Адамзаттың ардағы Абай ақын

0 51

Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеді,
Қай асылды қу тірлік жүдетпеді.
Абай жайлы ойласам жабырқаймын,
Ақтара алмай мұңымды жүректегі.

Жан таба алмай түсінер қамығамын,
Дос таба алмай сырласар жабығамын.
Ақыл берер, жөн сілтер қара сөзің,
Көңіліме тоқимын, жазыламын.

 

Асқақ еді таусылмас ақ арманым,
Сағым қуып, сенделіп неге алдандым?
Абай жырын оқысам зейін қойып,
Ұққандаймын сырларын бұл жалғанның.

Сен жұлдызсың көгімнен ғайып болған,
Сыйдырмаған тар заман айыпты оған.
Қазынасың сарқылмас қазағымның,
Кетсе дағы бір күні байып қоғам.

Басынан өтті ғасыр дүрбелеңі,
Соңынан иттер шауып, үрген еді.
Сонда да керуені тоқтамады,
Тұлпар боп алда озып жүрген еді.

Халқына қадірлі еді, сүйікті еді,
Жырымен, әндерімен биіктеді.
Мәңгілік елін сүйген дана Абай,
Өзіңсің өлеңімнің кейіпкері.

* * *

Жаны ашып, елі үшін еңіреген,
Жүрегі дүрсіл қағып, елжіреген.
Дөңбекшіп, түн ұйқысын төртке бөліп,
Елеңдеп Абай, уайымдап, тебіренген.

Тас түнек билеп алған қараңғылық,
Қазақты басып-шаншып, надан қылып.
Күштілер зәбірлеген кедейлерді,
Көрсетіп тойымсыздық, жаман қылық.

Жұрт сонда жаутаң қағып қарайлаған,
Жасынан ол адал еді, ар ойлаған.
Халқына қолын созып, араша боп,
Жөнсізге тоқтау салған Абай бабам.

Жасаған әлсіздерге қиянатын,
Әдепсіз байлар үшін ұялатын.
Сөзімен орақ тілді, от ауызды,
Тұлға еді дау-жанжалды тыя алатын.

Ісіңмен алға тартқан кемелдендім,
Арысы, мақтанышы ерен елдің.
Қазақтың бар қайғысын арқалаған,
Уақыттан озып туған кемеңгерім.

Қайысқан қабырғасы қара нардай,
Ниеті кір шалмаған аппақ қардай.
Әнімен әлдилеген ұлы Абайды,
Келеміз күллі әлемге таныта алмай.

* * *
Тіл қата алмай кездескенде сөзбенен,
Ұғыныпты бірін-бірі көзбенен.
Екеуінің махаббаты лаулаған,
Ыстық еді, ерекше еді өзгеден.

Абай бірден есі кетіп ұнатқан,
Сылаңдаған Тоғжан ару гүл атқан.
Шарпып демі, магниттей тартады,
«Абай аға, армысыз!» деп үн қатқан.

Сұлу сондай, ешкім оған тең келмес,
Тыным таппай, осыншама сенделмес.
Дегдар ақын ғашық болды Тоғжанға,
Ол да адам ғой, ынтықтықтан кенде емес.

Тәрбиелі, инабатты, ибалы,
Перизатпен жолыққанда қиналды.
Жаны нәзік, айдай сұлу Тоғжанды,
Жүрегі ауырып, бөтен жанға қимады.

Мұндай махаббат ешкімде де болмаған,
Мәңгі-бақи гүл секілді солмаған.
Екі ғашық қосыла алмай кетті ғой,
Аянышты, соны ойлап толғанам.

Жанарында тұнып тұрған бар арман,
Селт еткізер жарқылымен қараған.
Тоғжан сұлу ғашық қылған Абайды,
Сол махаббат аңыз болып таралған.

Кім кінәлі, теңсіз қатал заман ба,
Билік тиген байлыққа ие жаманға.
Тоғжанды аялаған қадірлеп,
Сүйсінемін ұлы Абайдай адамға.

* * *
Мұңлы екен-ау өткеннің мұң-зары да,
Бірақ соны кер заман тыңдады ма?
Адамзаттың ардағы Абай ақын,
Қосыла алмай кетіпті Тоғжанына.

Әнге айналып «Көзімнің қарасына»,
Тарап кеткен қалың ел арасына.
Ах ұрумен көз жұмған қайран ақын,
Ем таба алмай ғашықтық жарасына.

Әспеттеген қазақтың даласында,
Сіңіп қалған көңілдің санасына.
Әлі күнге шырқайды осы әнді,
Асқақтатып үлкені, баласы да.

Өмірінде ешкімге тең көрмеген,
Тоғжан артық, сұлу да өзгелерден.
Ынтықтығы мәңгілік басылар ма,
Сүйіктісін қастерлеп, төзген екен.

Ән қылып, көңіл көлін тасыттырған,
Пернесін жүрегінің басып тұрған.
Не деген бақытты еді Тоғжан сұлу,
Абайдай асыл жанды ғашық қылған.

Есенгелді СҮЙІНОВ, ақын,  Жазушылар одағының мүшесі

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 5 =