Абыройың арта берсін, дәрігер!

0 68

 

Ертең мәртебесін жаһандық пандемия арттыра түскен мамандық иелері – медицина қызметкерлерінің төл мерекесі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтеді. Биыл 21 маусымға түсіп тұрған төл мерекелерін ақ халаттылардың әдеттегідей атап өте алмайтыны белгілі. Дегенмен тән саулығын тексертіп, дерт шалғанда көмегіне жүгінетін абзал жандарды қашан да ардақтауымыз қажет.

Коронавирус келмесе олардың қадірін дәл қазіргідей білеміз бе, білмейміз бе, белгісіз. Ел ішінде дертіне дауа таппай, дәрігердің қателігін бетке басып немесе жаңсақ пікірмен жала жабатындар да кездеседі. Бес саусақ бірдей емес. Дегенмен медицина мамандары бұрын да, қазіргі қиын эпидемиологиялық ахуал кезінде де өз өмірі мен денсаулығын қауіп-қатерге тігіп, коронавируспен күресте ең алдыңғы шепте жүргенін ұмытпауымыз керек.
– Медицина мамандары пандемия басталғалы күн сайын елге кеңес етіп айтатын маска тағу, қашықтық сақтау, санитайзер пайдалану, қолғап кию сынды барлық сақтық шараларын алдымен өздері міндетті түрде орындайды. Бұл – басты қауіпсіздік құралымыз. Себебі бізге дәл қазір ауыратын уақыт жоқ. Өз басым аптасына бір рет коронавирустың бар-жоғына тексерілемін, – деген еді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Соған қарамастан ол да артынша инфекция жұқтырып, оқшауланды.

Сөз жетпесе, көз жеткізбек

Осылайша, ең жоғары деңгейде қорғалған елдің көшбасшы азаматтарының өзі бірінен соң бірі инфекция жұқтырды. Бірақ сонда да эпидемиологиялық ахуалдың асқынуын сан-саққа жүгіртіп жатқандар бар. Вирус жұқтырғандардың әлеуметтік желіде қалдырған сөзіне де сенбегендер үшін министрлік енді БАҚ өкілдерін науқастар жатқан емдеу орындарына кіргізіп, олардың қазіргі жағдайын өздерінің рұқсатымен шынайы көрсетуге дайын. Министрдің айтуынша, қазір Қазақстанда аталған аурудың таралу деңгейі басқа мемлекеттермен салыстырғанда жоғары емес, 100 мың адамға шаққанда 26 адамнан кеп тұр. Ауру деңгейі карантин енгізгеннің арқасында көтерілмеген. Қатаң шектеу шаралары алынып тасталғалы қайтадан жағдай ушығып, өткен аптамен салыстырғанда сырқаттанушылық 1,9 есе өскен. Ауру жағдайларының жалпы санының 44 пайызы байланыста болған адамдар арасында тіркелген, 36 пайызы кәсіптік тексеру жүргізу кезінде анықталды, 19 пайызы ЖРВИ-мен ауырған пациенттер арасында, әкелінген жағдай – 1 пайыз.

Жеңіл түрі деп жеңіл  қарамаңыз

Клиникалық белгілері жоқ елордалық науқастар жалпы КВИ бойынша қалада тіркелгендердің 80 пайызын құрайды. Олар – ПЦР тестілеу арқылы анықталып жатқандар. Бұл нау­қастар бастапқы медициналық қызмет көрсету орындары дәрігерлерінің амбулаторлық бақылауында болып, үйде оқшауланады. Аурудың жеңіл түріне жататын науқастардың дем алысында еш қиындық болмайды, 1 минуттағы дем алысы 24 реттен кем емес, дене қызуы 38 градустан төмен, тамыр бүлкілі минутына 60-80 рет соғады. Тек жеңіл қабынулар, яғни тамақтың қызаруы, жыбыр­лауы, аздаған болар-болмас жөтел болуы мүмкін.

Бес қаруын сайламақ

Бастапқыда коронавируспен күресте басты қажеттіліктер маска жетіспеушілігі туындағаны мәлім. Мәселен, бұрын Денсаулық сақтау министрлігі кәсіпорындардан 20 млн маска сатып алатын болса, қазір ай сайын 10-15 млн данадан алуда. Осылайша өткен 6 айда маскаға қажеттілік 111,2 млн дананы құраған. Бүгінде тәулігіне 413 мың дана маска қажет. Сол себепті елде маска шығаратын кәсіпорындар қатары төртеуге арттырылып, 13 нысанға жеткізілмек. Бұған дейін ПЦР тестіні де шетелден сатып алған болсақ, енді қазақстандық ғалымдар небәрі 6 күнде коронавирустың бар-жоғын анықтайтын сенімді тест жүйесін әзірледі. Олардың өндірісі биыл күзде жанданбақ. Жылдың алғашқы жартысында қорғану костюмдерінің қажеттілігі 1,3 млн дананы құраған. Жылдың соңына дейін қорғану костюмдерін шығаратын 3 кәсіпорын іске қосылмақ.
Сонымен қатар кеше Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн-кеңесте ПЦР-тестілер мен өкпені жасанды желдету және компьютерлік томография аппараттары қосымша сатып алынатынын айтты. Осылайша әкімдік пен аталған министрлік Жол картасын бекітті. Бұл туралы әкім өзінің инс­таграм парақшасында мәлімдеді.

Әлі де карантин режимінде

Нұр-Сұлтан қаласы – елімізде эпидемиологиялық ахуал нашарлап тұрған өңірлер қатарында. Бүгінге дейін клиникалық белгілері бар 3113, симптомсыз 939 адам тіркелді. Бұл – Қазақстан бойынша тіркелген науқастардың 19%-ы. 2114 адам жазылып шақты, 25 науқас қайтыс болды. Қазір 1479 науқас емделіп жатыр. Симптомды науқастардың 59%-ы – ерлер. 17 жасқа дейінгі науқастар – 10,4%, ең көп бөлігін 30-49 жас аралығындағылар құрайды, олардың үлесі – 34%. КВИ клиникасы бойынша жедел жәрдемге қоңырау шалатындар саны тәулігіне 4116-ға жетіп, 12%-ға артты. Коронавирус инфекциясымен күрес үшін қаладағы медициналық ұйымдардағы кереует қорының 58%-ы дайындалды. Шамамен елордалық 4 мыңға жуық медицина қызметкері дертпен күреске жұмылдырылған, бұл қаланың денсаулық сақтау басқармасына қарайтын барлық медицина ұйымдары қызметкерлерінің 35%-ын құрайды. Жалпы елордада халық денсаулығын жақсарту үшін 19 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.
Қалай болмасын, қазіргі таңда барлық науқастардың өмірі мен денсаулығы – әдеттегідей ақ халатты жандардың қолында. Жазылып шығып, жан саулығы үшін алғысын білдіріп жатқандар қаншама. Солардың қатарын арттырып, тұтас бір елді қауіпті індеттен аман алып қалудағы медицина қызметкерлерінің жанкешті еңбегі еш кетпей, ерліктері үшін елдің қошеметіне бөленер күн тусын деп тілейміз!

Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы:

– Қазақстанда коронавирус жұқтырған 23 960 науқас тіркелді. Соның ішінде 7 609 адамда ауру симптомдары жоқ. 13 716 нау­қас емін жалғастыруда. 10 139 науқас сауығып шықты, 105 адам осы аурудан қайтыс болды. Бүгінгі күні тестілеу қуаты 28 мыңға дейін жеткізілді. Барлығы КВИ-ға 1 271 471 тест жүргізілді. Қазақстанда 1 КВИ жағдайына 78 тесттен келеді. Бұл Ресей, АҚШ, Италия, Канада, Австриядағы тестілеу деңгейінен жоғары, 100 мың тұрғынға шаққанда тест саны 6824-ті құрайды. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес зертханалық тексеруге: науқастар мен вирус тасымалдаушылар, ЖРВИ, тұмау, пневмониямен ауыратын науқастар, науқастармен байланыста болған адамдар, стационарлар мен медициналық-әлеуметтік мекемелерге жатқызылған адамдар, медицина қызметкерлері, әскерге шақырылушылар, ҚР аумағына келетін адамдар жатады.

Любовь Робва, елордалық журналист, вирустың симптомсыз түріне шалдыққан науқас:

– 13 маусымда аздап белгі бере бастады. Қызуым көтерілді, басым ауырып, әлсіздік пайда болды. Сол күні ұжым болып коронавирустың бар-жоқтығына ПЦР тесттен өткенбіз. Оның нәтижесі 16 маусымда шығып, вирус бар екені анықталды. Оған дейін иіс сезу қабілетім төмендеп, тамағым жыбырлайтын болды. Қызуымды күн сайын өлшеп отырдым, шамамен 37, 37.2 градусты көрсетіп тұрды. 17 маусымда 103-ке соғып, тест нәтижесі туралы айтпақ болдым. Үйде кішкентай 5 жастағы ұлым да ЖРВИ белгісі бойынша тұмауратып қалған еді. Соның бәрін айттым, олар деректерімді жазып алды да, дәрігер қоңырауын күтуімді сұрады. Бірақ сол күні ешкім соқпады. Сосын шыдамай, жедел жәрдемге қайтадан телефон соққанымда тағы да күтіңіз деді. Келесі күні 109-ға соқтым, олар менің бұған дейінгі қоңырауларым жойылып кеткенін айтып, қайта тіркеді. Сөйтіп 18 маусымда ғана дәрігер маған хабарласып, жағдайымды сұрап, антибиотиктер жазып берді. Ал рентгенге тек қызу 38 градустан жоғарылап, демікпе болса ғана түсу керектігін айтты. Менде жоғарыда айтқандай, симптомдар болғанмен, стационарға жібермегеніне қарағанда жеңіл түрі болар. Елордада ахуал нашарлағасын медицина қызметкерлеріне жүктеме көп түсуде.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

1 + 9 =