Әдебиеттанудың қамқор әкесі

0 166

Көрнекті филолог-ғалым, академик Зәки Ахметовтың туғанына – 85 жыл

3 мамырда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде  «Зәки Ахметовтың ғылыми зерттеулері және қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Халықаралық дейтін себебіміз, оған өзіміздің филолог ғалымдарымызбен қатар, Қазан федералдық университетінен, Түркияның Еге (Эгей) университетінен, Қырғызстанның Тіл және әдебиет институтынан келген ғалымдар қатысып, Зәки Ахметовтың  тұлғалық қасиеті, сөз өнерінің теориясына, қазақ өлеңінің құрылысына,  әдебиеттану әдістемесіне, Абайтану мен Әуезовтануға қомақты үлес қосқан  ғалымдығы турасында терең  пікірлер, тебірентерлік естеліктер айтты. «Астана ақшамы» газеті тағылымды басқосуда айтылған жақсы пікірлердің бір парасына газет бетінен орын беруді жөн көрді. 

Уәлихан Қалижан, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі:

Өзімді Зәки мектебінен шыққандар санатына қосамын

– «Дүние бұраңдаған бір қисық жол» дегендей әр адамның тағдырында тосын, күрмеуі қиын жағдаяттар болып жатады. Менің де өмірімде сондай сәт болған. 1999 жыл. «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторлығынан кетуге тура келді. Бірақ адамның сағын сындырмайтын, тағдырын арашалайтын, ғазиз басын төмендетпейтін ғылым екен.
Көптен бері жинақталып, тараулары түгел жазылып қойған докторлық жұмысымды тартпадан шығардым. Академик ағаларым Рымғали Нұрғали, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахметов үшеуі есімді жиғызды.

– Баспалармен тығыз жұмыс істе. Әр тарауың жеке-жеке тақырып, соларды кітапша етіп бастыр. Сонан соң біріктіріп монография шығарасың, – деді академик Зәки Ахметов. Осы кездесу Зәки ағаны туған ағамдай жақындастырып жіберді. Өзімді Зәки мектебінен шыққандардың санатына қосамын. Диссертациялық жұмысымның бір тарауы ұлы Абайдың діни-рухани көзқарастарына, діни ағартушылығына арналып еді. Сондықтан осы тұста академик Зәки Ахметовтың Абайдың ақындық әлеміне арналған монографиясын көздің майын тауыса оқыған болармын. 1995 жылы жарияланған «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуін жиі қолға алып, ғылыми ойымды түзеп отырамын. Зәки Ахметов Абайтану жолында ең әуелі Ахмет Байтұрсыновтың сөздерін көшбасшы етіп алады. Абайды да сынап-мінегендер аз болмапты. Мысалы, Ыдырыс Мұстамбайұлы деген біреу «Абай өлеңдерінің кейбіреуі нашарлау, бостау келеді» деп сынапты. Ол «Интернатта оқып жүр», «Соқтықпалы-соқпақсыз жерде өстім», «Мен келмеске кетермін түк өндірмей» деп келетін өлеңдерді мысалға алып, «кемеліне келе алмай кеткен ақын» деп қорытады. Міне, осы сынға айтылған Зәки Ахметовтың пікіріне назар аударалықшы: «Түк өндірмей кетермін дегені, әрине, қоғам өмірін өзгертпек болған, заманды түзетпек болған деген мағынада айтылған. Оның үстіне поэзиядағы ақынның сөзі, лирикалық тұлғаның атынан айтылған сөз астарлы терең мағыналы келеді. Оны тұп-тура жадағай түсінуге болмайды» дейді ол. Сол сияқты 1923 жылы Ғабдырахман Сағди деген сыншы «Ақжол» газетінде «Абай» атты мақала жариялап, мадақтай отырып, ұлы ақынға «өлеңдерімен адамзаттың өзінен безгендігін аңғартады» деп сын тағады. Ал Зәки Ахметов оны басқаша түсінеді: «Абай халықтың мұңын мұңдап, өмірде әділетсіздік, қиянатшылдық көп деп налыған болса, оны өмірден тарығушылық, күйректік деп сынау мүлдем орынсыз…» дей келіп, Мұхтар Әуезовтің 1922 жылы жазылған «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» мақаласынан: «Абай өлеңдерінде сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ. Оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінген көз ашықтық бар, дәлелдеп ауруын тауып, емін айтқан шырақтық бар…» деген дәйек келтіреді.

Абдылдажан Ахматәлиев,
Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик:

Қазақ-қырғыз әдеби байланысының алтын көпірі

– Біз қырғыздар қазақ елімен арадағы мәдениет, әдебиет тұрғысындағы қатынастарды сөз қылғанда, негізінен үш тұлғаны – Шоқан Уәлихановты, Мұхтар Әуезовті, Зәки Ахметовты айрықша атаймыз. «Прозаиктердің бәрі Гогольдің шинелінен шыққан» деген сөз бар емес пе, сол сияқты қырғыз әдебиеттанушы ғалымдарының бір парасы, оның ішінде өзім де бармын, Зәки Ахметовтың шинелінен шыққан жандармыз. Ол кісі энциклопедист ғалым еді. Алғаш рет 1980 жылы таныстым. Менің «Шыңғыс Айтматов және қырғыз-қазақ әдеби байланысы» деген кандидаттық диссертацияма оппонент болды. Кейін 1991 жылы Зәки Ахметов, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтердің пікіріменен докторлық диссертациямды қорғадым. Ол кісі өмірінің соңғы сәтіне дейін, яғни 2002 жылға дейін Қырғызстан Тіл және әдебиет институтының диссертациялық кеңесіне мүше болып, жүзден астам ғылыми еңбектің қорғалуына септігі тиді. Дүниеден озар алдында да, Бішкекке ғылыми кеңестің жұмысына қатысып, қайтарында «Енді мен келемін бе, келмеймін бе, бір Алла біледі. Бұдан былай арамызды жастар жалғасын» деп тілек айтып еді. Бес жылдан кейін тоқсан жылдығы атап өтіледі. Сол кезде біраз ғылыми еңбектерін қырғыз тіліне аударып, кітап қылып шығармақ ойымыз бар.

Құлбек Ергөбек,
А.Иассауи атындағы қазақ-түрік университетінің проректоры, ф.ғ.д:

Бейсенбай Кенжебаевтың талантты шәкірті

– Біз Зәки Ахметовтың шәкіртіміз, екінші жағынан ол кісі біздің университетте де төрт-бес жыл профессорлық қызмет атқарды, оқу орнының беделін көтеруге ықпал етті. Зәкеңнің бір ұстазы, қауырсын қанат балапан кезінен баптаған тәлімгері Бейсенбей Кенжебаев еді. 1943-1944 жылы болуы керек, он бес жасар Зәки ҚазГУ-ге келген. Қасында бір жолдасы бар. Екеуі математика факультетінің хабарландыруын қарап тұр екен. Бейсенбай Кенжебаев филология факультеті деканының міндетін атқарушы екен. Ол кезде журналистика факультеті филологияның бір бөлімі ғана еді. Бейсенбай Кенжебаев көріп қалып, балалардан жөн сұрайды.

– Ұлттық аспаптарда ойнай аласың ба? Өлең-жырды ұнатасың ба? – деген сұрақтар қояды. Зәкең скрипкада ойнайтынын, өлең жазатынын айтады. Содан Бейсекең жармаса кетеді. Сөйтіп, Зәки Ахметов шешімін өзгертіп, филология факультетіне құжаттарын тапсырыпты. Тағы бір деталь. Университет бітіргенде, Зәкең «Абайдың эстетикасы» деген тақырыпта диплом жұмысын қорғаған. Мұқаңның ыждаһаттылығын білесіздер, бағаны сәл-пәл төмендетіп қою туралы әңгіме жүргенде, тағы ұстаздық беделін салып осы Бейсекең сөз ләмін айтқан екен. Әрі жиырмаға тола қоймаған Зәкеңе диплом бірден берілмей, бір жыл күтуге тура келеді. Сол кезде Бейсекең өзінің жолдасы Ғалым Ахметов деген аудармашы ағамыздың қолына тапсырып, баспаға жұмысқа алдыртады.

Диплом алғасын, алғашқы ғылыми еңбегі «Қазақ өлеңінің құрылысы» деген тақырыбын осы Бейсенбай Кенжебаев ұсынған. Тағы бір дерек, Ленинградтағы Шығыстану институтының профессоры, атақты түрколог, ескі досы Сергей Ефимович Маловпен табыстырып, аспирантураға түсіреді. Соғыстан кейін елдің еңсесі енді-енді тіктеліп келе жатқан шақ. Аспирантура әрқандай себептермен екі-үш ай тоқтап қалған кезде, Бейсенбай Кенжебаев ағамыз Зәки Ахметовтың соңынан ақша салып тұрған екен. Мұндай қамқорлықты бүгін қай ұстаз жасайды? Бұл естеліктерді мен Бейсенбай Кенжебаевтың күнделігінен алып отырмын. Дәл сондай әкелік қамқорлықты Зәкең кейін қазақ әдебиеттануына қосылған жас толқынға көрсетті. Мысалы, 1995 жылы менің докторлық диссертациямды осы Зәки Ахметов ағамыз екі сөзге келмей оқып берген еді.

Дайындаған Еділ Бөкеев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 + 14 =