Адам өмірінің сақшылары

0 29

Қазақстанда жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мерекені атап өту туралы Жарлыққа Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы қол қойған. Жанға батқан аурумен алдына барғанда тәнге шипа, жүрекке мейірім нұрын себетін ақ халатты абзал жандардың қадіріне біреу жетіп, біреу жетпейді. Бірақ оларсыз қоғам дертті, ертеңіміз бұлыңғыр болар еді. Пандемия құрметін асырған медицина қызметкерлерінің еліміздегі саны 207 мың адам болса, соның ішінде 55 мыңы – дәрігер.Ертең жексенбіде төл мерекесін тойлайтын еліміздегі ақ халатты абзал жандар Қазақстандағы 496 аурухана мен 1955 амбулаториялық-емханалық мемлекеттік ұйымда ел азаматтарының денсаулығын қорғауға қызмет етеді. Ұлт саулығын сақтау – мемлекеттің алдына қойған маңызды міндеттерінің бірі. Осы міндет жауапкершілігі бірінші жүктелген отандық денсаулық сақтау саласы соңғы 30 жылда өте үлкен өзгеріс­терге түсті. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарындағы қиын кезеңдер артта қалып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарды, бұл медицина саласының дамуына оң әсер етті. Әрине, жетістіктерге мол білім мен мықты тәжірибені қажет ететін медицина қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасында қол жеткізгенімізді атамай өте алмаймыз. Әсіресе, былтыр әлемді індет жайлағаннан бастап медицина мамандарына деген құрмет бірнеше есе артты.
«Бір жыл бұрын болған жағдайды және бүгін неге қол жеткізгенімізді еске түсірсек, коронавируспен күресте аурудың халық арасында таралуын едәуір бәсеңдете алдық. Сіздердің әрқайсыларыңыз осы күрес­ке баға жетпес үлес қостыңыздар. Былтырдан бері медицина саласы қаншама қызметкерін жоғалтты, қателіктер мен жетістіктер қатар жүрген қиын жолдан өттік. Осы күрес­те бірлесіп қол жеткізген жоғары нәтижелер, атқарылған жұмыстар үшін үлкен алғыс білдіремін!» деді мереке қарсаңында дәрігерлерді құттықтаған денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Министрлік басшысы медицина қызметкерлерін, орталық мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау министрлігінің орталық аппаратының, оның ведомстволары мен олардың аумақтық бөлімшелерінің мамандарын ведомстволық наградалармен марапаттады. Денсаулық сақтау саласындағы көп жылғы және жемісті еңбегі, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін сала ардагерлеріне «Еңбек ардагері» медальдері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» наградалық белгілері табыс етілді. Денсаулық сақтау жүйесінің 36 қызметкері мен ардагері марапатқа ие болды.

Бағдарламалар оң өзгерістерге бастады

Тәуелсіздіктің мерейтойы қарсаңы болғандықтан, ақ халаттылардың төл мерекесінде 30 жылда ел медицинасында болған өзгерістерді қысқаша шолып көрдік. Осы аралықтағы ең ірі бағдарламаларға – Қазақстанда 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын реформалаудың мемлекеттік бағдарламасы, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық саласын дамыту бағдарламасы, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы және тағы да басқа салалық бағдарламалар жатады. Бұл мемлекеттік бағдарламалардың басты жетістігі – өмір сүру ұзақтығы 5 жылға ұзарды, жалпы өлім саны 23,1 пайызға, ана өлімі 3 есе, бала өлімі 2,2 есе төмендеді. Қазақстанның «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі қабылданды. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі бойынша ең төменгі стандарттар бекітілді. Жалпы дәрігерлік практика қағидаты бойынша жұмыс істейтін бастапқы медициналық-санитарлық көмек қызметі реформаланды. Жеңілдікпен және тегін дәрімен қамтамасыз ету жүйесі енгізілді. Тәуелсіз медициналық сараптама жүйесі құрылды. 11 ауру түрі бойынша Ұлттық скрининг бағдарламасы енгізілді. Әлеуметтік қызметкерлер институты ашылды. Жалпы практика дәрігерлерінің көлемі 30% арттырылды. Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың нәтижесінде емханалардағы кезек 2 есе қысқарды, медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу емдеу ұйымдарында 99,6% қамтылды. Осы жылдар ішінде денсаулық саласында 400-ден астам нысан салынып, 4000-нан аса медициналық мекеме жөндеуден өткізілген, 75 млрд теңгеден астам сомаға медициналық жабдықтар сатып алынған. Медицина қызметкерлерінің жалақысы 30% өсіп, дәрігерлер тапшылығы 2,7 есе кеміді, университет жанындағы клиникалар құрылды.Халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті

Қазақстанда бірқатар медицина бағыттары дамыған елдердің медицинасымен халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алады. Бізде сондай бірегей медициналық технологиямен жұмыс істейтін ұйымдар қатарында 7 ірі орталық бар. Атап айтар болсақ, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, «Ұлттық ғылыми медицина орталығы, «University Medical Center» корпоративтік қоры, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы – Елбасының бастамасымен салынған ірі медицина ұйымдары. Медицина ғылымының озық жетістіктерін тез меңгерген отандық медицина мамандарының күшімен Қазақстанда осы орталықтарда Орталық Азия өңірі бойына бірінші рет жүректі ауыстырып салу операциясы жасалды. Бүгінге дейін олар осындай 80 операция жасап, адамдарға жаңа өмір сыйлады. Дәрежесі биік бұл орталықтардың өзге де ауыз толтырып айтарлық ірі жетістіктері өте көп.

Індетпен күрестегі еңбегі ерлікпен пара-пар

Иә, қазір бүкіл әлем қауіпті індетпен күресте медицина қызметкерлерінің қадірін жете ұқты. Бүкіл дүние жүзінде медбикелерге деген сұраныс күрт артты. Еліміздің жұмыспен қамту орталықтарындағы өте көп сұралатын мамандықтар осы – орта медициналық персонал. Былтыр пандемия басталып, індет өршігенде ең алдыңғы шепте жүріп, өмірі мен денсаулығын қатерге тіккен медицина мамандарының еңбектері – расында үлкен ерлік. Былтыр Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көбейтуді тапсырды. «Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал биыл ақ халаттылардың мерекесі қарсаңында оларды құттықтаған сөзінде Президент медицина қызметкерлеріне төлемақыны жалғастыру үшін Үкімет қосымша 71,5 миллиард теңге бөлетінін жеткізді. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ету өскелең ұрпақ үшін мәртебелі әрі тартымды болуы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне қолдау көрсету мәселесіне тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, олар денсаулық сақтау жүйесінің басты ресурсы және жұмыстың негізгі бөлігін атқарады.

Елорда халқының саулығын сақтаған

Республикалық деңгейдегі ірі медициналық ұйымдардан бөлек, елордада тек қала тұрғындарына қызмет ететін 9 мемлекеттік аурухана, 16 мемлекеттік емхана, 1 БМСК орталығы, 19 жекеменшік емхана, барлығы 31 медициналық мекеме бар. Осы мекемелерде елорда халқының денсаулығын сақтауға жауапты 2800-ден астам дәрігер, 5800-ден аса орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Былтыр шаһардың медицина қызметкерлері қала ауруханаларына түскен 169 мыңнан астам тұрғынды емдеген. Өткен жылы 30 мыңнан астам елордалық сәби дүниеге келген. 137 мыңнан астам пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем қызметі 500 мыңнан астам шақырту бойынша шұғыл қызмет көрсеткен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

one × one =