Адам саудасы алаңдатады

0 16

«Іздеу саламыз!». Ара-тұра кісі қарасы көп орындарға ілінген хабарландыру тақтайшасынан дәл осылай басталатын мәтінді көзіміз шалады. Егер мұндай хабарландырулар арқылы тек қаніпезер қарақшылар мен ұры-қарыларға, алаяқтарға ғана іздеу салынады деп білсеңіз, қателескеніңіз. Өйткені елімізде жыл сайын орта есеппен 2600-дей адам хабар-ошарсыз кетеді. Айдың күннің аманында адамдардың із-түссіз жоғалуының cан түрлі себебі бар. Оның ішіндегі адам саудасының құрбаны болатындардың да қарасы қалың екенін ешкім жоққа шығара алмас.Әрине, құқық қорғау органдары тарапынан кісі саудасының алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілгенімен, оған түпкілікті тыйым салынбай келеді. Жалпы «қара нарықта» адам саудасы өте табысты бизнес саналады екен. Сондықтан мұндай кәсіппен әдетте ұйымдасқан кәсіби қылмыстық топтар айналысады. Тіпті халықаралық деңгейге жеткен топтардың әрбір мүшесі өз қызметін мүлтіксіз атқаруға бейімделгені сонша, көп жағдайда жымысқы әрекетін жүзеге асырғандардың ізін кесу мүмкін болмай жатады. Әрі түрлі жолмен құлдықтан босап шыққандардың бойындағы қорқыныш пен үрей де адам саудасымен айналысатындардың әрекетін әшкерелеуге кедергі болады. Кейде тергеп-тексеру жұмыстарының ұзаққа созылуы да қылмыстың дәл түріне қарсы тұруға кері әсер етуде.
Ақпараттық технология көмегімен адамның әрбір қадамын ғарыштан бақылап отырамыз деген күннің өзінде адамның жоғалып, «қара нарықта» саудалануы күллі әлем елдерін алаңдататын, өзекті мәселеге айналды. Ресми мәліметтерге жүгінсек, әлемде адам саудасының құрбанына айналып, құлдықта жүргендердің саны 40 миллионға жуықтайды. Орта есеппен алып қарасаңыз, бір елдің халқының санымен пара-пар бұл көрсеткіш мәселенің қаншалықты өзекті екенін айғақтай түседі.
Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев та «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында адам с­аудасына қарсы күрес мəселесінің әлі де күн тəртібінен түспейтінін айтқан. Стратегиялық құжатта еліміздің адам саудасы фактісі бойынша әлем елдері арасындағы рейтингісін жақсартудың нақты тетіктері де қарастырылған.
Осыдан екі жыл бұрын елімізде адам саудасымен айналысқан екі қылмыстық топтың мүшелері қолға түскен. Кейіннен олардың бірінің адам ағзасын саудалаумен айналасқаны анықталды. Ал енді бір қыздарды жезөкшелікке тартуды кәсіп қылған. Сонымен қатар қазақстандықтарды Бахрейн, Түркия және Оңтүстік Корея елдеріне саудаламақ болған алаяқтар құрықталған.
Жалпы қазір адам саудасымен күреске құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге түрлі қоғамдық ұйымдар да атсалыса бастады. Бұрнағы күні дәл осы мәселеге байланысты бас қосқан тараптар, еліміздегі адам саудасына қатысты біраз жайтты жіпке тізді.
Адам саудасы туралы айтқанда, көпшілік ең әуелі кісіні шетелге құлдыққа сату жайында ой түйеді. Дегенмен, біздің елдегі адам сау­дасындағы ішкі «нарықтың» өзі бақылауды қажет етеді. Өйткені бізде жыраққа бармай туған елінде табанын тоздырып, құлдықта күн кешетіндер жетіп жатыр.
– Адам саудасы алдау, тасымалдау, жасырып ұстау, құрбандарды қабылдау сынды бірнеше кезеңнен тұрады. Қазақстанда адамдарды еркінен тыс ауылдан-қалаға, қаладан-ауылға апарып құлдыққа салу фактісі көп байқалады. Көбіне құжатсыз, тұратын жері жоқтар және ата-ананың қарауынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар, жұмыссыздар, аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмендер адам саудасының құрбанына айналады. Біздің тәжірибеде мүмкіндігі шектеулі жандарды қинап, қайыр сұрауға міндеттеу сынды жайттар көптеп кездеседі. Мәселен Алматы қаласына мүмкіндігі шектеулі жандарды өзге өңірлерден дәл осындай жолмен алып келеді, – дейді «Халықаралық құқықтық бастамалар» қоғамдық қорының президенті Айна Шорманбаева.
2006 жылдан бастап, адам сау­дасының құрбаны болғандарға пана ұсынып келе жатқан «Родник» орталығы осы аралықта 150-ге жуық адамға көмек қолын созған. Орталықтың көмегімен құлдық қамытынан босап, туған жеріне оралғандардың қатарында Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Орта Азия елдерімен бірге Ресей, Украина, Белорусь, Молдова мемлекеттерінің де азаматтары бар. Оларға орталық тарапынан құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Заңгерлер адамның құқығын шектеп, бостандығына бұғау салғандарды жазаға тартуға тергеу мен сот жүйесіндегі түрлі жағдай кедергі келтіретінін алға тартады.
– Мен «Родник» орталығымен әріптестік байланыс орнатқан 2,5 жыл ішінде бір-екі істің ғана сотқа дейін жеткенін көрдім. Орталық 149 зардап шегушіге көмек көрсетеді. Ал сотқа небәрі 5 іс қана жеткен. Осының өзі адам саудасы бойынша қылмыстық істердің қай деңгейде жүргізілетінін айғақтап береді. Көптеген жәбірленушілер тергеу жұмыстарына қатысқысы келмейді. Өйткені олардың тергеу мен құқық қорғау органдарына деген сенімі жоғалған. Мұны адам саудасының құрбаны болғандары өз «қожайындары» мен полиция қызметкерлерінің арасында жақын қарым-қатынас болғанымен байланыстырады, – дейді заңгер Әсия Қалиева.
Құқық қорғаушы адам саудасында жең ұшынан жалғасқан жемқорлық фактілерінің болу мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Оның айтуынша, адамдарды құлдыққа сатумен айналысқандырдың ісі тергеушіден-тергеушіге беріліп, мән-мазмұнын жоғалтып алатын көрінеді. Тіпті кейде заттай дерек-дәйектерді сақтау ережелері бұзылып, олардың өзі де өзектілігін жойып жатады.
– Мәселен бір істе адам саудасы құрбандарының қиналған даусы жазылған диктофон жазбасы табылды. Бұл жазбаны құрбандардың бірі өздерін қамап ұстаған үйдің шатырында жасырып ұстаған. Алғашында диктофон іске заттай дерек ретінде ұсынылды. Арада 1 ай өткен соң жазбаның орнын үнді әні алмастырып шыға келді, – дейді заңгер.
Дәл осы мәселемен біраздан бері айналысып жүрген үкіметтік емес ұйым өкілдері азаматтарға адам саудасы фактісіне куә болған жағдайда 11616 телефон нөмері арқылы жедел желіге хабарласуға кеңес береді.
– Азаматтар мұндай жағдайға көз жұма қарауға болмайтынын түсінуі керек. Міндетті түрде полицияның немесе сенім телефонының көмегіне жүгінген жөн. Олар кез келген ақпаратқа реакция танытуға дайын. Тіпті анонимді қоңыраулар да назардан тыс қалмайды. Зардап шегушілер көп жағдайда өздерінің мәселелерімен бетпе-бет қалып, өзгелердің назарын аударудан қысылады. Құлдықта болғанын туған-туыстары біліп қояды деп қорқады. Дегенмен, көпшілік адам саудасымен айналысатын қылмыстық топтарға қарсы тұруда полицияның көмегінсіз ешнәрсе өнбейтінін түсінгені абзал, – дейді «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Зульфия Байсақова.
Сонымен адам саудасы әлем елдерімен бірге Қазақстанды алаңдататын мәселелердің қатарына жатады. Сауданың бұл түрі негізінен құлдыққа салу, жезөкшелік қызмет көрсетуге мәжбүрлеу сынды сипат алады. Тіпті кейде адамдарды оның органдарын саудалау мақсатында ұрлайтындар да бар. Айтпақшы, жоғарыда атап өткеніміздей, Президент пәрменімен кісі саудасының көрігін қыздырғандарды мейлінше қатаң жазалауға қолға алынды. 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қылмыс­тық Кодексіне өзгертулер енгізілді. Аталған Кодекстің 8-бабымен адам саудасымен және эксплуатациясымен айналысқандарды дүние-мүлкін тәркілей отырып, 18 жылға бас бостандығынан айырылады.
Заңның қатайып, жауапкершіліктің күшейгені адам саудасына тос­қауыл боларын кім білсін? Әйтсе де бұл істе қоғамның әрбір мүшесінің қырағылық, азаматтық белсенділік танытуы қажет секілді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 5 =