Адам жүрегін ауыстырды

0 117

Астаналық дәрігерлер әлем медицинасының ең ірі жетістігі саналатын жүрек ауыстыру операциясын өте сәтті жүзеге асырды.

Бұл Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығының басқарма бастығы, еліміздің жетекші кардиохирургі Юрий Пяның командасы мен отандық медицинаның қауқарын айдай әлемге танытқан операция болды.

Әлемдік статистикаға сүйенсек, ағзасын ауыстырған жандар ең аз дегенде 10-15 жыл өмір сүреді. Тіпті, әлемде 40 жыл­ға дейін өмір сүрген адам бар көрінеді.

Алланың сәтін салғаны шығар, жүрек дертіне шалдығып, небәрі жарты жылдай ғана өмірі қалған қостанайлық Жәнібек Оспановтың көрер жарығы бар екен.

Бас-аяғы алты сағаттай уақытқа со­зыл­ған операция кезінде Жәнібектің дім­кәс жүрегінің орнына инсульттен көз жұм­ған 46 жасар Галина Воротникова есімді әйелдің жүрегі салынды.

Ең қуаныштысы сол, донор жүрегі Жәнібекті жатсынбай бүлк-бүлк етіп соғуын жалғастыра берді. Айтпақшы, марқұм Галина Воротникованың бүйрегі ауыр науқас Евгений Курц есімді азаматқа трансплантталды. Қазір екі азамат та аяғынан тұрып, аттай шауып кетті.
Медицинадағы бұл қадам Мемлекет басшысын да бей-жай қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде: «Орыстың баласы анасының жүрегін қазаққа берді, бүйрегін неміске тапсырды. Операцияны ұлты кәріс азамат жасады. Бұл Қазақстан халқының бірлігін көрсететін оқиға болды» деп бағалады.

Ал, сауапты істің жаршысы болған дәрігер Юрий Пяның еңбегі еленіп, V жалпыхалықтық «Менің Қазақстаным» патриоттар форумында «Биікке ұмтылған Қазақстан» премиясының лауреаты атанды. Жыл дәрігері атанып, «Алтын Адам-2012» сыйлығына ие болды. Тәуелсіздік күніне орай Елбасының қолынан «Парасат» орденін алды. «Ерім» дейтін қазақтай елі барда, «елім» дейтін Юрийдей азаматтардың арамыздан әлі де талайы шығары анық.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − four =