©2020 Астана Ақшамы
Абырой биігінен көрінген
Екі иығына екі кісі мінгендей, төртбақ денелі осы бір алпамса бітімді қара торы жігітті, спорт десе қос құлағы қайшыланып шыға келер, жетпісінші жылғылардың білмейтіні сирек болар. Бокс десе, Әбдісаланды, күрес десе, Әбілсейітті, футбол десе, Құралбекті ауыздарына алатын буынның қатарынан самбошы Темірхан шыққанда бәріміз де елең ете қалғанымыз рас. Елең еткізген оқиға – Темірханның атағы жер жарып, түкірігі жерге түспей жүретін одақ чемпионы Панферовты қызыл кілем үстінде алып ұрғаны.
«Әй, мына қара бала қатырды! Жарады!» дескен жанкүйерлердің қуанышында шек болған жоқ. Темірханның темірдей берік сом денесі ширатылып, көп уақыт көз алдымыздан кетпей жүрді…
Қашан көрсең, жадырай күліп, жарқырап жүретін Темірхан замандаспен мен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, дәлірек айтқанда, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІ шақырылуының депутаты болып жүрген 1990 жылдың көктемінде жақынырақ таныстым. Бұрын ара-тұра жолыққанда жылы амандасқанымыз болмаса, бірімізді-біріміз аса жыға тани бермейтін едік. Оның үстіне жүрісі, тұрысы сырт көзге одағайланып тұратын осы бір спортшы жігітпен дәм-тұзымыз қай бір жараса кетер деген оймен таныстық шекарасын кеңейте қоймағанымды жасырмаймын.
Сөйтсем…
Ол үлкенмен де, кішімен де ұршықтай иіріліп, табысып жүре беретін адал, ақ көңіл, нағыз мәрт мінезді жігіт екен. Темекеңнің ол қасиеті жайлы әріптестері мен достарының, қызметтестері мен өкше басар інілерінің айтқан әңгімелері аңызға бергісіз. Бірінен бірі өтер сол аузын ашса, көмейі көрінер адал бітімді азамат хақында менің де жадымнан кетпей, көңіл төрінде жүретін әңгімелер аз емес.
Жүрісі ширақ. Көкейіндегісін жасырып, бүгіп жатпайды. Тура айтады. Болса, болдыны айтады. Болмаса, күлбілтелеп жатпайды, болмайдысын да тура айтады.
1990-1994 жылдар аралығында баламалы негізде сайланып, құрамына ұлт пен ұлыстың тағдыр-талайын анықтап, болашағын бағдарлауға өз үлестерін қосқан алғашқы Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылуы еске түссе, әлі күнге бірімізді-біріміз көргенде арқа-жарқа құшақтаса кетіп жататын сол әріптестерімнің арасында Темірхан да жүреді. Өзгермеген. Өзім дегенге өзегін суырып беруге әзір тұратын сол Темірхан – Темірхан Мыңайдарұлы!
Қарап отырсам, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аласапыраны мол тәуелсіздік дәуірінің алмағайып күндерінің қандай тұсында да Елбасы қасынан табылып, тапсырмаларын мүлтіксіз орындаған, орындап келе жатқан замандас-досымыз Темірхан Мыңайдарұлымен алғашқы танысуымыз осылай болыпты.
Содан бері де, міне, табаны күректей жиырма сегіз жыл өтіпті…
Өмір дейтін алып айдында өз тағдырын өзі анықтап, қоғамдық ортада жайсаң мінезімен, елгезек болмысымен оқшауланған, жаратылысынан күрескер, көпшіл Темірхан өз кезінде кілем үстінде қалай шиыршық ата қимылдап, көзге түссе, көшін Теміртаудың ұңғысынан от лаулап, шоқ ұшқан домна пеші шыңдаған, мың жылда бір болар ұлт парызын иығына салып көтерген – тәуелсіз мемлекет орнатудың тағылымы терең, тағдырлы міндетін әлем алдында абыроймен атқарып, ел үміті мен сеніміне селкеу түсірмей келе жатқан ұлт көшбасшысы – Нұрсұлтан Назарбаев тапсырмаларын да солай мүлтіксіз орындап, мемлекетшіл биіктен көріне білді. Ол осы жылдар ішінде өз өмірбаянын бірталай жоғарғы биліктің басшылық қызметтерімен толықтырды. Айтуға жеңіл болғанымен, Спорт, туризм жөніндегі министр, Астана қаласының әкімі, Президенттің іс басқармасының басшысы, т.т. лауазымды қызметтерде болуы ер басына қонған бақ қана емес, азаматты сынға салып, шыңдаған үлкен мектеп еді. Темірхан замандасымыз ол сындардан сүрінбей өтті. Осы кезең ішінде Темірхан Мыңайдарұлы неше дүркін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болып сайланып, тәуелсіз жұртымыздың барын бүтіндеп, жоғын түгендер, жаһандану жағдайында өмір сүру мен толық мемлекет болудың құқықтық негіздерін қамтамасыз етер жаңа заңдардың өмірге келуіне қызу атсалысты.
Біз…
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» деген жазусыз қағидаға ден қойып, ұлт пен ұрпақ тәрбиесін осы бағытта алып келе жатқан кешегіні бүгінге жалғаған елміз. Менің Темірхан замандасым хақында айтылған бүгінгі сөзімнің түп-төркінінде жатқан ой-пікірімнің негізі де осы. «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген көсегелі сөз осындай тұста айтылған болуы тиіс. Мен білетін Темірхан адалдығы мен аңғалдығы бойына үйлесе қонған нағыз батыр тұлғалы, сой бітімді сиректер санатынан. Өз сөзімен айтқанда, «сөзге жоқ», «іске жомарт», шамасы келгенше алдына келген адамның сағын сындырмай, бетін қайтармай, көмек қолын ұсынатын жан…
Өмір дейтін ұлы майданда әркім өз несібесін, Алладан бұйырған өз ризығын алу үшін ұмтылады. Бұл мәселеде де қайраткер, қоғамшыл, мемлекетшіл Досмұхамбетовтің тағдырға өкпесі жоқ. Еңбек етті. Спортты қайраткерлікпен сәтті ұштастыра жүріп, ойынан да, бойынан да шүмектетіп терін шығарды. Ақ жүрек, адал азамат еткен еңбегі мен сол төккен терінің, тура жүріп, тік сөйлейтін табанды мінезінің арқасында қазақ спортынан өзіне тиесілі орны мен мәртебелі биіктерді қалай ойып алса, қазақ қоғамынан да өзіне ғана жарасар өрелі биігі мен өрісті кеңістігін солай иемденіп келеді.
Соңғы жылдары бойындағы жиған-тергенін, қабілеті мен қарымын ауыл шаруашылығын өрістетіп, ұлт ғылымы мен ауыл өмірі арасына көпір орнатып, өркендетуге бағыттап жүруінен де «Отанына, қоғамға пайдалы іс бітірсем» деген үлкен мұрат пен іргелі мақсаттың көрінісін аңғарамыз.
Иә…
Темірхан – тоқтауды, тосылуды, тоқырауды білмейтін қайсарлық пен күрескерлікті көкірегіне тұмар етіп түйген адам. Ол – уақыт биігінен көрініп, ел тұтастығы жолында еңбек етіп келе жатқан кең жүректі, кемел бітімді азамат.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты,
қоғам қайраткері