Адам іздеп жүрген Айзада

0 92

Биыл – еріктілер жылы. Еріктілердің қызмет атқаратын саласы сан алуан. Соның бірі – жоғалған адамдарды іздеп-табатын еріктілер тобы. Сондай ізгі ниетті жандардың қиыншылыққа тап болғандарға қол ұшын созып, жақсылық жасауы – кім-кімге болса да үлгі. Бүгінде адамдардың жоғалып кету жағдайлары жиі белең алып отырғанын естіп те, көріп те жүрміз. Үйінен, оқу орнынан, жұмысынан шыққаннан қайта оралмағандар арасында бала да, орта жастағылар да, қарттар да бар. «Айналаның бәрі камера. Қазіргідей мобильді дәуірде адам жоғала ма тәйірі, жоғалса да тауып алу оп-оңай ғой?!» десеңіз, қателесесіз. Жоғалған жандарды іздеумен 4 жылдан бері айналысатын елордалық «LIDER.KZ» еріктілер ұйымының жетекшісі Айзада Жүсіпова осылай дейді. Қазақстанда адамдарды іздеумен айналысатын жалғыз ресми ұйым ретінде тіркелген топ еріктілері оған талай рет куә болған.

Еріктілер оқиға орнынан бастап із қуып, бейнежазба немесе куәгерлер арқылы соңына түседі. Жа­қындарының көз жасына қарай бірі тірі, ал бірі өкінішке қарай, өлі табылады. Алайда іздің арты сұйылып, бірте-бірте жоғалып, бірнеше жылға дейін немесе мүлдем табылмай жатқандар да қаншама? Статистикаға сүйенсек, өткен жылы Қазақстанда жоғалған 1625 адам табылған, оның 243-і өлген, тірі табылмағандар ішінде 22 адам – елордалықтар. Жоғалып кеткендер саны былтыр 2018 жылға қарағанда 7 адамға болса да кеміген.
Тағдыр тәлкегіне түскен жандардың қайғысына бей-жай қарай алмайтын еріктілер тобы елдің бәрі күдер үзсе де, алған беттерінен қайтпай, іздеуді жалғастыра береді. Құрылғалы 4 жыл ішінде олар тұрғындардан келіп түскен өтініштерге қарай 300-ге тарта адамды іздеуге атсалысқан. Оның 70 пайызында адамдар тірі табылған. Бұл дегеніңіз – шамамен бір жылда 75, бір айда 6-7 адамнан жоғалады деген орташа көрсеткішті көрсетіп отыр. Оның өзі – тек осы ұйымға айтылған өтініштер көлеміндегі деректер.
Ұйым құрылмас бұрын Айзаданың ерікті ретінде алғаш іздеуге араласуы аяқ астынан басталды. Елордалықтардың есінде болса 2016 жылғы 10 мамырда Эллина Кульдина деген екі жастағы бүлдіршін аяқ асты жоғалып кеткен еді. Қыздың ата-анасы Есілдің жағасына демалысқа барып, дәл үйге қайтар кезде қыздарын таба алмай қалған болатын.
«Салонда шаштараз болып жұмыс істеймін, түс мезгілінде дүкенге барып келе қояйын дегем, бір клиентім тұр екен сол маңда. Қатты қобалжып, көріпкел таныс­тарыңыз жоқ па деп сұрап, әріптесінің қызы табылмай жатқанын жеткізді. Жақсы, қарастырармын деп жұмысыма кеттім. Бірақ әлгі қыз есімнен кетпей қойды. Жазылып қойған клиенттерімді басқа уақытқа шегеріп, бірден оқиға орнына жеттім. Сол кездегі көріністен жүрегім қатты езілді. Ата-анасын аяп, іздеу жұмыстарына қатыстым. Өзенді бойлай 200 километр жерге дейін 10 күн іздедік. Тек 11-ші күн дегенде баланың мәйітін балықшылар тапты. Тура, жоғалған жерінде суға кеткен екен. Бұл менің өмірге деген көзқарасымды қайта қарап, жаңаша шешім қабылдауға үлкен қозғау салған оқиға болды. Сол уақыттан бастап жоғалған адамдарды іздеуге көмектесемін деп бекіндім» дейді Айзада. Осылайша, қазір өзі басшылық ететін «LIDER.KZ» еріктілер тобы өмірге келіпті.
Отыз жастағы отбасылы келіншек 10 жылдан астам уақыттан бері шаштараз болып қызмет атқарады. Жеке салоны бар. Өзінің сұлулық индустриясында шағын кәсібін дөңгелетіп, жұмыс пен отбасын қатар алып жүр. Негізгі табысы да осында.
Өзі секілді ниеттес адам­дарды жинап, еріктілер ұйы­мын құрған ол бүгінде бұл топтың елордамызда аса танымал екенін айтады. Еріктілер қатары жыл санап арта түскен. Бір қызығы, әрбір іздеу жұмысынан кейін жоғалып кеткендердің туыстары мен жақындары жан қалауларымен еріктілер қатарына қосылып жатады екен. Мәселен, Бақдәулет есімді баланы іздеу оқиғасынан кейін еріктілер қатары бірден 80 адамға толыққан. Бұл топ қызметінің тарихындағы ең ауыр оқиға болған еді. Өкініштісі сол, бала екі күннен кейін өз үйі­нен 150 метрдегі құдық ішінен табылған…
– Былтырғы ақпан айы, қақаған қыстың кезі, екі күн қатты боран тұрған. Бізге белгі түскеннен кейін дереу іздеуді бастадық. Елорда іргесіндегі Қырқыншы стансасында беті ашық, бірақ қар көміп, көрінбей қалған құдықтар көп болып шықты. Іздеу жұмыстарын жылдамдату үшін бірден сондай құдықтар картасын тиісті органдардан сұраттық, бірақ олар құзыреттері жоқ екенін айтып, бермеді. Сосын өзіміз іздей бастадық. Ақыры үшінші күні түнде таптық. Сараптама нәтижелері баланың екі күн бойы тірі болғанын растады. Алайда БАҚ беттерінде ол баланы құдыққа түсіп, ішінде суға тұншығып өлді деп жазды. Негізі, оның ішінде тек тобықтан келетін ғана су болған. Бала суықтан және аш болып әлсіреп өлді. Құдық терең, астында канализациялық құбырлар өтеді, ауа жоқ, адам тұншығып та өледі, – дейді Айзада мұңайып. Еріктілер баланың анасымен жақын араласып тұрады. Өлі табылса да, ұлын іздеген жастарға әлі күнге алғысын білдіреді.
Ұйымның негізгі бағыты – жоғалған адамдарды іздеу және үзілген туыстық байланыстарды жалғау. Криминалдық сипаттағы жағдай болса мүлдем араласпайды. Негізінен, жас балалар мен егде және мүгедек адамдарды іздейді. Сондықтан жоғалған адам туралы мәліметті іздеуші тараптан толықтай сұрап алады. Егер қандай да бір қылмысқа қатысы барын байқаса бірден іздеуден бас тартады. Мәселен, алимент төлемей, қарызын қайтармай қашып жүргендер болса, іздемейді. Бұл – ішкі істер органдарының құзіретіндегі нәрсе.
– Кейде сыныптастарын іздеп табуға көмектесуді өтініп хабарласатындар болады. Ондайда тек интернет аккаунттарымыз арқылы жан-жаққа сілтеме таратумен ғана шектелеміз. Соңғы уақытта интернаттан шыққан жетім балалардың туған-туыстарын іздеп табуына да көмектесіп жүрміз. Жалпы бізге бәрінен маңызды – балалар, бала жоғалды десе біз ештеңеге қарамай бірден іске кірісіп кетеміз. Алайда кейде ата-­анасы байбалам салып іздеп жатқан балалардың ойын клубтарынан табылатыны болады. Сондай оқиға Болат деген балаға қатысты болды. Оны жетінші тәулік дегенде бір-ақ таптық. Күндіз бір жерде ұйықтап, түнде интернет клубта отырған, сондықтан күндіз еш жерге камераға да, басқа да адамдардың көзіне де түспепті, – дейді ол Болатты күлімсірей еске алып.
Ең тез табылған аутизммен ауыратын 12 жасар Тамерлан болыпты. Бір күнде табылыпты. Мұндай балалар қатты қадағалауды қажет ететіні белгілі. Көзді ала бере үйден қашып шығып, таңғы 8-де автобусқа отырған да басы ауған жаққа кете берген. ЛРТ арқылы камераларды шолып шыққанда оның қала орталығына бет алғаны байқалған. Дереу «Бәйтерек» монументі жанынан штаб құрған еріктілер сол жерден іздеуді бастайды. Түн ауғанға дейін оның ізін таппайды. Тек түнгі үштерде оны «Самал» шағын ауданы маңайынан бір қоршаудың қасында жалғыз тұрған жерінен табады. Маусым айы болса да түн салқын, жалғыз жейдемен тұрған ол дірілдеп, қорқып, қолында көшеде адамдар берген болуы керек, тәттілер ұстап тұрыпты. Шошытып алмайын деп қасына жақындап, оны ақырындап көлігіне отырғызады. Бала көлікте жылынып, қауіп жоқтығын сезгендей жадырап сөйлей бастаған соң анасына жеткізілген. Байғұс ананың сол кездегі бақытында шек жоқ еді.
Еріктілердің айтуынша, жаз мезгілінде, әсіресе, жүзу маусымында балалардың жоғалып кету оқиғалары көбейеді. Статистика да соны көрсетеді. Осы жағынан бірінші кезекте ата-аналар, сосын құзырлы органдар тарапынан мұқияттылық жетіспей жататыны рас.
Еріктілер жұмысы қалай жүргізіледі? Адам жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін команда жинақталып, іске кіріседі. 4 әкімші бар, олар – Таня, Гүлжан, Оля және Айзада. Біреуі адам жоғалған жерде, оқиға орнында қалады, екіншісі, қала бойынша қозғалыс ізін реттейді. Үшіншісі, телефон құлағында отырып, ауруханалар, бейімдеу орталықтары, мәйітханалардан мәлімет алады. Төртіншісі, әлеуметтік желідегі жұмысты қолға алып, жоғалған адам туралы жылдам хабар таратып отырады. Олардан басқа топтың барлық мүшелері іздеу жұмысына жұмылады.
Топ қатарына өту үшін мынадай басты талаптар бар: нақты іздеу жұмысына тек 18 жастан жоғары азаматтар ғана тартылады. Кәмелет жасына жетпегендерге де ниеті болса жұмыс табылады, мысалы, іздеу қағаздарын аялдамаларға, қоғамдық жерлерге жапсырып көмектесуге болады, бірақ оларға тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Одан жоғары жастағылар шын мәнінде жүрек қалауымен топқа қосылам десе – мархабат. Әркімнің өз қалауы, ниетіне байланысты. Мұндай жолға пайда немесе атақ іздеп келгендердің шикілігі түбінде белгілі болады. Сондай-ақ алғашқы іздеу жұмысынан кейін-ақ кейбірі жұмыс барысындағы түрлі қауіптер мен кедергілерді қиынсынып, өз ниетінен бас тартып жатады екен.
– Бізге қызығатындар да, таңқалатындар да бар. Бәріне қалай үлгересіңдер, отбасыларың не дейді, олардың тамағы, басқасы қайда, жұмыстарың не болады деп сұрап жатады. Иә, оңай емес, бірақ осы жолды таңдаған еріктілер үшін бұл хоббидан бұрын өмір салтына айналып кетеді екен. Жүрегің қалаған жұмыспен айналысқың келсе отбасыңа да, жұмысқа да үлгеруге болады. Қаншама жүрегі таза, ниеті ақ жандармен танысып, достар таптық, ерекше бір орта қалыптастырдық. Осы жолды табуыма мүмкіндік берген Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін, – дейді Айзада.
Бұған дейін ішкі істер органдарымен ішінара болса да, жұмыс істеп келген еріктілер тобы биылдан бастап олармен тығыз қарым-қатынас орнатуға көшті. Бүгінгі таңға қалалық ІІД және Алматы, Сарыарқа аудандарының ішкі істер басқармаларымен меморандумға қол қойылыпты. Енді Байқоңыр және Есіл аудандарына шықпақ.
– Біздің қызметімізге полиция көп көмектеседі, мәселен, жоғалған адам туралы істі жүргізіп отырған тергеу­шіден қасымызға көмекке полиция қызметкерін жіберуді өтінсек, жібереді. Өйткені орман жолақтары немесе қалтарыстар, ықпыл-жықпылы көп тұрғын үйлер алабын аралап тексеру қажет болады, сондай кезде полиция болғаны жақсы жанымызда. Ұйымымыз, негізінен, әйелдерден құралған, ер-азаматтарымыз үш-төртеу ғана. Сондықтан да поли­ция қызметкерлерінің көмегі көп тиіп жатыр. Ұйымдағы ең жас ерікті – 17 жаста болса, ең үлкені – 56-да. Ерікті жұмыспен негізгі жұмыстан қолымыз бос кезде айналысамыз. Үйленбеген жастарды қоспағанда, бәріміздің де отбасымыз, бала-шағамыз бар адамдармыз, – дейді еріктілер қозғалысының басшысы.
Бүгінде ұл тәрбиелеп отыр­ған Айзада болашақта перзентінің жақсылықтың жаршысы, елге жанашыр азамат болғанын қалайды. Топтағы барлық аналардың да тілегі – сол.
«Волонтерлік – біздің халықтың шынайы болмысы. Өйткені барыңды бөлісу, жанашырлық таныту – қазақ халқына тән ­қасиет» деп Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев айт­қандай, жақсылықты жанына жалау еткен еріктілердің қоғам дамуына, көп істердің алға жылжуына тигізер үлесі орасан зор екенінде дау жоқ.
– Биыл еріктілер қозғалысы кең өріс алуда. Олар науқастардың еміне ақша жинауға, қариялардың үй шаруасына көмектесуге, балалардың сынақтарға дайын болуына, мемлекеттік деңгейдегі ірі шараларға атсалысуға да үлгеріп жүр. Біздің жұмысымыз осындай атаулы жыл біткесін де жалғаса береді. Жүрек түкпіріңізде қиналғанға қолдау, дәрменсізге демеу беруге шынайы ниет, жанашырлық сезім болса, еріктілер қатарына қосылыңыз. Өмірде айналаңдағы жандарды сәл де болса бақытқа бөлегеннен артық ләззат жоқ, – дейді Айзада Болатқызы.
Қашан көрсең уақыты тапшы қазіргі заман адамы үшін жүрек қалауын жандырып еріктілікпен айналысуға ден қою кейде ерлікпен пара-пар іс екенін мойындайсың. Егер сіз шын пейіліңізбен, риясыз көмек қолын созуға дайын болмасаңыз, бұл – сіздің жолыңыз емес. Ерікті болып, мұқтаж жандарға көмектесу адамның өмір сүру салтына айналғанда ғана, ол адамды ерікті деп айтуға толық қақымыз бар.

Райхан РАХМЕТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight + eight =