АДАМ ӨМІРІНЕ АРАША ТҮСУГЕ АСЫҒЫҢЫЗ

0 321

47356-2

Қалалық әкімдіктің қолдауымен маусымның 20- 21 күндері елордадағы «Арай» саябағы аймағы мен медициналық мекемелерде «Бір тамшы қан – бір адамның ғұмыры» атты акция өтеді. Осыған орай Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы инновациялық технологиялар, мониторинг және талдау бөлімінің бастығы Серік Ақшалов аталмыш акция аясында ұйымдастырылатын шаралар­ туралы әңгімелейді.

– Серік Болғанбайұлы, бұл шара биыл қала мерекесіне орай ұйымдастырылып жатыр емес пе?

– Иә. Астана қаласы әкімді­гінің қолдауымен елорданың 16 жылдығына байланысты бұл акция биыл тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отыр. Республикалық Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталы­ғында мұндай шаралар жыл бойы жоспарлы түрде жүргізілуде. Соған қарамастан, бүгінгі таңда қаламызда жаңа медиицналық нысандардың көбеюіне, көрсетілетін медици­налық қызмет пен ота жасау санының артуына байланысты қанға қажеттілік артып, Астанада қан тапшылығы жыл сайын өсіп келеді. Осыған орай қалалық Денсаулық сақтау басқармасы биыл «Бір тамшы қан – бір адамның ғұмыры» атты акция өткізуді қолға алды.

– Акцияға барлығы қанша адам қатысады?

– Аталмыш шара барысында екі күн ішінде 250-300 адамнан қан алу көзделуде. Жалпы, бұл шараның түпкі мақсаты – әр тұрғынның санасына донорлық дегеннің адам өмірін құтқаруға сеп болатынын ұғындыру. Себебі, Астанадағы барлық медици­налық мекемелерде жылына 83 мыңнан астам ота жасалынады. Оның ішінде жоғары техно­ло­гия­ларды қолдану арқылы 25 000 ота жүргізіледі. Көп жағдайда ондай адамдарға қан керек. Кейде ол анемия, гемофилиямен ауыратын, химия­ра­диотерапия қабылдап жүрген науқастарға да аса қажет. Әсіресе, ауыр босанған аналарға, оқыс оқиға тап болып, көп қан жоғалтқан жандарға тез арада қан құю керек болады. Демек, қаламыздың денсаулығы жақсы әрбір тұрғыны донор болу арқылы өзге адамның өміріне араша түсе алатынын ұмытпаса екен.

– Донор болғысы келетін­дер­дің қайда барғандары жөн?

– Шара 20 маусым күні №1, №2 қалалық емханаларда және 21 маусым күні «Арай» саябағының аймағы мен республикалық Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында өтеді. Сол жерлерге барып, «Бір тамшы қан – бір адамның ғұмыры» атты қалалық акцияға қатыса аласыздар. Оған қаладағы стационарлық емдеу мекемелері мен Трансфузио­ло­гия ғылыми-өндірістік орта­лы­ғының дәрігерлері қатысады.
Жалпы, қан тапсыру арқылы кез келген донор басқа адамға көмектесіп қана қоймайды, өз денсаулығының жағдайын көрсететін бірнеше анализден тегін өте алады. Сондықтан, дені-қарныңыз сау кезде қан тапсырып, науқас жандарға көмек қолын созуға асығыңыздар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 6 =