердік емес пе? Ал бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын барынша пайдаланайық. Сөйтіп, әдебиеттің жауапкершілігін күшейтейік. Әдебиетке дарынды жастар келе жатыр, бірін білсек, бірін білмейміз. Себебі бір-бірімізді оқымаймыз, ал бізге бірінші кезекте рухани бірлік, рухани сүйеніш керек, әркім қолынан келгенін жазсын да, халыққа ұсынсын.
Біз әлеммен салыстырғанда кішкентай халықпыз. Әдебиетіміз, мәдениетіміз көп елден басым. Бірақ бізден басым елдердің әдебиетіне еліктейміз. Көбінесе өз атымыз шыға бермейді. Қазір шығармамыз басқа тілге аударылса, соған мәз боламыз. Осындай жиналыстарда «кітабым бәлен тілге аударылды» деп мақтанамыз. Қазақ әдебиеті ең алдымен қазақтарды көтерсін. Әдебиетіміз керемет аспандап тұрса, өзге ұлттар өздері іздеп келіп, аударып алады. Бізде үлкен потенциал бар. Бастысы, жастарды жасытып алмайық.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды