Адами капитал әлеуеті артады

0 13

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің пандемия және постпандемия жағдайындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының жақын арадағы және келешектегі негізгі траекториясын айқындап берді.
Бірінші кезекте Президент мемлекеттік басқарудағы жаңа өзгерістерге тоқталды. Пандемия жағдайы еліміздегі билікті басқарудың осал тұстарын байқатты. Осыны ескерген Мемлекет басшысы елімізде жаңа агенттік құруды Үкіметке тапсырды. Агенттіктің мақсатын да анықтап берді. Агенттік мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалайтын орган болуы керек деді.
Сонымен қатар, Президент мемлекеттік қызметкерлердің санын екі жылда 25 пайызға қысқартуды тапсырды. Заманның тез өзгеруін келешек цифрландырумен тікелей байланыстырды. Министрліктердің жанынан құрылған жауапты хатшылар институтын қысқарту керектігін атап өтті. Уақыт көрсеткендей, бұл институт өзіне міндеттелген қызметтің үрдісінен шыға алмады.
Президент мемлекетіміздің қазіргі дамуындағы негізгі 7 басылымдылыққа тоқталды. Осы басымдылықтардың барлығы да бір ғана мәселеге, яғни адами капиталдың сапасын жақсарту арқылы Қазақстан халқының әлеуетін арттыруға бағытталады.
Адами капиталдың әлеуетін арттыру үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен білім мен ғылымға, адам денсаулығы мен оның қоғам алдындағы жауапкершілігіне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Білім саласын цифрландыру үрдісін жалғастыруды тапсыра келе, Мемлекет басшысы Үкіметке жақын уақытта азаматтарды қашықтан оқыту үшін Ұлттық платформаны жасауды, сонымен бірге, жаңа жылдан бастап педагогтардың жалақысын тағы да 25 пайызға көтеруді тапсырды. Осы арада жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында қосымша 1000 грант берілетіндігін мәлімдеді. Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев «диплом басумен айналысатын» сапасы төмен жоғары оқу орындарын бұдан әрі де білім нарығынан ығыстыруды ел Үкіметінің басшысына ерекше шегелеп тапсырды.
Тұрғын үй мәселесі де Жолдауда назардан тыс қалмады. Осы мақсатта мемлекеттік бюджеттен 390 млрд теңге бөлінгеніне тоқтала келе, Мемлекет басшысы арендалық тұрғын үй құрылысы саясатының одан әрі де жалғаса беретінін мәлімдеді. Сол үшін де жаңадан «Отбасылық банктің» ашылғандығы және тұрғын үймен қамту саясатына бөлінген әрбір тиын мемлекеттің бақылауында екенін тағы да шегелеп ескертті. Сонымен қатар, Президент 2021 жылдан бастап еліміздің азаматтары Бірыңғай зейнетақы жинақ қорындағы қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй мен денсаулығын жақсарту мақсатында пайдалануға болатындығын, ол үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге қажет болған жағдайда өзгерту енгізуді тапсырды.
Мемлекет басшысы Жолдауда жастарға да ерекше назар аударды. Өмірге жеңіл қарамай, аянбай еңбек ету арқылы келешекте мол табыс пен бақытқа қол жеткізуге болатынын жастарға нақты мысалмен түсіндіріп берді. Адам құқығы да Жолдауда ерекше мәнге ие болды. Жаһандану мен интернет жүйесінің тым қарқын алған заманында адамның ар-ожданын қатаң сақтау керектігіне тоқталды.

Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
Жоғары көлік және коммуникация
колледжінің директоры,
Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =