Әдеби марафон басталды

0 96

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай жазған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын зерделеуге арналған іс-шара өтті.«Біз Абай жолындамыз!» деп аталған шараға университеттің білікті академик ғалымдары, студенттер қатысты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов бұл мақала ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына жан-жақты дайындықтың бастауы екенін атап өтті. «Мақала қарапайым тілмен жазылса да, онда терең ойлар мен бағыттар ұсынылған. Өкінішке қарай, біз осы күнге дейін Абайға терең бойлай алмай келеміз. Әсіресе, кеңес заманында Абайды халыққа жақындатқан жоқ. Оның поэзиясын ғана ұсынды. Оның өзінде де дін, мұсылмандық, билік, байлық туралы айтқан өлеңдері мен сөздерін жеткізбеді. Айналып келгенде, Абайдың ғылыми биографиясын жазуға да мүмкіндік берілмеді. Оның барлығы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының алғашқы нұсқаларының өзін шығармай, идеяны таптық-партия­лық принцип төңірегіне әкелмейінше қабылдаған жоқ. Біз Абайды сол роман төңірегінде ғана біліп жүрдік» деді Ерлан Сыдықов.
Сонымен қатар, Абайдың XXI ғасырдағы рөліне де тоқталған ол жастарды Абай арқылы өзін тануға шақырды. «Қазіргідей ақпараттар ағыны молайған шақта жастар қандай бағыт ұстауы керек? Елдік қасиеттерімізді сақтай аламыз ба? Ұлт болып ұйысамыз ба? Тілімізді, ділімізді сақтай аламыз ба? Әлде сырттан келген дүдәмал құндылықтарға еріп кетеміз бе? Кеше шыққан мақаланың негізгі ой-бағыты, концептуалды тұжырымы «Бізге бағыт беруші кім?» дегенге жауап беріп отыр. Ол – ұлы Абай. Абайға қайтадан келейік, Абайдың ойы мен өміріне көңіл бөлейік. Сол арқылы өзіміздің жолымызды анықтайық. Осылайша ұлы Абайдың бізге жол көрсетуші, бағыт беруші екендігін осы мақала меңзеп отыр. Олай болса өзінің кезекті мерейтойы­мен Абай бізге тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Осы мақала арқылы Абайға тағы зер салып, бойтұмар етіп ұстап, өмірлік стандартымызға айналдырайық» деді ректор.
Шараға қатысқан Ғарифолла Есім, Намазалы Омашұлы, Мұхит Сыдықназаров сияқты ғалымдар «Ұлттық болмыс­тың үлгісі», «Жаңа қоғамның жанашыры» сынды тақырыптар төңірегінде ой толғап, өз ойларын ортаға салса, студенттер Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов бейнесін сомдап, ұлы тұлғалардың шығармаларын оқыды. Айтыскер-ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы ұлы Абайды кеңінен насихаттаудың ұтымды жолдарын ұсынып, университеттің ­ұйытқы болуымен өткізілуге тиісті шараларды атап өтті. Сонымен қатар, ректор Ерлан Сыдықов «Абай жолы» романынан үзінді оқып, жаңа челлендж бастап, эстафетаны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановқа, әнші Димаш Құдайбергенге және боксшы Серік Сапиевке жолдады. Ауқымды марафонға Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жиыр­ма мыңнан аса студенті мен екі мыңға жуық профессор-оқытушысы және сала қызметкерлері үн қоспақ. «Бұл шараға Қазақстанның ең алыс түкпіріндегі оқырмандар мен шетелде тұратын қандастарымыз да белсене қатысады деген сенімдеміз» деді университет өкілдері.

Қалиакбар ҮСІМХАНҰЛЫ

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры,
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты:

ҰЛЫ ОЙШЫЛДЫҢ ИДЕЯЛАРЫНА МӘН БЕРУІ – ДАМУДЫҢ НЕГІЗІ

– Ел Президенті қазақтың ұлы ақыны, ойшыл-философы, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейто­йына арналған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Қазақстан халқын ұлы Абайдың мұралары мен еңбектерін қайта зерделеу, парасат-пайымын қажетімізге жаратуға шақыра отырып, қазақ қоғамын дамытудың алдағы жүзжылдықтағы маңызды басымдықтарын айқындап берді.
Ұлан-ғайыр жер мен бай табиғи ресурс­тарды иеленген Қазақстан дамудың жар­қын болашағына ие. Бірақ оны игеру үшін елімізге сапалы дамыған адам капиталы қажет. Бұл жөнінде кезінде Абай дөп басып айт­қан. Қоғамның интеллектуалды қуатын қалыптастыру мен арттыру, адам капиталы идеясын дамытуды Президенттің өз мақаласына арқау етіп алуы кездейсоқтық емес. Ұлы ойшыл еңбектерінде ғылым мен білімге аса мән беруі – дамудың негізі осылар екендігін түйсінгендігінде. Осыны ұғына отырып, біздің Президентіміз ­Қасым-Жомарт Тоқаев білім жүйесін модернизациялау реформасын қолға алды.
Бүгінде бұл тек сөз жүзінде ғана емес, нақты қадамдарға, ұлттық білім беру ісі мен отандық ғылымды қолдау мен дамытуға бағытталған шынайы бағдарламалардың жүзеге асуына сеп болып отыр. Нәтижесінде өткен жылы бакалавриат пен магистратураға бөлінетін мемлекеттік гранттың үлесі артса, оның ішінде техникалық, аграрлық және ақпараттық технология­лар мамандығына гранттар саны көбейді. Биылғы оқу жылынан бастап бөлінген мемлекеттік гранттың құны 349-дан 778 мың теңгеге дейін өсті, өз кезегінде бұл ­ЖОО-ның материалдық базасының жақсаруына және кадрларды дайындау сапасының жоғарылауына әкелді. 2025 жылы мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды 10 есеге арттыруды көздеп отыр. Нәтижесінде отандық ғалымдардың ғылыммен алаңсыз айналысуына және елімізде біліктілігі жоғары кадрларды дайындауға даңғыл жол ашылатыны сөзсіз.
Біз мемлекет беріп отырған бар мүмкіндіктерді толығымен пайдалануымыз керек. Айта кетерлігі, Президент мақаласындағы көтерілген идеялар алдымен біздің жастарымыз­ға бағытталған.
Мақалада Абайдың «Толық адам» тұжырымын және оның тұлғаның қалыптасу идеясын негізге ала отырып Президент жас ұрпақтың алдына маңызды міндеттер қойды, яғни білімді, мәдениетті, зиялы, адмгершілігі жоғары адам болып қалыптасу.
Тек осындай адам ғана мемлекеттің, қоғамдық, болмаса отбасылық-тұрмыс­тық өмірдің іргелі қорғаны бола алады. Бұл тұрғыда жоғары оқу орындары ұстаздарының міндеті – студенттерді өзін-өзі жетілдіруге талпыну, сонымен бірге жаһандану жағдайында рухани-адамгершілік құндылықтардан айырылмау сынды ұлы Абайдың өмірлік ұстанымдарын басшылыққа ала отырып тәрбиелеу.

Ауыт МҰҚИБЕК, ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

АБАЙ ЖОЛЫ АДАСТЫРМАЙДЫ

– 20 наурызда президенттік қызметіне кіріскен ­Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда алғашқы сапарын қазақ мәдениетінің, тарихы мен руханиятының орталығы саналатын Түркістан қаласынан бастауы, ал екінші сапарында Абай туған Семей өңіріне ат басын тіреуі жұрттың ерекше ықыласын тудырып еді. Міне, соның бәрі бүгін қорытылып, тарихи мақаланың арқауына айналып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып отырып, Шыңжаңда туып, сол жақта өмірден өткен қазақтың көрнекті ақыны Бердібек Құржықаевтың «Қазақтың Алласы мен Абайы – бір!» деген өлеңі ойыма оралды. Әрине, ақындық шабытпен айтылған астам сөз. Бірақ Абайға деген сүйіспеншілігі мен құрметін жеткізу үшін ақын осындай қадамға барған.
Дау жоқ, қазақтың бір тоқтайтын жері – Абай сөзі! Егер әр қазақ өзіне Абай көзімен қараса, Абай нұсқаған бағытпен жүрсе, біздің ұлт ешқашан адаспайды және ешкімге қор болмайды.
Президент мақаласының қай тұсы да мені бей-жай қалдырған жоқ, тамсанып оқыдым. Әсіресе, «Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді. Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып» дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс» деп, біздің қоғамның бүгінгі тамырын дөп басқан.
Қысқасы, Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі болмысымызға Абаймен жауап беріп, ертеңгі болашағымызға Абаймен жол сілтеді. Сөйтіп қазақ билігіне Абай келді. Бұл – қазақ арманының орындалуы.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, енді әр қазақ өзіне «Абай бізге нені аманаттады? Абай бізден нені талап етті? Абай бізден нені күтіп еді? Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сол сүйінген ісінен үйрене алдық па? Абай қазақтың қай ісіне күйініп еді? Сол күйінген ісінен жирене алдық па? Басқасын былай қойғанда, ақын айтқан бес асыл істі жүзеге асырып, бес дұшпанды бойдан қашырып жатырмыз ба?» деген сұрақты күн санап емес, сағат сайын қойып отыруы керек. Міне, нағыз «Рухани жаңғыру» енді басталды!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + two =