Әбжанның әрлі жырлары

0 95

Менің түйдей құрдасым, жерлесім, ақын досым Әбжан да жетпістің белесіне шықты. Жетпіс деген биіктен төңірегіне қарайтын, өткен күндерге есеп беретін уақыт келген секілді. Әбжан екеуміз әдебиет әлеміне де қатар келдік деуге болады. Тырнақалды жырларымыз Қостанай облыстық газетінде қатар басылып жүрді. Кейінірек Әбжан «Торғай таңы» газетінің белді қызметкері болды. Қаламы жүйрік журналист атанды, алайда жүрегін жарып шыққан жырларын туған баласындай мәпеледі. Оған оның әр жылдары шыққан кітаптары куә.

«Тектіден текті туады» деп бекер айтылмаған шығар. Әбжан – қас дұшпаннан қаймықпаған Тілеулі батырдың, сөйлесе сөздің шешені, бастаса елдің көсемі болған Таңат Сейдахмет ақынның ұрпағы. Тура сөзден қайтпаған атасы қандай от ауызды, орақ тілді болса, Әбжан да шындықтан алыс кеткен жоқ, көрген-білгенін, көңілге түйгенін жыр жолына айналдырғанда тек қана ақиқатты жырлады. Өлеңдері «Қарлығаш» жыр жинағында жарияланған сәттен бастап оқырман назарын аударды.
1988 жылы «Жалын» баспасынан Әбжанның және менің жырларым «Көктем бояулары» деген ортақ атпен жарық көрді. Әбжан өзінің топтамасын «Асау ағыс» деп атаған екен. Бұл жинақта советтік отан, коммунистер туралы біраз жырлар болды. Ол тұста солай жазбаса өлеңдердің жарық көруі де екіталай еді. Редакторлар әр жинақтың алдында паровоз секілді сондай жырлардың тұрғанын талап ететін. Соның өзінде асау ағыстай өрекпіген өлеңдер осы топтамада да бой көрсетті. Әбжан кейін жазған бір өлеңінде: «Мен болмасам жазар мұны басқа кім, өлеңімді дәл осылай бастадым, бастадым да, алдына әкеп тастадым редактор – қасқаның» деп жазғаны бар.
Социалистік реализм талап еткен, цензура бекіткен осы қоқыстан Әбжан кейін арылды. «Айта алмаймын атүсті, қиылса да жүз кісі, жібермейді қоқысты жүрегімнің сүзгісі» деп өзі жазғандай, кейінгі жинағын «Жүрегімнің сүзгісі» деп атады.
Иә, расында да сүзгіден өткен, сұрыпталған жырлар оқырманды бей-жай қалдырмайды. Ақынның «Жүрекжарды» жинағы да жүректен шыққан, жүрекке жететін жырлардан құралған.
Ақын Шоқанға арнаған жырында ғалымды аққан жұлдыз деуге аузым бармайды дейді. Осындай ой кезінде менің де басыма оралған. «Шоқанды орысың да, қазағың да аққан жұлдыз деп жазыпты. Сәбит Мұқановтың ол туралы романы да «Аққан жұлдыз» деп аталады. Ғалымның құрметіне ұйымдастырылатын көрмелер мен экспозициялардың атауын «Аққан жұлдыз» немесе «Промелькнувший метеор» деп жазғанын күнде көзіміз көріп жүр. Менің ойымша, Шоқан аққан жұлдыз емес, қазақтың көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдыз» деген едім.
Ақын ойының ұқсастығы екеуміздің ойлау мәнеріміздің үйлесімі болуы да ғажап емес. Әбжанның біраз жыры көсемсөз секілді оқылады. 2015 жылы оның «Тіл мен жақ» деп аталған жаңа жинағы жарық көрді. Тіл мен жағына сүйенгендер оқитын кітап. Бұл кітапта көптеген арнау жырлар топтастырылған. Арнаудың да арнауы бар. Той-думанда оқылып, іле-шала ұмытылып кететін арнаулар да болады. Ақын арнаулары жинақталған бұл кітапта әр арнаудың сүйекке сіңген мінезі бар, кейіпкерлердің өзіндік кескін-келбеті бар.
Белгілі әдебиет сыншысы Жұманазар Сомжүрек осы кітапқа жазған алғы сөзінде ақынға ел жүгін қайыспай көтерген қара нар деп баға берген екен. Өте тауып айтылған. Осы кітаптағы «Қостанай» деген жырында ақын «Келгенім көптен елге бұл, жететін шығар пәрмені, сергісін біраз ер көңіл, Ақылбекке алып бар мені» деп жазыпты.
Бірде елу жылдан астам сыралғы дос болып жүрген белгілі қаламгер Жұмабек Жанділдин Арқалықтан телефон соқты. «Біз Қостанайға жиналдық, үйде бол! Әбжан екеу­міз бара жатырмыз» деді. Көп ұзамай жетіп келді. Мәре-сәре болып қалдық. Бір үйдің қонақасысы аздай, құдалар секілденіп тағы бірнеше үйге бардық. Түні бойы ұйықтамай жыр оқыдық, пікір таластырдық. Соның өзі бір ақындық мектеп болатын.
Шынында да анда-санда кездессек те, құлын-тайдай шұрқырасып, туыстай табысып, жарыса өлең оқитын шақтарды аңсайды екенсің. Қолым қалт еткен кезде Әбжан кітаптарын қайта қараймын. Жақсы өлеңдеріне ырза боламын.
Мына небәрі сегіз жолдан тұратын өлеңге назар аударайықшы.
Жалғыздық қана жарасқан
Қайғы бер маған, нала бер.
Төбемде менің – қара аспан,
Төменде менен – қара жер.
Болды енді. Сауға сұрама,
Бәрін де көрдім, тойдым, ал!
Қара аспан, маған құла да,
Қара жер, мені қойныңа ал!
Әдетте ақындар көк аспан деп сипаттайтын кәдімгі аспан – Әбжан жырында қара аспан. Қара аспан мен қара жер – қарама-қарсы контраст, тұнып тұрған философия. Бір сөзбен айтқанда, қара аспан тек осы жырға жарасқан. Әбжанның мұндай туындыларынан Мағжан мен Қасым жырларының ықпалын байқауға болады.
Әбжан аз сөзге көп мағына сиғызатын төрт жол шумақ – рубай жазуға да әбден төселген. Бұл туралы: «Ақ қағазға бетпе-бет кеп қалғанда, Менен зор жоқ, менен қор жоқ жалғанда, Зор екенім – сұңқар шабыт самғауда, Қор екенім – ойдан тамшы тамбауда» дейді.
Әбжан Сергей Есенинді де жанындай жақсы көрді. Ал орыстың заманауи ақындарынан Евгений Евтушенкоға ерекше ден қойды. Оның бірталай жырын қазақша сөйлетті. Аудармашы есебіндегі Әбжанның еңбегі арнайы сөз етуге тұрарлық. Ең бастысы, ол өзінің аудармаларында түпнұсқадан ауытқыған жоқ, өлеңнің түрі мен қалыбын, ұйқасы мен ырғағын қаз-қалпында сақтауға күш салды. Ол аударған Расул Ғамзатов пен Иосиф Бродский, Андрей Вознесенский мен Камол Насрулло жырларын қазақ оқырманы төл туындыдай қабылдады деген ойдамын.
Әбжан біраз уақыт министрліктердің бірінде лауазымды қызмет істеді. Онда жүргенде мемлекеттік тілді дамытуға және аударма ісіне тікелей жауапты болды. Оның бұл жұмысты абыроймен атқарғанына күмәнім жоқ. Бірақ қызметтік аударма мен поэзия аудармасының арасы жер мен көктей. Сол кезде ақын досым сөзбе-сөз аудармаға машықтанып, көркем поэзиядан алшақтап қала ма деп қауіптенген едім. Ол ойым бекер екен. Әбжан аудармаға да өзінің ішінен шыққан өлеңдей бауыр басып алды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Әлем әдебиеті» сериясымен жарық көргелі жатқан Эмиль Золя мен Николай Гогольдің романдары мен повестерін қазақ тіліне аударды.
Қаламгер туған жеріне, өскен еліне, ­ағайын, туыстарына, көңіл жықпас достарына жыр арнады. Туған жердің табиғатына сүйсінді, адал махаббатын ардақтады. Сүйген жары Бақытпен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.
Парыз болып қалмай ана толғағы,
Қарыз болып қалмай берген ел наны,
Өтсем деймін… Перзентіне, туған жер,
Көңіліңді суытпасаң болғаны, – деп айтқанындай, көкірегіндегі жылы сезімді суытпады, перзенттік парызын ұмытпады. Өлеңсүйер қауым да оның жырларынан ләззат алып, ой түйеді. Оның сөзімен айтар болсақ: «Жанары жалғанды көріп, даланың жұпарын жұтып, ананың уызын еміп, сәуірде туған бала жетпіске жетіп желпініп отыр. Ақын көкжиегі кеңейе бергей!

Ақылбек ШАЯХМЕТ,
халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығы мен «Алтын қалам»
жүлдесінің иегері

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =