Абыройлы ақсақал

0 172

1 қазанда аталып өтілетін қарттар күні қарсаңында біз де үнсіз қалмадық: газетіміздің қыркүйектің 29-ы күні шыққан санында­ «Қарттар – қоғамның­ қазынасы» атты мақала жарық көрді. Фототілшілеріміздің қорында сақтаулы жатқан әрі бірінші беттің реңін ашады-ау деген әдемі бір суретті мақалаға сілтеме жасап, жарқыратып тұрып салдық. Онда ақ сақалды, оқалы шапанды,­ ақ тақиялы қарияның және ақ жаулықты әженің кескіні бейнеленген­ еді. Мұндай тәсіл баспасөз тәжірибесінде бұрыннан бар болатын. Бір әттеген-айы,­ бұл кісінің кім екендігі, аты-жөні­ біздегі дерекқорда сақталмапты. 

Араға біраз уақыт салып редакциямызға атамыздың өзі келді.

– Суретімді басыпсыңдар. Бірақ, атымды неге жаза салмағансыңдар? Газетті көрген таныс-білістерім «суретің бар да есімің жоқ қой» деп келекелегені, – деп базынасын айтты.­ Біз онысын құп алдық. Отырып, ата­мыз­­бен әңгімелестік. Өмірінен өнеге алар тұс аз емес екен.
Алпысбай Мұхамедьяұлы Қожасарин Арқаның тумасы екен. 1940 жылы Ақмола қала­сында дүниеге келген. Балалық шағы дүниені қанға бөктірген сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген ол жасынан болаттай шымыр, қажырлы да қайсар болып өседі. Ел қатарлы білім алады. Целиноградтағы №28 қазақ орта мектебін бітірген соң, Ақмола темір жол техникумына түседі. Оқуын ойдағыдай тәмамдап, осындағы керамзит-бетон зауытында инженер, кейіннен аға инженер болып қызмет істейді. Жұмысы алға басып, әріптестерінің алды болып жүрген Алпысбай Қожасаринға осы тұста үлкен таңдау жасау қажет болады. Біріншісі, қалада қалып, жұмысын жалғастыру. Екіншісі, қартайған әке-шешесін атақонысына жеткізіп, олардың «олай-бұлай боп кетсем, туған жерімде жатайын» деген тілегін орындап, ауылға көшу. Соғыста хабарсыз кеткен үш ұлдың күйігі шау шартқан шақта меңдеп, тынысы тар қалада қарт ата-ананың көңілін күпті етер деген қауіп те бар. Онымен қоса, келген-кеткен үлкен кісілер де «әке-шешеңді ауылға жеткіз» деп қолқа сала бастайды. Ойлана-ойлана, ұрпағының қалада оқып, өскенін қалайтын көңілін ата-анаға деген құрметінен артық көрместен, бір-ақ күнде ата-бабасының моласы жатқан Баршын ауы­лы­на көшіп барады. Бұл шақта Алпысбай үш баланың әкесі еді.

1968 жылы шілде айында «Баршын» кеңшарына барысымен сонда инженер-электрик болып орналасады. Тағы біраз уақыттан кейін машина-трактор шеберханасының (МТМ) меңгерушісіне тағайындалады. Өстіп ауысып ай,­ жылжып жылдар өтіп жатады. 60-жылдары басталған жаппай электрлендіру науқаны 1976 жылы ауқымын кеңітіп, жаңғыртыла жүр­гі­зіліп жатады. Осы тарихи кезеңде жауап­ты жұмыстың бір ұшын ұстаған оның қаты­суымен Ақмола-Қорғалжын-Баршын аума­ғында жүргізілген 110/35/10 кв жоғары жүйелі электрожелі тартылып, әр кеңшарда 35/10 кв қосалқы бекет (подстанция) салынады. Совхоз орталықтарына және мал баздарына желі тартылып, әр үйге жарық беріледі. Жұмыстың қауырт шағында аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша отызды орталап, тәжірибелі жұмысшыға айналған маманды Тенгизекши (қазіргі Теңіз) ауданына РЭС-ке (аудандық электр желілері) инженер қылып ауыстырады. Біраз уақыттан кейін сонда бас инженер болып бекітіледі. Осы еңбегінен береке тауып, саналы ғұмырын осы салаға сарп етеді. Өзі: «2004 жылы осы жұмысымнан зейнеткерлікке шықтым, тәуба!», – дейді.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қол қусырып қарап жатпапты ақсақал. Еліміз егемендігін алып, еңсе тіктегеннен кейін ата дініне бет бұрып, қолынан құранын тастамайтын болыпты. Тіпті, 2-3 жылдың көлемінде Баршын ауылының имамы болып, Құдай жолындағы қызметін бастапты.

Дін жолындағы қызметтің жауапкершілігі зор. Осыны түсінген атамыз кеш те болса діни сабақ алуды жөн көреді. Осы мақсатпен қалаға келіп, Астана медресесінің ұстазы, Түрік ғалымы Махмед Бедрден дәріс алып, қырағатпен құран оқуды үйренеді. Осы білімін ауылға келісімен жастарға үйрете бас­тайды. Жиі-жиі уағыз айтып, жүрген жерінде жастарды дінге шақырудан жалықпайды. Ықылас танытқандарын баулып, ақыры 4 шәкірт тәрбиелейді. Соның бірі – қазір Баршын ауылы мешітінің имамы Жұмабай есімді жігіт.

Атамыз әңгімесін нақты ай-күнімен де­рек­теп айтатын адам екен. Бір сөзінде: «Алла Тағала сәтін салып 2011 жылы үлкен қажы­лыққа барып, Мекке, Мәдинаны көріп қайт­тым. Мұсылманның бес парызының бірі – қажылық. Осы парызымды адал атқарып, Меккенің мешіттерінде намаз оқып қайттым, – деді. Бұл – талай мұсылманның арманы. Жаратқан иеміз Алпысбай атамызға осы бақыт­ты нәсіп еткен екен.

Ақсақал 1960 жылы 20 жасында отау құрыпты. Жұбайы – Риза Темірғалиқызымен мектепте 10 жыл бойы бірге оқыған екен. Отасқан жылдар ішінде екеуі 5 перзент сүйіпті. Үлкен ұлы Жанат әке жолын қуып, бүгінде инженер-механик болып, қызмет атқарады. 1963 жылы дүниеге келген екінші ұлы Марат та осы саладан алыстамапты. Оның мамандығы – инженер-құрылысшы. Тек кенже ұлы Талғат қана Баршын ауылында шаруа қожалығының егесі. Ал, Сәуле және Дина есімді қыздары есепші мамандығын таңдапты. Балаларының бәрін оқытып, жет­кіз­ген қария бүгінде аузы дуалы, сөзі уәлі ата болып, немере тәрбиелеп отыр.

Ербол ЖАНАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 − eight =