«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әдебиет шаһарының әкімі

0 233

Қазақ әдебиетінің классигі Ә.Тарази Астана тұрғыны болғаны – елордалықтар үшін биік мәртебе. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың 85 жылдық мерейтойына арналған «Әдебиет шаһарының әкімі» атты әдеби кеші өтті. Бұл кеш III Халықаралық оқу конгресі аясында өткендіктен оған алыс-жақын елден келген қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысып, сарабдал суреткердің өнегелі өмірі мен шығармашылығы жайында тағылымды сөз өрбітті.

Қазақ әдебиеті тарихында «алпысыншы жылғылар» деген әдемі тіркес бар. Бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке үлкен сілкініс, соны ізденіс әкелген буынға қарап айтылған. Кеңес қоғамының ұзақ жылдардан кейінгі түрлі қиыншылықтан қажып, сәл жылымық орнаған кезеңінде келген толқынның заманға деген, өмірге деген, әдебиетке деген көзқарастары жұртшылықты жалт қаратты. Сондықтан оларды ел әлі күнге дейін жадынан шығармайды.
Міне, осындай талантты буынның арасында Әкім ағамыздың да орны бөлек болды. Алғашқы «Құйрықты жұлдыз» повесімен жарқ ете қалған сөз зергері проза саласында өнімді еңбек етті. «Бұлтқа салған ұясын», «Тасжарған», «Кен», «Басынан Қаратаудың» және тағы басқа кітаптары жарыққа шықты. Бұл жинақтардан жазушының ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасын көресіз. Оның кейіпкерлері үнемі қоғамға, ортаға қарсылық танытып, психологиялық күйзелісті бастан кешіп жүреді. Ақыры, сол жолда өз-өзін құрбандыққа шалады. Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай туралы алғаш роман жазған да – осы кісі. Кейін автордың сценариімен танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов кино түсірді. Суреткердің драматургия саласындағы еңбегі де – бір төбе. Қазақ руханиятындағы кенжелеп қалған осы жанрды кәсіби биікке көтерді. Оның «Күлмейтін комедия», «Жолы болғыш жігіт», «Жақсы кісі» атты пьесалары кеңес заманында жазылса да дәл бүгінгі күннің боямасыз бейнесін берген шығармалар деуге болады. Айтулы тұлға сонау елуінші жылдардың ортасында Мәскеудегі сценаристердің жоғарғы курсын тәмамдаған. Бұл болашақ қаламгердің кино саласына келуіне әсер етті. Ұлттық киноның қазынасына айналған «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш оқиғасы» секілді көркем фильмдердің сценарийін жазды. Ұзақ жылдар «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, Қазақстан Кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы болды.
Әдеби шара барысында біз сөз еткен жазушының осы қырлары кеңірек баяндалды. Тізгінді ұстаған қабырғалы қаламгер Төлен Әбдік әдеттегі дәстүрді бұзып, кешті мерейтой иесімен ашық-жарқын әңгімелесу түрінде өткізді. Суреткер қоғам, уақыт, әдебиет туралы сұрақтарға жауап берді. Әдебиетке бірге келген достары туралы жан тебірентерлік естеліктер айтты.
«Мен 1933 жылы өмірге келдім. Бұл елімізге төнген алапат аштықтан кейінгі жыл еді. Халқымыз сол кездері үш адамның екеуінен айырылды. Қиналған шағымыз көп болды. Бірақ қазақ қиындықты жеңді. Әкем аудандық оқу бөлімін басқарып тұрғанда өз еркімен әскерге кетті. Мәскеуден Берлинге дейін барды. Алпысыншы жылдары кеңес одағының мәдениетке көзқарасы өзгерді. Біз сол жылдары әдебиетке келдік. Сол кезде қоғамға риза болмай жүретінбіз. Соны шығармаларымызда астарлап көрсеттік. Менің кейіпкерлерімнің бәрі де соңында құрбан болады. Адамды түзететін, тәртіп орнататын полиция емес, оның жаны, жүрегі» деп мерейтой иесі әріден сөз қозғады.
Әбдікұлы әдебиетке Таразидың ізін басып келгендігін әңгімеледі. «Әкім ағамыздың 85 жасқа келіп отырған мерейтойы – әдебиет қауымы үшін жеңіс. Өйткені сексен түгілі елуге жетпеген кешегі алаш азаматтары мен өзіңіздің бақиға аттанып кеткен достарыңызды айтсақ та болады. Сондықтан сіздің біздің алдымызда жүргеніңіз ел үшін де, біз үшін де – үлкен олжа. Қаламгердің Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбеков, Ақан Нұрманов, Рамазан Тоқтаров деген жаны жайсаң достары болды. Бұл кісілердің арасындағы достық, сыйластық ертегі секілді көрінетін» деп өткен күндерге ой жүгіртсе, прозашы Дулат Исабеков: «Біз әдебиетке Әкім Тарази, Әбіш Кекілбаевтан кейін келіп, олардың алғашқы шығармаларын қызығып оқыдық. Әзілмен әдіптелген шығарма өміршең болады. Кейде бір сұрғылт бояудан тұратын дүниені оқудан жалығасыз. Әкімнің Қалиханның әдебиетте образын жасағаны есімнен кетпейді. Тура болмысын суретпен салып бергендей. Жазушының «Құйрықты жұлдыз» повесі мен «Мұстафа Шоқай» романы да әсерлі жазылған. Әкім Тарази мен Сәкен Жүнісовтің кезінде драматургияға келуге көп қаламгер жүрексінді. Жап-жас кезінде «Күлмейтін комедия» пьесасын жазды. Ол одақтың «Театр» журналына басылды. Құр басылып қойған жоқ, сол төңіректе айтылған сөздер болды. Бір сәтті жазылған шығарманың өзі сені халыққа тез танытады. Отандық кино саласына да еңбегі сіңді. Оның сценариіне түскен көркем фильмдерге көрермендер көп жиналатын» деді ол.
Одан кейін сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков қаламгердің кісілік, шыншылдық қасиеттеріне тоқталса, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы інілік лебізін білдірді. Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы арнау өлең оқыды. Кеш соңында Әкім Тарази жиналғандарға алғысын айтты.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды