«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Адам капиталы – алдыңғы кезекте

0 180

Кеше Сенат депутаттары Асқар Бейсенбаев пен Еділ Мамытбеков елордамыздағы еңбек ұжымдарында кездесу өткізіп, Елбасының «бес әлеуметтік бастамасын» түсіндірді.

Екі мекеме – Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны және «Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлеріне депутаттар Президенттің «бес әлеуметтік бастамасы» туралы егжей-тегжейлі мәлімет беріп, жиналған жұрттың сауалдарына жауап берді.
Сенаторлар өз сөзінде қазіргі кезде ел Үкіметінің азаматтарды әлеуметтік жағынан қолдау бағытында қыруар жұмыстар жасалып жатқанын тілге тиек етті. Ең бастысы, мемлекеттің әлеу­меттік жауапкершілікті өз мойнына алып, әрбір адамға жайлы өмір сүруіне жағдай туғызуға ұмтылғанын атап өтті. «Қазір адам капиталын дамытуға қыруар қаражат салынуы керек. Бюджеттен бұл мақсатқа көп ақша бөлінді. Айтарлығы, бұл істің экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Адамдардың өмір сүру жағдайлары жақсарса, біз дамыған елдердің қатарына тезірек қосыламыз» деді Асқар Бейсенбаев. Ол өз сөзінде Сингапурды мысалға келтірді. Ел, ұлт болып бір мақсатқа жұмыла білген сингапурлықтардың қазір әлемдегі мықты мемлекетке айналғанын айтты. Қазақстан да Сингапурды үлгі тұтуы тиістігіне екпін түсірді.
Кездесулер кезінде қарапайым қызметкерлер алуан түрлі сұрақтар қойды. Атап айтқанда, оларды «20-7-25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы, шағын бизнесті қолдауға бөлінетін қаражат, әлеуметтің әлсіз топтарына салық жеңілдіктерін беру, экономиканы цифрландыру сияқты мәселелер қызықтырады екен. «Сот сараптамалары орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкері Дәурен Рабилов ұжымдағы әріптестерінің жалақысы 30-60 мың теңге екенін мысалға келтіріп, салық жеңілдігін берген Елбасының бастамасына алғыс білдірді. Сонымен қатар, Астанадағы күл-қоқыс­тарды өңдеу, елорда экология­сын жақсарту туралы сауалдар да қойылды. Сенаторлар барлық сұрақтарға тұшымды, толық жауап берді.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды