Адами капиталдың басты өлшемі – білімде

0 54

Осымен үшінші рет Ұлттық кеңестің отырысы өтті. Отырыстың негізгі тақырыбы – білім мен денсаулық. Қазақстан өзін тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап әлеуметтік мемлекет деп жариялап және сол бағыттан еш айныған емес. Тәуелсіздігіміздің барлық кезеңінде адами капиталдың сапасын арттыру күн тәртібінен түскен жоқ. Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің 2017 жылғы қаңтар айындағы Жолдауында да «адами капиталды дамыту – заман талабы» деген болатын. Ұлттық кеңесте көтеріліп отырған мәселе Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы саясатын жалғастырушы тұлға екенін көрсетті.Адами капиталдың басты өлшемі білімде екені – баяғыдан белгілі аксиома. Елімізде білім сапасын арттыру саласында бірқатар ілгері істер атқарылуда. Өткен жылы баршамыз күткен «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Заңда ұстаздарға бірқатар әлеу­меттік жағдайлар қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы педагогтардың тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде соңғы 3 жылда ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңмен көтерілетінін айтқан болатын. Мемлекет басшысының осы тапсыр­масы дер кезінде орындалуда. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының педагогикалық мамандардың мәртебесін арттыру мақсатындағы жаңа «Халық алғысы» марапатын енгізу мәселесі уақытылы көтерілді.
Қоғамда ұстаздың мәртебесін көтеру арқылы ғана білімге деген көзқарасты өзгерте аламыз. Мемлекет басшысының педагогикалық кадрларды даярлау үшін арнайы педагогикалық жоғары оқу орындарын құру туралы идеясы өте орынды деп ойлаймыз. Өйткені жаһандық жағдайда ұлттық құндылықтарды жоғалтып алуымыз мүмкін. Сондықтан да ұлттық педагогикалық мамандар ауадай қажет. Сонымен бірге, жоғары оқу орындарын мәртебесіне қарай бағалау идеясы да өте орынды. Педагогикалық университет, институттар, академияларды бұрынғыдай ірі аймақтарда ашу керек.
Баршамызға белгілі, педагогикалық кадрларға деген сұраныс ауылды жерлерде әлі де болса жоғары. Елдегі демографиялық үрдісті ескерсек, бұл мәселе өте өзекті. Сондай-ақ педагогикалық оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қайта жарақтандыру идеясы біздің көңілімізге қонымды. Техникалық-кәсіптік саланың материалдық базасы 60 пайызға ескірген. Бұл жағдайды түземей, сапалы білім беру үлкен күмән туғызады.
Педагогикалық салада оқитын студенттердің стипендиясын 26 мыңнан 42 мыңға көтеру идеясы болашақ мамандар үшін үлкен мотивация болар еді. Сонымен қатар, оқулықтардың сапасын арттыру да Президент назарынан тыс қалмады. Өйткені сапасыз оқулықтар – сапалы білім берудегі ең басты кедергі. Сондықтан да Мемлекет басшысы оқулық жазудағы жа­уапкершілікке ерекше мән берді. Ауыл мен қала арасындағы білім берудегі алшақтықты жою туралы тапсырмасы уақытылы айтылған деп білеміз.
Ел халқының көп бөлігі әлі де болса сол ауылдарда. Оларға лайықты білім беру, оқуға түскен соң олардың әлеуметтенуі – бәрі-бәрі күрделі мәселе болып тұр. Сонымен қатар, сапасыз білім беретін «кеңселерді» жабу керек деген идеясы да орынды. Бұл өз кезегінде жоғары білімнің құнсыз­дануға ұшырауына алып келді. Саны бар да, сапасы жоқ. Жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік гранттардың құнын 340 мыңнан 3 есеге арттыру сапалы кадрларды даярлауға жол ашады деп ойлаймыз. Бұл жоғары білім беру ұйымдарында жұмыс атқаратын оқытушы-профессорлардың жалақысының артуына да себеп болар еді. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындарында жемқорлыққа үлкен тосқауыл қояды.
Қорыта айтқанда, адами капиталдың сапасын арттыру – заман талабы. «Елден елдің артықшылығы – тек білім мен өнерде ғана» деп кезінде Мұхтар Әуезов айтқан екен. Ұлттық кеңес отырысында айтылған ұсыныстар мен Президентіміздің тапсырмалары өміршең болғай деп тілейміз.

Зұлпыхар ҒАЙЫПОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы
мәслихатының депутаты,
саяси ғылымдар докторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × 4 =