©2020 Астана Ақшамы
АДАЛДЫҚ ЖОЛЫНАН АЙНЫМАҒАН
Бір жерде табан аудармай талай жыл қызмет атқару екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет. Тіпті, бүгінде кейбіреулер жұмыс орнын былай қойып, мамандықтың өзін жиі ауыстырып тұруға дағдыланса, астаналық Рахия Әлібекова өзі алғаш еңбек жолын имене аттаған киелі қарашаңырақ – облыстық «Арқа ажары» газетінде отыз төрт жыл тапжылмай тер төгіп, еңбек етті. Енді, міне, сол ұзақ жылғы бейнетінің зейнетін көріп жүр.
Ұлы Отан соғысының қарсаңында дүниеге келгендерде қайбір балалық болды дейсіз. Батыс Қазақстан облысының сонау шалғайдағы Қаратөбе ауданы, қазіргі Қалдығайты елді мекенінде, қарапайым ұстаның отбасында дүниеге келген қыз да бал дәуреннің дәмін татып үлгермеді. Алтыншыны оқып жүргенде әкесінен, бір жылдан соң анасынан айрылған ол туған апасы Бақия мен ағасы Зейнолланың, нағашы туыстарының қамқорлығымен өсіп, бой жетеді. Есінде қалғаны, әке-шешесінің күндіз-түні тынымсыз еңбек еткені еді.
1956 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түседі. «Мен алғашқы үш жылда апаммен бірге тұрдым. Себебі, жездем сол жылдары Алматыда жоғары партия мектебінде оқыды да, отбасымен Тастақта пәтер жалдап тұрып жатты. Мен солармен бірге болып, үш жылдан соң оқуды бітірген соң, олар Орал қаласына көшіп кетті де, жатақханаға ауыстым. Өзің білетін Өкеңмен де сол жылдары таныстық» деп бастады әңгімесін Рахия апай.
Өкең деп отырғаны – «Арқа ажары» газетінде ұзақ жылдар бас редактор қызметін атқарған Октябрь Әлібеков.
Соңғы курстағы студенттердің сабақты бірге оқып, емтиханға бірге дайындалатыны белгілі. Бұл кезде бірге оқыған жігіттердің біразы үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастайды. Олар да сол бесінші курстың аяқ кезінде көңіл жарастырып, бас қосады.
ЕҢБЕК КІТАПШАСЫНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖАЗУ
Оқуларын ойдағыдай бітіріп, жұбайлық өмірге жарасымды қадам басқан екі жас Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Целиноградқа келіп, сол кездегі «Тың өлкесі», кейін «Коммунизм нұры», қазіргі «Арқа ажары» газетіне жұмысқа орналасады. Олар төртеу еді: Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев, Октябрь және Рахия Әлібековтер. Басылымның сол тұстағы басшысы Уара Нұрсейітов жастарды жылы қабылдап, қызметке алады.
«Сол жылдары елімізде әйел журналистер өте аз болатын. Ал, бұл редакцияда мүлде жоқ екен және біз секілді ерлі-зайыпты журналистерге ұжымдағылар ғана емес, сырттағылар да сүйсіне қарайтын» деп бір қайырды әңгімесін апай. Міне, содан бері өмірдің қызығы мен қиындығын қатар бөлісіп, жұбайлық ғұмырдың жарасымын бастан бірге өткереді.
Алыс жылдарда Р.Әлібекованың жазған очерктері, мақалалары мен театр, кино және кітаптарға жазған рецензиялары, ол туралы және өзі жазған жыр шумақтары топтастырылып, биыл «Әйел әлемі» деген атпен жарық көрді. Оның материалдарындағы негізгі басты кейіпкерлер – еңбеккер әйел, ардақты ана, қандай қоғамның да тірегі, ел игілігін еселейтін қозғаушы күш – қарапайым еңбек адамы. Осы мәселелерге қалам тербей жүріп, ол алғаш еңбек жолын бастаған мекемеде табан аудармай отыз төрт жыл жұмыс істейді. Содан да болар, еңбек кітапшасында оның бір ғана мекемеде қызмет атқарғандығы туралы жазудан басқа мәлімет жоқ. Оқу бітіргенде келіп ашқан есігінен құрметті демалысқа шыққан жанның бұл жерден, «Арқа ажары» деп аталатын қарашаңырақтан үйренгені де, кейінгілерге үйреткені де аз болмаса керек.
Ол қай жерде жүрсе де, елге, халыққа қолынан келгенінше адал қызмет жасады. Жанындағылардан көмегін аяған жоқ. Ешқашан атақ үшін не марапат алайын деп жүгірген жан емес.
Көп еңбек еткенге бақыттың бас иетіні белгілі. Қазіргі жастар тез арада жақсы жұмысқа қол жеткізіп, жанын қинамай-ақ көп ақша тапқысы келеді, ал мұның бәрі маңдай термен келетінін, жақсы өмір сүру үшін көп еңбек ету керек екенін ескере бермейді. Бүгінде жетпіс беске келіп отырған Рахия апай осыны өзінен кейінгілерге, ұрпағына үнемі өнеге етіп айтып отырады.
ЕНЕМ АНАМДАЙ ЕДІ
Қалам ұстау, әрине, оңай шаруа емес. Ал, әйелзаты үшін ол екі есе қиын. Айбары зор болғанымен, ауыртпалығы мол осындай еңбекті отбасының тірлігімен қоса алып жүрудің азабы мен ләззатын басынан өткергендер ғана түсініп, түйсінеді. Дегенмен, соңғы кезде шаңырағының түтінін түзу шығарумен бірге қоғамдық қызметтерде де белсенділік танытып жүрген нәзік жаратылыс иелері жетерлік. Рахия Нысанқызы да солардың қатарынан. Редакциядағы ер азаматтардан бір елі қалыспай, төрт перзентті дүниеге әкеліп, үйде жарының ғана емес, енесінің де бабын таба жүріп, қызметтен бір сәтке де қол үзбеді.
– Ол кезде қазіргідей үш жыл үйде отыру, бала күтіміне байланысты демалысқа шығу деген жоқ қой. Ойнап-күліп жүріп жұмысымызды істейміз, «больничныйға» шығу дегенді де білмейміз. Мұның бәрі, әрине, бірінші жолдасымның қолдауымен, екінші шаңырақ құрған соң, осында өз қолымызға көшіріп алған енемнің арқасы еді,- дейді апай. – Ол кісі өте жақсы адам болатын. Ата-ана мейірімінен ерте айрылғандықтан ба екен, бәлкім мені шын мәнінде туған қызынан кем көрмей бауырына басқанынан да болар, әйтеуір отыз сегіз жыл бір шаңырақ астында тұрып, шәй деспегенімізді бүгінде таныстар да, тұстастар да келіндерге өнеге қылып айтып отырады. Сол екінші анамның арқасында балалардың бейнетін де көрген жоқпын, жұмыстан да қалмадым.
БІР ҚОЛЫНДА – ҚАЛАМЫ, БІР ҚОЛЫНДА – ИНЕ-ЖІП
«Арқа ажарын» он сегіз жыл басқарған Октябрь Қайырұлын байырғы ақмолалықтар жақсы біледі. Бірақ, ол кісі редакторлығын, қызмет бабын асыра пайдаланып көрмепті. Оған жұбайының әңгімесі ғана емес, кешкен тірлігі, он саусағынан өнер тамған шеберлігінің арқасында тіршіліктің қандай ауыртпалықтарын, қиын кезеңдерін басынан өткерсе де, мойымай, күресе білуі айқын айғақ.
«Бастықтың әйелімін деп кеуде кермедім. Мейлінше қарапайым болуға тырыстым. Соның арқасында ел қатарлы өмір сүрдік. Асып-таспадық. Ол кезде дүние деген қат, заттарды тізім бойынша ғана сатып аламыз. Сонда біреулер ебін тауып, жақсыға үйірсектесе, Өкең мені анда-мында аттатпайтын. Не істеймін, «жазған құлда шаршау бар ма»? Таныс әйелдерден мата сатып аламын. Сосын күндіз жұмысқа барып келемін де, түнімен қыздарға, өзіме көйлек тігемін. Қыздарымның мектепке киетін формасына дейін тіккен кездерім болды. Бұл шешемнен дарыған өнер болса керек. Жалпы, енем де шебер кісі болған. Кезінде әйелдерге көйлек, камзол тігіп береді екен. Не керек, әйтеуір, заман түзеліп, қыздарым өз алдарына жеке үй болып кеткенше, қолымнан қаламыммен бірге ине-жібім де түскен жоқ. Талай тойға өз қолыммен тіккен көйлекті киіп барғанмын. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Ақырында, қазір соның зардабын тартыңқырап, көзімнің көруі нашарлап отырған жайым бар» дейді Р.Нысанқызы.
ӨМІРІМЕ ӨКПЕМ ЖОҚ
Елге, журналистикаға сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады. «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуын атап өту жолындағы қажырлы еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Кеудесіндегі «Баспасөз үздігі» төсбелгісі де көп жылғы қажырлы еңбегінің жемісі десек, артық айтқандық болмас.
Өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет боларлық қасиетімен дараланған Рахия апай сүйіп қосылған жарының, қызметінің арқасында Ақмоланың беделді адамдарымен сыйласып, жақын дос, туыс тауып, сыйласқандарын айтты. Танысқан күннен бастап, қырық сегіз жыл, тоғыз ай отасқан қосағымен бір-бірінен бір сәтке де ажырамай бірге жүретін. Қас-қағым сәтте одан айырылып қалғаны қабырғасын қайыстырғаны. болмаса, өміріне өкпесі жоқ. «Артында бар оңалар» демекші, екеуінің өсіріп-тәрбиелеген қыздары Ақмарал, Ботагөз, Лейла бүгінде бір-бір үйдің отанасы атанса, Қанаты шаңыраққа ие болып, осы әулеттің игі дәстүрін абыроймен жалғастыруда. Ал, Рахия апай тоғыз немереден төрт шөбере сүйіп отыр. Ендігі арманы Октябрь Қайырұлының тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатсам дейді. Алла қаласа, ол да орындалар. Осындай жандардың көрер қызығы таусылмасыншы..
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ