Адамзат тарихындағы ауыр індеттер

0 88

Өткенге көз жүгіртсек, адамзат жер бетінде талай рет қауіпті эпидемиялардың таралуынан зардап шеккен. Түрлі өркениеттер дәуірінде қанша жанды жалмаған жаһандық індеттермен күресу және оларды жеңу жолындағы қадамдар адам баласын, керісінше, күшейте түсті. Жалпы, ауру вирусының таралу қаупі мен адамзатқа келтірген шығыны жағынан әлемді әбігерге салған он шақты індет бар. Олар араға бес-он жыл, кейде жарты ғасыр салып қайталанып отырады екен.Бірінші ауыр індет – бубон обасы

Адамзатқа келген ал­ғашқы қауіпті пандемия «бубон обасы» деген атпен тіркелді, оны «Юстиниан обасы» деп те атайды. Бұл індет византиялық Юстиниан император билік еткен жылдары шығып, сол кездегі өркениетті әлемнің барлық аумағын қамтыған еді. Бубон обасы Қытайдан жетіп, бірінші рет Еуропаны шамамен біздің эрамызға дейінгі 540 жылдары шарпыды делінеді. Ал кейбір деректер бойынша обаның тарау ошағы – Эфиопия мен Мысыр. Артынша ауру сауда-саттық арқылы Константинопольге, одан әрі солтүстік, оңтүстік және шығыс Византияға жеткен. Соған қоса Солтүстік Африка, бүкіл Еуропа елдері, Орталық және Оңтүстік Азия, Араб елдері де дерттің құрбаны болған. Асқынған дерт құрлықты екі ғасырдай уақыт әуреге салды. Сол кездегі грек жылнамашысы Прокопий Кесарийский шыңына жеткен оба ауруы Константинопольде күн сайын 10 мыңдаған адамның өмірін жалмағанын жазады. Тіпті өлгендерді жерлейтін жер жетпегендіктен, мәйіттер көшеде жататын болған. Тұрғындар өз туыс­тарын жерлеуге қорыққан. Юстиниан обасынан өлгендердің нақты саны әлі күнге белгісіз. Алайда тарихшылар оны адамзатты қырғынға ұшыратқан ең қауіпті дертке жатқызған. Екі жүз жылдың ішінде қазіргі есептеу бойынша шамамен 25-50 млн адам осы обадан опат болған. Ол кезде бұл жер шарындағы халықтың төрттен біріне тең деуге болады.
Аса қауіпті зоонозды табиғи ошақты карантиндік жұқпалы аурудың өкпелік, ішектік, тері-бубондық, септикалық түрлері болады. Адамға жанасу, ауа тамшылары және алиментарлық жолмен, сонымен қатар тасымалдаушылар – бүргелер арқылы жұғады, табиғатта түрлі кемірушілер арқылы таралады.

«Қара өлім» – екінші шарпуы

Обаның тарихтағы екінші пандемиясы жылнамаларда «қара өлім» деген атқа ие болған. Бұл тіркестің ауру белгілеріне қатысы жоқ. Алайда обаның бұл түрін жұқтырып, қайтыс болған адамдардың денесі қарайып кететін болған. Оның таралу шыңы 1346-1353 жылдарға келеді, сөйтіп екінші рет індеттің жер бетіндегі таралуы XIX ғасырға дейін созылды. Ол Еуропа мен Азияға бірдей тарады. Жұқпалы дерт миллиондаған адамдардың өмірін жалмап, ажал құш­тыр­ды. Тарихшылар бұл жолы да оның Қытайдан таралғандығына сендірді. Оба вирусы Жібек жолы арқылы таралып, алдымен Қырымға, сосын бүкіл Еуропаға жеткен. Әлем халқы сол кезде 475 млн-ға жуық адамды құраса, «қара өлім» осы санды 350 млн-ға дейін азайтты. Адамзат баласына халықтың бұрынғы деңгейін қайта толтыру үшін екі ғасырдан астам уақыт керек болды. Аурудың аз көлемде таралуы Еуропада XIX ғасырға дейін, ал АҚШ-та 1908 жылдарға дейін жал­ғасты.Жер бетін жайлаған испан тұмауы

1918 жылы әлем халқы Бірінші дүниежүзілік соғыс­тан енді ес жия бергенде, H1N1 деген атпен жаңа вирус таралды. Бұл ауру жер бетінің түкпір-түкпіріндегі, тіпті ең шалғайдағы тұрғындарын да қамтып, 500 млн адамға жұқты. Аурудан ажал құшқандардың жалпы саны – 50 млн адам, ал кей деректік есептеулерде 100 млн адамға жетті делінеді. 1919-1920 жылдары мектептер мен театрлар жабылып, тіпті олардың бірқатары мәйітхана ретінде қолданылған.
Ашық дерек көздерінде аталған вирустың таралу ошағы Франциядағы әскерлердің полктік лагері делінеді. Алайда тұмау бәрібір де «испаниялық» деп аталады. Себебі ол дәуірде бейтарап Испанияда газеттер әскери кезеңнің цензурасынан азат еді. Сондықтан олар қауіпті вирустың таралуы туралы жылдам жаза бастады. Сондай-ақ бұл дертті Еуропадан Латын Америкасы мен АҚШ-қа барған испаниялық азамат таратқан деген дерек бар. Бірақ Испания тұмау тараған алғашқы мемлекет емес. Аурудың ошағын анықтау мүмкін болмаған. Кей деректер бойынша испан тұмауы алғаш АҚШ-та тіркелген. Басқа деректер бойынша індет Қытайдан басталып, АҚШ-қа қытайлық жұмысшылар келген соң тарай бастаған. Ғаламды шарпыған дерт адамзатқа қалай аяқасты келген болса, дәл солай жоқ болып кетті. Испан тұмауы адам баласын ең ауыр шығынға батырған қауіпті эпидемия деп саналады.

Шешекті жеңген адамзат

Шешек ауруын қоздырушы вирусты адамзат баласы толықтай күресіп, жоя алған жалғыз ауру болды. Алайда 1960 жылдары басталған егу шаралары арқылы аурудың толық бетін қайтарғанға де­йін дерт ХХ ғасырда шамамен 300 млн-ға жуық адамның өмірін жалмады. Вирус тарихы ежелден келе жатқаны белгілі еді. Оның іздерін Ежелгі Мысырдағы мумиялардың мата үлгілерінен тап­қан. Ауру бірінші рет біздің заманымызға дейінгі V-VIII ғасыр аралығында Шығыс Азия аймағында байқалған. Шешекке шалдыққан Қытай мен Кореяның халық саны төрт есе азайып, жапондардың 40 пайызы жойылып кеткен. XVIII ғасырға дейін шамамен 400 мың еуропалық жыл сайын осы шешек ауруынан көз жұмып отыр­ған. Ал өлмегендері соқыр немесе ұсқынсыз кейіптегі адамға айналған. Деректерге сүйенсек, шешек ауруы вирусын жұқтырған ең соңғы адам 1977 жылы өліпті.

Иммун тапшылығы вирусы

Адамның иммундық жү­йесін зақымдайтын вирус жұқтырған жағдай бірінші рет 1981 жылы 5 шілдеде АҚШ-та тіркелді. Келесі жылдың соңында бұл елде ауру жұқтырған 771 адам тіркелді. Сол жылы вирустан 618 адам мерт болды. Бүгінде шамамен жер бетінде 40 млн-ға жуық адам АИТВ, яғни адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған. АИТВ ауруды жұқтырған адамның қаны мен адам денесіндегі басқа да сұйықтықтар арқылы жұғуы мүмкін. Ең алғаш рет бұл ауру Африкада пайда болған деп есептеледі. Себебі бұл құрлық ең көп зардап шеккен өңірге жатады. Қазіргі таңда аурудың дамуын бәсеңдетіп, науқастардың дұрыс өмір сүруіне мүмкіндік беретін терапиялық әдістер бар.

Құс тұмауының қаупі

Құс тұмауының вирусы алғаш рет XX ғасырдың басында Италияда анықталған. Бастапқыда ол ұзақ уақыт бойы адамдар үшін қауіпсіз деп есептелінген. Құс тұ­мауының вирусы жабайы және үй құстарында, жылқыларда, шошқаларда кездеседі. 2003 жылы Вьетнамда, Камбоджада, Қытайда, Индонезияда, Лаоста, Пәкістанда, Кореяда, Таиландта, Тайвань мен Жапонияда тарады.
Жабайы құстар, әсіресе, суда жүзетін үйрек, қаз, аққу және т. б. әдетте құс тұмауымен ауырмайды, бірақ індеттің таралу көздері болып табылады. Құс тұ­мауының вирусын адамдардың алғаш жұқтыруы 1997 жылы Гонконгта тіркелген. Онда құс тұмауы вирусының Н5N1 түрімен 18 адам науқастанып, алтауы қайтыс болған. Осы уақытқа дейін вирустың адамнан адамға жұғуы анықталмаған. Сыр­қаттанғандардың бәрі ауруды құстардан жұқтырған. Вирустың мутациялық өзгерістерге ұшырауына байланысты оның вируленттігі күшейген.

Тырысқақ – ішек ауруы

Адамзатқа қауіпті ішек инфекциясы ретінде ежелден белгілі холера, яғни тырысқақ ауру туралы Гиппократ пен Цельстің жазбаларында да кездеседі. Әдетте науқас ауру кезінде денедегі сұйықтықты көп мөлшерде жоғалтып, нәтижесінде ішек жолы аурулары асқынады.
1816 жылы қазіргі Бангладеш аймағында алғашқы холера індеті басталды. Ағылшын әскерилері мен миллиондаған үнділік, Ява аралының жүзден аса тұрғыны дерттің құрбаны болды. Ғасыр ортасында аталған дерт Ресей аймағына жетеді. Кейін Германия, Франция, Ұлыбританияға таралады. Көп ұзамай инфекция шекара асып, АҚШ және Канада аймағына жетеді. Нәтижесінде 250 мың адам қайтыс болады. 1860 жылға таман жойылды деп саналған вирус қайта пайда болады. 1920 жылға дейін дерт 10 миллион адамның өмірін жалмайды. Соңғы рет пандемия 1962 жылы байқалады. Одан ке­йін тек бір реттік жағдайлар ғана тіркелген.

Шошқа тұмауының зардабы

Пандемия оты 2009 жылы наурыз айында тұтанды. H1N1 алғаш рет сол жылы сәуір айында Калифорния­дағы 10 жастағы қыздан табылды. Басқа қауіпті пандемиялармен салыстырғанда шошқа тұмауына әлемдік денсаулық сақтау саласының алып заманауи жүйе­сі қарсы тұра алды. Бірақ соның өзінде ол адамзатқа ажал құштыру саны жағынан артта қалмады.
Шошқа тұмауының вирусы бұрыннан белгілі H1N1 штамының бір түрі болатын. Дәл осы инфекция 1918 жылы испан тұмауының тұтануына себеп болған еді. Аталған вирустың басқа мутациялары 1958 және 1968 жылдары азиялық тұмау эпидемиясының таралуына әкеліп, әлемде миллиондаған адамдарды өлім құштырды. Алайда одан өлгендер саны салыстырмалы түрде аз болды. ДСҰ 2009 жылдың маусым айында шошқа тұмауын жаһандық пандемия деп жариялады. Қазір бұл ауру қалыпты маусымдық тұмау деп саналады.

Масадан тараған малярия

Anopheles тобына жататын масаның ұрғашы түрі шаққан кезде берілетін жұқпалы ауру – малярияны ХХІ ғасырдың басында жылына 350-500 миллион адам жұқтырған. Соның ­1,3-3 миллионы көз жұмған. Алдағы 20 жылда адам өлімінің саны екі есе ұлғаяды деген болжамдар бар. Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының соңғы мәліметтері бойынша малярия ауруын жылына 124-283 миллион адам жұқтырып, оның 755 мыңға жуығы қайтыс болған. Дегенмен 2000-2013 жылдардағы көрсеткіш бойынша маляриядан қайтыс болған адамдардың саны 47 пайыз­ға қысқарған. Аурудың бұл түрімен Оңтүстік Сахара аймағының 85-90 пайызы ауырған, көбіне 5 жасқа дейінгі балалар жұқтырған.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven − seven =