«Адамға табын, жер, енді!»

0 60

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде Ғарышкерлер күніне орай «Адамға табын, жер, енді!» атты халықаралық көрме ашылды. Айтулы шара Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы мен тұңғыш космонавт Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуының 60 жылдығы және Тоқтар Әубәкіровтің ғарыштағы сапарына 30 жыл толуына арналды.Көрменің ашылуында Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат сөз алып, мазмұнды шараның ғарыш әлеміне алғаш жол салған тұғырлы тұлғалардың ерліктерін дәріптейтін айрықша оқиға екендігін атап өтті.
– Бүгінгі ауқымды жобаны Елбасы кітапханасы Қазақстан, Ресей және Украина ұйымдарымен серіктестік негізде жүзеге асырып отырмыз. Көрмеге ғаламшардың басты ғарыш айлағына айналатын Ұлы даланың өркендеу кезеңін қамтыған бірегей құжаттар мен жәдігерлер ұсынылды, − деп сөзін қорытты Бақытжан Темірболат.
Көрме атауы көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің адамзат баласы ғарышты бағындырғанда жалпақ әлемнен сүйінші сұраған «Адамға табын, жер, енді!» поэмасынан алынғаны бекер емес. Сондықтан да асқақ рухқа толы туынды көрменің негізі арқауына айналды. Іс-шара барысында Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменов онлайн үндеу жолдап, поэманың жазылуы мен аңызға айналған Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқаны жайындағы естелігімен бөлісті.
– 12 сәуір күні таңертең газетте менің «Адамға табын, жер, енді!» деген өлеңім жарық көрді. Юрий Гагаринге арналған осы өлеңім мыңдаған түрлі-түсті парақшаға жазылып, ұшақ арқылы Алматы аспанынан жерге «шашылды». Сонда адамдардың бойын бір ғана қуаныш, бақыт, болашаққа деген үміт сезімі биледі. Осы көңіл-күйдің әсерімен мен өлеңімді жалғастырып, бір апта ішінде тұтас поэма жаздым» деген ақын өз поэмасынан шағын үзінді оқып берді.
Сондай-ақ көрмеге Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Бородавкин қатысып, қос мемлекет арасындағы ынтымақтастық аясында ғарыш саласындағы жетістіктерді көрсетуге үлкен жұмыс атқарылғанын айтты.
– Алғашқы «Восток» ғарыш кемесін ұшыру және аспан әлемін одан әрі игеру қазақ жеріндегі «Байқоңыр» ғарыш айлағынан басталды. Осы жерден Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ұшты, оның ғарыштағы алғашқы сапарының 30 жылдығын біз осы жылы атап өтеміз. Ғарышты бағындырған қос қазақстандық Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтың есімдері әлемдік ғарышкерлер тарихына жазылды. Әрине, «Адамға табын, жер, енді!» жобасы гуманитарлық саладағы Ресей-Қазақстан байланыстарының қарқынды дамуының жарқын айғағы, – деді Ресей елшісі.
Көрме «Жер жағалауы», «Жер. Байқоңыр ғарыш айлағы», «Жер. Алғашқылардың уақыты» атты үш тақырыпқа бөлінген. Оның негізгі бөлігі бұрынғы резиденцияның конструктивті шешімі бойынша бірегей «Күмбезді» залында – жоғары деңгейдегі мемлекетаралық кездесулер өткен, оның ішінде ғарышты игеру мәселесі де қаралған тарихи орында орналасқан.
Сонымен бірге іс-шара кезінде Украинаның Житомир қаласындағы С.П.Королев атындағы Ұлттық космонавтика музейі өкілдері мен Мәскеу қаласындағы Ю.А.Гагарин атындағы космонавтика музейінің атынан Кеңес Одағының Батыры, КСРО ұшқыш-ғарышкері Александр Лавейкин көрмеге қатысушыларды ғарышкерлер күнімен құттықтап, бейнеүндеу жолдаса, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының әртістері «Адамға табын, жер, енді!» атты музыкалық-поэтикалық қойылым көрсетті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 14 =