Адал ұрпақ – жарқын болашақ

0 24

Бүгінгі бала – мемлекеттің азаматы, қоғамның бір мүшесі, еліміздің ертеңі. Мемлекетіміздің тағдыры жастардың бүгінгі алған тәлім-тәрбиесі мен біліміне байланысты. Жас ұрпақ тәрбиесі – бұл келешек қоғам тәрбиесі. Оларды адал, ақылды, парасатты, озық ойлы етіп тәрбиелеу – әр отбасының қоғам алдындағы міндеті. Ұрпағын жаман болсын деп тәрбиелейтін ұлт жоқ. Дегенмен қазақ халқы «Баланы – жастан…» деп баланы жасынан адалдыққа, шыншылдыққа, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелеген. Обал, ұят деген сөздерді санасына ертеден сіңірген.

Ұрпақ тәрбиесінде халық педагогикасының, этнопедагогиканың алар орны өте маңыз­ды. Этнопедагогика – бұл белгілі бір халықтың өзіне тән ерекшелігі бар дүниетанымдық, тәрбиелік, мәдени мұрасы.
Қазақтың этнопедагогикасы Күлтегін мен Білге қаған бабаларымыздың заманынан бастау алып, Қорқыт ата, әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұн, Мұхамед Хайдар Дулати сынды ойшылдарымыздың рухани тәрбиелік мәні мол дүние­лерімен жалғасады. Абайдың өсиеттері, Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық ойлары, Шоқан ­Уәлиханның мәдени тәрбиесі, Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жайлы тұжырымы, М.Жұмабаевтың қазақ педагогикасы туралы ойлары, Ж.Аймауытовтың қазақ психологиясы ғылымы пікірлері де этнопедагогиканың негізін құрайды.
Бала тәрбиесі бесік жырынан басталып, қазақтың даналыққа тәрбиелейтін, жақсылыққа шақыратын, қиял-ғажайып ертегілері мен мақал-мәтелдер, жұмбақ-жаңылтпаштар, ой-өрісін кеңітетін, баланың логикасын дамытатын ұлттық ойын­дармен жалғасады. Осылардың барлығы – ұлттық тәрбие негіздері.
Атадан балаға жеткен халқымыз­дың тәлім-тәрбиелік мол мұрасы адалдықты, адамгершілікті, қа­йырымдылықты, мейірімділікті дәріптейді. Ал бұл тәрбие отбасынан басталып, мектеппен жалғасуы керек. Рухани-адамгершілік тәрбие осылай бірлесіп берілген кезде нәтижелі болмақ.
Карантин уақытында «Қара шаңырақ» жобамның бір бағыты ретінде «Ертегі – ел ертеңі» деген жобаны қолға алып, онлайн ертегі оқуды бастадым. Бірақ түскен пікірлерге қарап отырып жүрегім ауырады. Ертегі көретін, тыңдайтын, оқитын бала аз, баласына ертегі оқып беретін, тыңдататын, ертегінің мән-мағынасын түсіндіріп беретін ата-ана, ата-әже де азайып кеткен. Өзіміз бала кезде оқып өскен ертегінің мән-мағынасын түсінбейтіндер де бар екен. Ертегіні көп ата-ана бұрынғыдан қалған, қазіргі ұрпаққа қажеті жоқ деп ойлайды екен.
Ертегі – бұл асыл қазынамыз. Тыңдап отырсаңыз, қазақтың қай ертегісі болсын баланы жаманнан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болып, жақсыға үйір болуға, мейірімділікке, адалдыққа, әділеттілікке үйретеді. Әрқашан әділдік пен адалдық, татулық пен бірлік, ынтымақ жеңетінін көрсетеді. Демек, баланы адалдық пен парасаттылықа тәрбиелеу – ата-ананың, ұстаздың және қоғамның басты міндеті.
Тәуелсіз еліміздің өз мүддесінен халық мүддесін артық қоятын, адал да саналы, отансүйгіш азаматтарын тәрбиелеу үшін ұлттық тәрбиені қолға алуымыз керек!

Тұрар ШӘКЕН,
«Қара шаңырақ» ­қоғамдық
бірлестігінің директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 − 2 =