АБЫРОЙ АСУЛАРЫ

0 118

1336005003-922Адам тарихты жасайды, ал тарих адамды сынайды. Ал сынақты көтергенді елі де құрметтейді, жұрты да жақтайды. Құдайға шүкір, қазақта осындай сан қатпарлы сынақтан сүрінбей өтіп, көпшіліктің көңілінен шығып жүрген жайсаң жандар жетерлік. Сондай еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың бірегейі Әділбек Жақсыбеков дер едім.

Әділбек Жақсыбеков еліміздің тәуелсіздік алып, дербес мем­ле­кетіміз құрыла бастаған қиын тұ­сында жаңа экономикалық қаты­насты игеруге батыл кіріскен санаулы кәсіпкерлердің қатарынан. Мәскеудегі Бүкілодақтық мем­ле­кеттік кинематография инс­ти­тутының экономика факультетін бітірді. Алайда, жаңа заманның талабын тез ұғынды ма екен, 1987 жылы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтының қайта даярлауынан өтті. Қат-қабат шаруаға бел шеше кірісіп кеткен жас кәсіпкер таңдаған мамандығына қарай ғылыми жұмыспен де айналысып, нәтижесінде экономика ғы­лымдарының кандидаты атанды. 1988-1995 жылдар аралығында «Цесна» көп салалы кор­порациясын басқарып, отан­дық өндірісті ұйымдастырудың өнегесін көрсете білді. Корпорация құрамындағы кәсіпорындардың түрлі өнімдері мен көрсеткен қызметі тұтынушының игілігіне айнала берді. Берекелі іске бас бо­лып жүрген азаматты Ақмола тұр­ғындары 1995 жылы Қазақстан Республикасының Парламент Сенатына депутат етіп сайлады. Еліміз енді егемендігін алған, алайда, Кеңес одағы кезіндегі әлеуметтік-экономикалық жағдай құлдырап түскен тұста күнкөрістің жаңа тәсілін игеруге, яғни бизнес жүргізу арқылы отандық экономиканы дамытуға қалай үлес қосудың жолын тапқан Жақсыбековтің жігер-қайраты еленбей қалуы мүмкін емес еді. Бұған қоса Парламент қа­бырғасындағы белсенді позициясы да айқын байқала бас­тады. Көп ұзамай-ақ нақтылап айтқанда 1996 жылы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. Бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру бастамасын көтеруімен тұспа-тұс келген кезең болатын. Елбасымыздың осы бір тарихи идеясы көп ұзамай жүзеге асты, ақиқатқа айналды. Міне, дәл осы тұста жаңа елорадаға аса жауапты, аса іскер басшы керек болғаны сөзсіз еді. Қай істі болсын асқан көрегенділікпен, терең талғампаздықпен шешетін Нұрсұлтан Әбішұлының осы жолғы таңдауы Жақсыбековке түсті. Сөйтіп 1997 жылдың 10 желтоқсанында Әділбек Рыскел­діұлы Жақсыбеков Мемлекет бас­шысының Жарлығымен жаңа ас­танамыздың әкімі болып тағайын­далды. Елдікті көксеген ер азамат үшін бұдан артық жауапкершілік болуы мүмкін бе?! Осы орайда, кезінде қала әкімінің баспасөз хатшысы болған, танымал публицист Сәдібек Түгелдің мына бір естелігін келтіргенді жөн санадым: «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кадр саясатындағы үлкен жетістіктерінің бірі – Ақмола қаласына Әділбек Жақсыбековті әкім етіп тағайындауы еді. Бұл – бір менің ғана пікірім емес, Арқа өңі­ріндегі ағайынның аузында жүр­ген әңгіме. Жаңа астанамен бір­ге жасасып келе жатқан жұрт­шы­лықтың көзбен көріп, ойға түйген шынайы шындығының өзі осы боларына еш күмән келтіре алмай­сың! Шынтуайтында, Әділбек Рыскел­діұлының қала басшылығына таға­йын­далуымен бас шаһарға соны өзгеріс, жаңа леп келгендей болды. Ең басты ерекшелігі – Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындап, сенімнен шыға білуінде жатса керек қой. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін Әдекең – жылт еткен жа­ңалыққа жаны құмар. Мүлдем жаңаша ойлайтын ұрпақтың өкілі. Туған қаласының ой-шұқырын бес саусақтай жатқа біліп, соны жұмыс барысында дұрыс пайдалана білетіндігін сан мәрте дәлелдеген азамат» деп ағынан жарылады әріптес ағамыз.

ӨМІРДЕРЕК

1954 жылы 26 шілдеде Қостанай облысы Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған.

1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (Мәскеу қаласы) экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы инс­титутында материалдық-техникалық жабдықтауды ұйым­дастырушы мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті.
Экономика ғылымдарының кандидаты.
Қазақ КСР Мемкино және Мем­жабдықтау жүйесінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорындарды басқарған.

1988-1995 жылдары «Цесна» көп салалы корпорациясын басқарды.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

1996 жылы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалады.

1997-2003 жылдары – Астана қаласының әкімі.

2003-2004 жылдары – Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі.

2004-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкім­ші­лігінің басшысы.

2008 жылғы қаңтар – қазан аралығында – «Нұр Отан» ха­лық­тық-демократиялық партиясы төр­ағасының бірінші орынбасары – ҚР Президентінің кеңесшісі.

2008-2009 жылдары Ресей Федерациясындағы Қазақстан Рес­публикасының Төтенше және Өкі­летті Елшісі болды.

2009-2014 жылдар аралығында – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.

2014 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

ҚР Футбол Федерациясының Пре­зиденті. 2008 жылы Астана қала­сындағы «Дөңгелек алаң» архитек­туралық кешені үшін Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сый­лығының лауреаты атанды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен наградталған. «Зажечь звезду-столицу», «Так начиналась Астана. Записки первого акима столицы» кітаптарының авторы.

Әділбек Жақсыбеков әкім болған кездегі куә болған мына бір оқиға да ойымызда әлі жаңғырып тұрғандай. Астана қаласының алғашқы тұсау­­кесеріне орай өткізілген бас­пасөз мәслихатына қатысқан шетелдік журналистің бірі оған «Қазақ­станның жаңа елордасы Астана қаласында ауызсудың сапасы нашар деген сөз рас па?» деген сұрақ қойды. Сонда Әділбек Рыс­келдіұлы «Сіздің бұл сөзді қайдан естігеніңізді білмеймін, бірақ мен үшін осы қаланың суы – ең тәтті су…» деп жауап берді. … Біз болсақ «Туған елдің, туған жердің патриоты деген осындай болар» десіп, марқайып қалдық. Шынымен солай емес пе?! Астананың тұңғыш әкіміне қатысты мұндай жайларды дәйектеп түгендей берсек, ұзын-сонар әңгімеге жалғаса бермек. Олай дейтініміз «Астана қаласының құрметті азаматы» атағын алғашқылардың бірі болып иеленген атпал азаматтың қарымды да қайырымды істері жайында әлі күнге дейін ел аузында жылы лебіздер айтылады.

Елордамыздың алғашқы қазы­ғын қадауға қатысып, Астана қала­сының негізін қалаушы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа қаланы салудағы идеяларын жүзеге асыруға қомақты үлес қосқан Әділбек Жақсыбеков 2003 жылы маусым айында ҚР Индустрия және сауда министрі қызметіне ауысты. Одан кейін Президент Әкімшілігіне жетекшілік етті.

Мемлекет басшысы жүктеген қай жұмысты болсын мұқият орындай білетін Ә.Жақсыбеков басқа да мем­лекеттік маңызды жоғары лауазымды қызметтерді атқарды. Бүгінгі таңда Қазақстан Республи­ка­сының Мемлекеттік хатшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген Әділбек Рыскелдіұлы Жақ­сы­беков асқаралы жасты бағын­дырып, кемел шағына келіп отыр.

Ел мүддесі үшін аянбайтын аза­маттың еңбегі еленіп, жұрты­ның құрметіне бөленіп жатса, кімге болсын, бұдан асқан абырой бола ма?! Осы орайда, біздің ойымызша қазақ елінің жаңа Астанасының тұңғыш әкімі болған Әділбек Жақсыбеков нағыз абыройы асқақтаған азамат. Асқақтай беріңіз!

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen − 6 =