©2020 Астана Ақшамы
Адал еңбектен арланба
Әдетте кәсіпкерлік туралы әңгіме қозғасақ, халыққа жақын шағын және орта кәсіп иелерін айтудың орнына, алдымен алып компанияны басқарып отырған бизнесмендерді сөз етеміз. Қарап тұрсақ, шағын кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып жүрген жандар жоғарыда айтқан мүйізі қарағайдай қалталылардан әлдеқайда көп. Әрі алдындағыға қарағанда, олардың қызметі қара халыққа әлдеқайда тиімді. Сондықтан да, аз болса да, шайлығына жететін айлық тауып отырған шағын кәсіпкерлердің жұмысын көрсетіп, қолынан іс келетін азаматтарға үлгі етіп насихаттауымыз керек. Сонымен, айдарымыздың бүгінгі кейіпкерлері – елорданың ерлі-зайыпты тұрғындары. Бірі – етікші, енді бірі – шаштараз.
«Еріккеннен етікші болмайсың…»
Күн сайын оннан астам етікті жөндейтін Жанат Димановтың қолға біз бен жіп алғанына бес жылға жуықтапты. Бұған дейін ол құқық қорғау саласында тер төккен. Өмірінің аттай он жылы көші-қон полициясында өтті. Бәзбіреулерге бүгінде қарапайым етікші болып көрінуі мүмкін. Алайда, осы екі жұмыстың айырмашылығы жер мен көктей. Себебі, өкіметке қызмет ету мен өзіңе жұмыс істеу – екі бөлек дүние. Өз ісін ашуды ойлағанда таңдауының етік жөндеуге түсуінің себебі айтпасақ та түсінікті.
Бүгінде елдің бәрі жайлы орынтақты армандап, заңгер, қаржыгер деген атауын естігенде, көз алдына ақшаны елестететін мамандыққа ден қойып жатқаны белгілі. Сондай-ақ, күнделікті тіршілікте жетіспей жатқан кәсіп түрлері де көп. Кейіпкеріміздің кәсібін өзгертуінің бір себебі – осы. Есесіне, бүгінде ол өзіне жұмыс істеп отыр.
Жалпы, халық арасында Агроқалашық аталып кеткен қазіргі Н.Тілендиев көшесінің дені – жер үйлер. Соңғы 4-5 жылдың көлемінде мыңдаған адамға есептеліп, жүздеген пәтер салынды. Міне, ағамыз – сол аудандағы жалғыз шебердің бірі.
Айтуынша, көктем мен күз айларында жұмыс жақсы жүріп, сәйкесінше, табыс та берекелі болады екен. Тіпті, бір күнде 30-дан астам тапсырыс қабылдап, уақытында жөндеп берген кездер болған. Басқа кезде жұмыс мардымсыз болады деп өкпелеуге де себеп жоқ. Күнделікті бұйырған табысқа қанағат етеді. Жазғы демалыс кезінде етік тігуді үйренейін деп келген оқушыларға кәсіптің қыр-сырын үйретеді. Кейде ынталандырып, еңбегіне ақша төлейді.
«Қолдан келіп тұрса, ешбір жұмыстың қиындығы жоқ. Ең бастысы, жұмысқа деген ынта болу керек. Әрі қарапайым жұмыс деп менсінбеуге болмайды. Өйткені, кез келген кәсіптің берекесі болады. Жалпы, етікші мамандығының өз ерекшелігі бар. Тарихта қалған ұлы адамдардың әкелері осы кәсіппен күн көрген. Мысалы, қабағынан қар жауған Сталиннің әкесі етікші болған. Сол сияқты оның әскерін басқарған Жуковтың да әкесі қолынан бізін тастамаған» дейді Жанат Диманов.
Тарихқа көз жүгіртсек, етікші мамандығы қай кезде де бағаланған. Мәселен, Еуропада Сальваторе Феррагамо, Паскуале Фабрицио сынды етікшілердің есімі тарихқа алтын әріппен жазылған. Олай болатыны Сальваторе Феррагамо қарапайым етікшіден бастап, аяқ-киім тігетін зауыттың бастығына айналған. Бүгінде Италияда Феррагамоның мұражайы бар. Ал Паскуале Фабрицио болса, Мадонна, Риана, Анджелина Джоли сынды америкалық әйгілілердің аяқ-киімін тігіп, байлығын еселеп отыр. Тіпті, кәрі құрлықта «жұлдыздар қаншалықты танымал болса, олардың етікшілері де танымал болып, жұлдызға айналады» деген түсінік қалыптасқан.
Бұдан шығатын қорытынды, қай мамандық болмасын, оның ішінде етікші қашанда керек әрі керемет кәсіп иесі болып қалады.
«Адамдар ажарлы болып жүруі керек»
Қоғамға қажетті тағы бір өнер – шаш қия білу. Әрине, кез келген адам қолына қайшы алып, шаш қия салуы мүмкін. Бірақ, нағыз шаштараз сияқты білікті маман болу талант болмаса… қайдам?
Біздің келесі кейіпкеріміз – жоғарыда біз әңгімелеген етікшінің жұбайы. Ол да білікті маманның қатарынан. «Тамыз» тұрғын үй кешенінде бір емес, екі бірдей шаштараз бар. Екеуі де бір адамға тиесілі. Әуелде дәрігер мамандығын иеленген Сағира Спанова өзі туып-өскен Қостанай облысының Шалғай ауданында он жыл ауруханада жұмыс істеді. Осыдан он жыл бұрын Астанаға қоныс аударған ол байланысшы болып та күн көрді. Содан өз ісін ашып, нәсібін таппақ ниетте шаштараз ашты.
– Әуелде шаш қиюды білмейтінмін. Қарамағымда істеген шеберлерден үйрендім. Оның бір себебі – білікті мамандардың, жалпы, кадр тапшылығымен байланысты. Бұл кәсіпті игеруге итермелеген өз бизнесімді ашсам деген ынтам. Менің ойымша, барлық адам әдемі, ажарлы болып жүруі керек. Өз басым соған үлес қоссам деймін, – дейді шаштараз.
Өз ісімді қалай ашсам деп көп ойланған Сағира апайымыз бірден үш шаштаразды жалға алды. Әуелде маман тапшылығы қиындық тудырды. Айтуынша, ол кезде елордада шаш алуды үйрететіндей оқу орындары аз, соның салдарынан мамандар басқа аймақтардан келіп істейтін. Шаштаразда жұмыс көбінесе мереке кездерінде жақсы жүретіні белгілі ғой. Мереке жақындағанда шаштараздар біртіндеп үйге сұрана бастайды. Қысқасы, осылай басталған жұмыс бүгінде бір жолға қойылды. Енді, кейіпкеріміз қаланың тағы бір ауданынан салон ашсам деген ниетте. Бүгінде ол мақсатта жұмыс басталып кетті.
«Өзім бір емес, бірнеше жыл осы салада жұмыс істеп жүріп байқағаным, бүгінде шаштараз жетіспейді. Оларды дайындайтын оқу орындары көп болғанымен, жұмысқа келгенде әлсіз болып келеді. Соларды оқытып, тәжірибеде өткізсең, ақшаның соңына түсіп, басқа шаштаразға кетіп қалады. Сондықтан, кадр табу мен оны ұстап тұру қиын» деп кейіпкеріміз аталмыш саланың проблемасын қаузады.
P.S Міне, бір ғана отбасының мысалымен бірнеше адамның тағдырын суреттеуге болады. Қарап тұрсақ, екеуінің де бұған дейін істеген жұмысы ел қызығатындай-ақ. Ең бастысы, күн көргісі келген жан, оның ішінде жақсы өмір сүруге ұмтылған адам ешқандай жұмыстан қашпайды. Маған жұмыс бермеді деп, өкпелеп, біреуге күйе жақпайды. Белді бекем буып, жұмыс талғамай істей береді. Өйткені, олар адал кәсіптен арланбайды.
Айнұр ШОШАЕВА