Адам саудасы – сүйекке таңба

0 31

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі Қылмыстық заңнамаға енгізілген түзетулер заңды күшіне енді. Солардың арасында адам саудасы, кәмелеттік жасқа толмағандарды сатуға қатысты баптар да бар. Сәл шегініс жасасақ, Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркү­йектегі Жолдауында: «Біз заңнамамызды ізгілендіру ісіне көбірек мән беріп, азаматтардың негізгі құқықтарын назардан тыс қалдырдық. Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатыс­ты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламент пен Үкіметке тапсырамын» деп мәлімдеді. Үш айда Үкімет пен Парламент бұл тапсырманы орындады.Адам саудасына қатысты ұлттық заңнамамызға енгізілген түзетулерді Қылмыстық кодекстің бұрынғы мазмұнымен салыстырып көрейік. Мәселен, «Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды сату» деп аталатын 135-бап бұрынғыдан да қатаң жаза қолдануды қарастырады. Егер біреуге сатқан немесе сатып алған бала қайтыс болса, оның өліміне кінәлі адам 18 жылға қатаң тәртіптегі колонияға қамалады. Бұрын осы баптың 4-тармағы бойынша қылмысы дәлелденген тұлға 15 жылға түрмеге жабылатын. «Адам сату» деп аталатын 128-бапқа қатысты да жаза күшейтілді, бұдан былай мұндай қылмыс жасаған адам 3-тен 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ең ауыр жаза – 15 жылдық қатаң тәртіптегі колония бұрынғы қалпында қалды. Алайда осы баптың соңғы 3-тармағы бойынша ең жеңіл жаза мерзімі 2 жылға өсті.

Жеңгетайлықтың айы оңынан туып тұр

Өткен жылы ІІМ «STOP трафик» атты кезекті операцияның қорытындыларын жариялады. Еліміз бойынша тіркелген 48 қылмыстық істің 3-еуі – құлдыққа жегу мақсатымен заңсыз бас бостандығынан айыруға, 2-еуі – адам саудасына, 8-і – жезөкшелікпен айналысуға (со­ның ішінде кәмелеттік жасқа тол­маған балалар да бар) мәжбүрлеуге, 35-і жезөкшелік және жеңге­тай­лықпен айналысуға арналған при­тондарды құру, ұстауға қатысты екен.
2019 жылдың басынан бері Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінің Қылмыстық полиция басқармасының қызметкерлері адам саудасына қатысты 8 фактіні (жеңгетайлық) анықтады. Қылмыс­тық кодекстің 309-бабы (жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйымдастыру мен құру және жеңгетайлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұған қоса, жеңіл жүрісті қыздар интимдік қызмет түрлерін ұсынатын бөлмелерді жалға берген 7 нысанның қожайындарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 450-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Көбінесе пәтерлерді, сауналарды және т. б. жалға беруші қожайындары мен олардың сенімді өкілдері туралы, олардың бөлмелерінің притонға айналғаны жөнінде барлық мәлімет полиция қызметкерлерінің араласуынан кейін анықталатыны рас. Тәртіпке сәйкес, ондай бөлмелердің иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, өткен жылы елордадағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьялары жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа бөлмелерді жалға бергені үшін 5 адамды жазалаған, оларға 1,2 млн-нан аса теңге айыппұл салыныпты.
Өткен жылы Ақмола облысының полиция қызметкерлері 40 жастағы монша кешенінің үйлестірушісін қолға түсірді. Сөйтсе, «еті тірі» әйел моншаға келушілерге жыныстық қатынасқа түсу үшін жас қыздарды жіберіп отырғаны үшін қомақты «сыйақысын» алып келген. Қыл­мыс­тық кодекстің 309-бабының 1-тармағы бойынша жеңгетайлық қызметі және притон ұйымдас­тырғаны үшін моншаның үйлестірушісі мен қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қыз баланы өзінің туысы жезөкшелікпен айналысуға итермелеген. Ол әйел ҚК-нің 134-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қостанай облысындағы Жітіқара ауданының полицейлері 5 жыл бойы 33 жастағы ер адамды құлдықта ұстаған жергілікті тұрғынның қолына кісен салды. Күдікті ҚК-нің 126-бабының 3-тармағы 2-тармақшасы бойынша жа­уапқа тартылды.

75 мың қазақстандық құлдықтың қамытын киіп жүр

Мұндай ақпаратты өткен жылы БҰҰ-ның есірткі және қылмыс бо­йынша басқармасымен бірлесіп екі күндік семинар өткізген ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясы жария етті. Walk Free құқық қорғау ұйымының мәліметі бойынша ғаламшардағы елдердің ішінен адам сатудан, әсіресе, Солтүстік Кореяның тұрғындары жапа шегетін көрінеді. Осы елде 1000 адамға шаққанда 105 құлдан келеді дейді аталған ұйым мамандары. Көшбасшылар үштігіне Солтүстік Кореямен бірге Шығыс Африкадағы Эритрея мен Бурунди кіреді. 2018 жылғы құлдықтың жаһандық индексіне (Global Slavery index 2018) сәйкес, одан кейінгі орындарда Орталық Африка Республикасы, Ауғанстан, Мавритания, Судан, Пәкістан, Камбоджа, Иран орналасқан. Бұл рейтингте Қазақстан 83-орынға тұрақтаған.
Елімізде адам саудасының сәл бәсеңдегенін мынадай статистикалық деректерден де байқауға болады: 2016-2018 жылдары қазақстандық полицейлер адам сау­дасына (2016 ж. – 345, 2017 ж. – 304, 2018 ж. – 276) қатысты қылмыстар бойынша 925 қылмыстық іс қозғапты. Адам сатудың 284 құрбаны анықталған. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда адам саудасымен және соған алып баратын қылмыс­тармен айналысқан 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленген. Біздің азаматтарымыз­ды құлдыққа жегу мақсатымен Қатар, Индонезия, Бахрейн, БАӘ, Түркия және Оңтүстік Кореяға жөнелтпекші болған 7 құл сату желісі жабылды. Ал 2019 жылдың 8 айында елімізде адам саудасы бойынша 141 қылмыстық іс қозғалған. Соның ішінде 59-ы – адамның ағзасы мен тіндерін сатуға, 57-сі – жеңгетайлықпен айналысу үшін притондар құру және ұстауға, 13-і – жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеуге, 8-і – адам саудасына, 2-еуі – кәмелетке толмағандарды сатуға, 1-еуі – еңбегін қанау мақсатымен заңсыз бас бостандығынан айыруға, 1-еуі кәмелет жасына толмағандарды жезөкшелікке тартуға жатады. Өткен жылы еліміздегі 24 адам (бұл – ресми статистика) адам саудасының құрбаны болған.

Нұр-Сұлтанда желі іске қосылды

2018 жылы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында адам саудасы нәтижесінде жиналған заңсыз қаражат ағындарын қайтару желісі іске қосылған. Бұл туралы жоғарыда аталған екі күндік семинарда БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс бойынша басқармасының өңірлік үйлестірушісі Данило Камписи хабарлады. «Әлемде қазір миллиондаған адамдарды қомақты табыс табу мақсатында сатады және заңсыз тасымалдайды. Осыған орай, біз бұл проблеманың түп тамырына терең үңілу үшін тиімді қаржылық барлау мен талдауды пайдалана отырып, қаражат ағындарын бақылауға аламыз. Әңгіме қаржы ағындары жөнінде болғанда қандай қылмыстардың заңсыз табыс табуға негіз болғанын дәлме-дәл айту қиынға соғады. Алайда біз осынау заңсыз айналымдағы активтер қылмыстық топтардың қолына түспеуі үшін қаржы ресурстарын бақылауға тырысамыз. 2018 жылы қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қаражат ағындарын қайтару желісі іске қосылды» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Д.Камписи. БҰҰ-ның өкілі аталған желіге адам саудалаудан түскен қаражатты анықтайтын, жүйелейтін және ақша шыққан елге қайтаруды қамтамасыз ететін сарапшы-мамандар тартылғанын мәлім етті.
Қазіргі кезде адам саудасы ­мигранттар контрабандасы, есірткі және қару-жарақ сатудың заңсыз айналымы сияқты қылмыстарға белсене араласатын қылмыстық топтарға қыруар табыс әкелетін трансұлттық ұйымдасқан қылмыс­тың тез өсіп келе жатқан түрінің бірі болып саналады. Сарапшылардың бағалауынша, «тірі тауардың» шығатын және тасымалданатын жері ТМД (Қазақстан, Украина, Ресей, Молдова, Беларусь) мен Батыс Балқан елдері болса, Еуропалық Одақ негізгі тұтынушысына айналды. Жаһандық құлдық индексіне сәйкес, қазір әлемде шамамен 40 млн-нан аса адам құлдықта өмір сүреді. Жыл сайын адам сатудан түсетін табыс көлемі 150 млрд АҚШ долларын құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды