Абылайханның пірі – Жалаңаяқ әулие кім?

0 926

Мәді қажы – Дуана қожаның баласы Бақмұхаммедтен туған немересі Жалаңаяқ әздердің қазақ тарихынан алатын орны ерекше. Мұның бірден-бір себебі – оның атақты Абылай ханның үзеңгілес досы, өмір бойы сыйынып өткен қолдаушы пірі болғандығында. Бұл туралы ханның тікелей ұрпағы, шөпшегі, белгілі ақын Шәдi-төре Жәңгiрұлының (1855-1933 жж.), Абайдың шәкірті Көкбай Жанатайұлының (1861-1925 жж.), шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың (1835-1865 жж.), ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың (1893-1920 жж.), халық мұрасын жинауда алдына жан салмаған Мәшһүр Жүсiп Көпейұлының (1858-1932 жж.) және ел аузында сақталып қалған көптеген аңыз-әңгімелер мен бірнеше тарихи жазба деректерде баяндалған.

Осы жәдігерлердің арқасында Жалаңаяқ әздердің бейнесін тереңінен зерттеп, жан-жақты талдап шығуға толық мүмкіндік пайда болды. Мысалы, Шәді-төренің «Тарихат» дастанында Жалаңаяқ әздердің Абылай ханды туғанынан бастап, дүниеден өткенінше желеп-жебеуші пірі болғаны қайта-қайта айтылып отырады. Жыр басында ақын көріпкел әулиенің ханға өзін таныстырғанда:
Дүниеге шыр-шыр етiп
келген соң сен,
Өзiңдi желеп-жебеп жүрушi
ем мен,
Атымды Жалаңаяқ әздүр дейдi,
Шiлтендер бұл қызметтi маған берген, – деп жазып келтірсе, одан кейінгі тарауларда да барынша әспеттеп сипаттаудан еш таймайды.
Мысалы, батырларды жек­пе-жекке шығарарда Табын руының Серке батырын «Қолдаушың Жалаңаяқ пiрiм болсын, Бар! – дедi Абылай сонда бетiн басып», найманның Әлібек батырын «Дұғаға қол көтерiп Абылай хан, …Майданға баруына рұқсат бердi, Берсiн деп Жалаң аяқ пiрiм жәрдем…» – деп жауға қарсы аттандырады. Шәді-төре әулиенің ханға көрсеткен көмектерін тек мұнымен шектеп қоймастан, қайта оның өзін де соғыс барысына араластырып жырлап отырады.
Ол әрекеттерін бір жерде:
«Майданға диуана да әр күн
барып,
Бiр шетте отырады демiн алып,
Абылай әулие деп пiрге есептеп,
Сиынып тұрушы едi жалбарынып…» – деп сипаттаса, одан ары, қырғызбен соғыстың ең шие­леніскен тұсында:
«…Алдына Абылайдың
пiрi келiп,
Сөйледi мына түрлi хабар берiп:
«Мен саған, қолың көтер,
бата берем,
Жауыңды қашырасың,
бүгiн жеңiп».
Соны айтты, өз ұртына қолын салды,
«Аттым деп бiр мәртебе…
тфу!» – деп қалды.
«…Пiрiнiң хан есiтiп айтқан
сөзiн,
Толтырып қуанғаннан
жасқа көзiн,
Орнынан ұстап тұрған
туын қозғап
Халыққа биiгiрек көрсеттi өзiн» – деген жолдармен толықтыра түседі.
Абылай хан мен Жалаңаяқ әздер туралы Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ» дастанында да осы сарында әңгіме өрбиді. Онда:
«Сол күнде… Жалаңаяқ әздер деген диуана Созақта жүредi екен. Абылайдың әскері көз алдында оққа ұшырап қалғанда:
– Жалаңаяқ, бұрын олай жүрсем, былай жүрсем мынау Түркiстанда Әмiр Темiр жасатқан ақ күмбездiң иесi – Әзiретi Сұлтан ғой деп, соған сыйынып жүрушi едiм. Бұрынғының «Өлiнiң мыңына сыйынғанша, тiрiнiң бiрiне сыйын», «Мың өлiден – бiр тiрi» деген сөзi бар едi. Көрсет кереметiңдi, – дегенде, Жалаңаяқ әздер: – Қырғыз Сәдiр-бала балам ғой, – дептi.
Абылай:
– Ол бала да, мынау қазақ мүритiң ғой, қаны бiрге ұлтың ғой. Бiр қырғыз қалай, көп қазақ қалай? – дегенде, пірі:
– Болмас, болмас. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп еді, – деп Жалаң­аяқ әздер… оң саусақтағы сұқ қолын ұртына тығып, қырғызға қарап үш атыпты:
– Ал, шаба бер, бөлемнiң өзiне бықбырт тидi, – дептi.
Қырғыз бықбырт, топалаң тиген қойдай ұйлығып қаша берiптi де, қазақ көтiнен қуып, Қарабалта Соқылықтың асуына жеткiзбей көбiн қырыпты…» – деп баяндалады.
Осы қырғызбен болған соғыс Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1916 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Жалаңаш баба» деген аңызында да қайталанады. Оның ішінде де Жалаңаяқ әздер туралы таңғаларлық сөздер келтіріледі.
«Абылай қырғыздан өш алуға қол жиып аттанбақ болады. Абылайдың жалаңаш жүргендiктен, Жалаңаш баба атанған бiр диуанасы бар екен: ұрысқа аттанарда һәр уақыт сонан бата алып, соның рұқсатымен аттанады екен. Бұ жолы Жалаңаш баба Абылайдың бата сұрарын бiлiп қашыпты. Абылай одан бата алмай жүрсем, жолым болмайды деп iздетiп, Ертiстiң бойындағы жалғыз ағаш түбiнен тапқызып алыпты.
– Кәпiрдi ататын жалғыз-ақ оғым қалып едi, мұсылманға атпайын деп қашып едiм, – дептi Жалаңаш баба.
– Мұсылман мұсылманның етiн итке жегiзiп, басынан келдiмұра (кәлләмұнара – Е.О.) тұрғызып, осынша қорлай ма екен?! Жүрмесең, Құдай алдында достық хақымды кешпеймiн, – дейдi Абылай.
«Достық хақымды кешпеймiн» деген сөздi ауырлап, Жалаңаш баба Абылаймен бiрге бармақшы болады. …Екi күн өтiп үшiншi күн толарда, …екi жау беттескен жерде қырғыздар оқ атып, Абылайдың жасап жатқан ғаскерiн бұзып әкеп шатырға тықты. Манағы диуанаға:
– Ендi қайтем, Жалаңаш баба?! – дейдi Абылай.
– Сәске көтерiлгенше ол атса да сен атпа, ол шапса да сен шаппа. Сенiң оғың оларға сәске көтерiлген соң дариды. Осы күнi сағат оларға ауып тұр. Қырылғаның қырыл да, қалғаның орныңда тұра бер! – дедi Жалаңаш баба.
…Сонда Таманың бiр батыры:
– Бiр жалаңаш сарттың тiлiне ерiп оққа иiрiлiп тұрып қырыламыз ба? – деп атын екпiндетiп, Абылайға таман келе берген кезде аты тулап жығып, ортан жiлiгi үзiлiптi.
Қоралас ұлы кеткен соң Әтеке:
– Бiтiмге келсек келейiк. Сүйенген пiрi күштi екен, жорта антты бiзге аударғалы тұр екен – дегенде, Нәдiр бала болмапты. Болмаған соң Әтеке өкпелеп екi мыңдай кiсiмен бөлiнiп елiне кетiптi. Сол арада сәске болып қалды. Жалаңаш баба жерден бiр уыс топырақты алып, жауға қарай шашып, «Ал, ендi шабыңдар!» – дейдi.
Қу адасқан тұман, құлан адасқан шаң болып ат бауырынан қара қан аққан соғыс болады. Ақыры Жайлыханды сегiз ұлымен қабат ұстап алады».
Шоқан Уәлихановтың мұрасынан табылған «Абылай туралы жыр» атты шағын, қара сөзбен жазылған қолжазба беттерінде де Абылай ханның қырғызға жасаған осы жорығы өз сипатын алған. Тек мұнда Жауғаш батырдың іс-әрекеттері әңгімеге арқау болған. Оқиға соңында атақты хан өзінің піріне бұрылып: «Жалаңаш қажым сен болсаң» деп жауға шабуыл жасауға шақырады да, Жалаңаяқ әздер «Аттым!» деген соң, «Аллалап Абылай шанышқан күн, «Қоқилап» қырғыз қашқан күн, Қазақты дәулет басқан күн, Қырғыздан әруақ қашқан күн» – деп хан жағаласқан жауын ойсырата жеңіп шыға келеді.
Жалаңаяқ әздердің әулиелігі тек қырғыздармен соғыспен ғана шектеліп қоймайды. Оны Көкбай Жанатайұлының «Сабалақ» дастанындағы қысқа да болса нұсқа боларлық мына төрт жол растайды:
Тіпті жоқ ол уақытта қожа,
молда,
Ер қаруы бес қару тегіс қолда.
Жалаңаяқ Әздер мен Нияз қожа
Кереметпен көрініп шыққан
сонда.
Кейбірде қазақ ішінде әлдебір тарихи тұлғаның үлкен әулиелердің қатарына жатқан-жатпағанын бақсылардың зікір салуларынан да анықтап алуға болады. Мысалы, ондай сарындарда «Түркістанда бар – түмен баб, Сайрамда бар – сансыз баб», «Ойда отырған отыз қожа, қырда отыр­ған қырық қожа» деген сөз байламдары жиі ұшырасады. Сондай көп сарынның бірінде Жалаңаяқ әздердің де есімі жебеп-жебеу­ші пір ретінде келтірілген екен. Мұны орыстың атақты түркітанушы ғалымы В.В.Радловтың 1870 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Тюркские наречья, живущих в Южной Сибири и Дзюнгарской степи» көптомдығының 1-бөлімі «Образцы народной литературы – ІІІ часть» кітабында «Бақсының сөзі» деген айдармен берілген өлеңінен оқуға болады. Онда: «Ханда – Абылай, қарада – Қазыбек, Жалаңаяқ әзіз диуана жырық» деген екі жол бар екен.

Ералы ОСПАНҰЛЫ

Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ әулие кім?

(Жалғасын мына сілтемеден оқуға болады)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × one =