Электрондық әкімдік

0 122

«Абылайхан» үйі деуге ауыз бармайды…

«Абылайхан» тұрғын үй кешенінің алаңкөңіл тұрғынымын. Қыстыгүні «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің, әкімдік қыз­меткерлерінің қатысуымен жиналыс өткізіліп, ғимараттағы кемшіліктерді жою жөнінде жұмыс тобы құрылған еді. Бірақ, нәтижесі көңіл көншітпейді. Тіпті, «Абылайхан» үйі деуге ауыз бармайды. Өз басымдағы ғана жағдайды баяндайын:

291-ші пәтердің лоджиясына бір қабат, абажадай әйнектер орната салған. Жауын-шашында тесіктен кірген су қабат қуалап, төменге қарай ағады. Қыстыгүні үйдің іші азынап кетеді. Бір күні қойдың шеліндей жұқа терезе қатты желдің қарқынына шыдай алмай жұлынып кетсе, біреудің басына түсіп мерт қылуы мүмкін. Құрылысты салған «АстанаСтройИнвест» АҚ «Сен тимесең мен тимен» деп отырған жайы бар.

Қайрат Мейрімбеков

Өтініш  28 мамырда түсіп, 7 күнде қаралды

Құзіретті мекеме не дейді?

Құрылыс басқармасы:
Нақты шаралар қабылдау үшін Мем­лекеттік сәулет-құрылысты бақылау және лицензиялау департаментіне жазбаша түрде шағым түсіріңіз. Одан әрі қарай ма­мандар Бас проку­ра­тураның Құқықтық статистика, ақпарат және арнайы тіркеу бас­қар­масындағы мәліметке сүйене отырып, тексеріс жүргізеді.

Ауламыз абайсызда жарылса қайтеміз?

Жеңіс даңғылы, 56-шы үйдің ауласында тұрғындардың демалуына, балалардың ойынына жағдай жасалмаған. Есесіне, біреу газгольдерге тақап тұрып, темір гаражын қойып алды. Тіпті, өз алдына бөлек жолы да бар. Гараждың қасындағы Жеңіс даңғылы, 56/1 жер үй бұрын бөтелке қабылдайтын пункт болған, сосын пластикалық есік пен терезе дайындайтын цех ашты, қазір қараусыз. Ал, келесі 58 Б нөмірлі үй теміржол емханасының ауласында тұрғандықтан, дәл газгольдердің түбінен емхананың ауласына кіретін табан жол жасап қойыпты. Кірген-шыққанның бәрі осы жерден өткіш, әйтеуір. Пайдалану ережесіне сәйкес газ жинағыштан бес метр қашықтықта ештеңе тұрмауы тиіс. Ауламыз абайсызда жарылса қайтеміз? Сондықтан, жоғарыдағы екі үй мен гараждың қаншалықты заңды екенін тексерулеріңізді сұраймын.

Рысалды Сағындыққызы

Өтініш 17 мамырда түсіп, 10 күнде шешімін тапты. 

Құзіретті мекеме не дейді?

Сарыарқа ауданының әкімдігі:
Шағымда көрсетілген екі үйдің заңды-заңсыздығын Астана қала­сының аумақаралық жер инспекциясы тексереді. Ал, темір гаражды алып тастауға иесіне 10 күн уақыт берілді.

Сайтан жұтты ма, сайттан атымды таппадым

Астананың тумасымын, тұрғылықты мекен-жай бойынша осында тіркелгем. 2008 жылы әкем менің атымнан жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға өтініш берген. 2011 жылы бір тексеріп көргенде, тізімде болдым. Енді сайтан жұтты ма, сайттан өз атымды таба алмай отырғаным. Әлде арнайы тізімнен шығып қалдым ба? Егер аты-жөнім жоқ болса, қайта құжат өткізуім керек пе?

Әсем Алкишева

Өтініш 26 мамырда түсіп, 5 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?

Жер қатынастары басқармасы:
Жеке тұрғын үй құрылысына жер үлестіру ҚР Үкіметінің 2006 жылы 1 тамызда бекіткен №726 Ережесі бойынша жүргізіледі. Яғни, оған сәйкес арнайы құрылысқа лайықталған жер телімі болмаған жағдайда, азаматтар өтініштің берілу кезегіне қарай арнайы тізімге қосылады. Сіздің 2006 жылы 28 қыркүйекте тіркелген өтінішіңіз арнайы тізімде №46099 болып тұр. Инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген жер бола қалған жағдайда, кезек бойынша сұранысыңыз қанағаттандырылады. Қайтадан құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Кепілдендірілген көмекті сұраймын

Қазақстанда тұруға рұқсат алған шетелдіктерге кепілдендірілген тегін медициналық көмек тиесілі ме өзі? Менің туысқаным – мүгедек, қатерлі ісікке шалдыққан. Былтыр тегін қаралып еді, биыл онкология бөлімшесі бас тартты. Заң бойынша уақытша тұратын адамның құқықтары мен міндеттері бірдей деп жазылған. Оның үстіне Денсаулық кодексінде кепілдендірілген медициналық көмекті Қазақстан азаматтарымен қатар оралмандар да алуға болатындығы анық көрсетілген. Ендеше, дәрігер неге «өзімбілемдікке» салынып отыр?

Ғалия

Өтініш 3 маусымда түсіп, 2 күнде жауап берілді.

Құзіретті мекеме не дейді?

Денсаулық сақтау басқармасы:
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі №665 бұйрығына сәйкес, иммигранттарға №2018 қаулыда бекітілген, қоршаған ортаға қауіп тудыратын ауруларға шалдыққанда ғана кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетіледі. Басқа жағдайларда медициналық қызмет ақылы.

Қоқыс жәшіктерін қоясыздар ма?

Қаламыз күннен-күнге өсіп келеді, жаңа ғимараттар, жолдар, көшелер – барлығы халық үшін жасалып жатыр. Өткен аптада академик Бараев атындағы көше бойында аялдамаларды жаңалады. Бірақ, қоқыс салатын жәшік қоюды ұмытып кеткен сияқты. Адамдар қалдырған қоқыстарды жинаумен әлек болатын жұмыскерлерге обал ғой. Осыған ақшамыз жетпей қалды ма?

Жолан Төлеуұлы

Өтініш 24 мамырда түсіп, 6 күнде шешімін тапты.

Құзіретті мекеме не дейді?

Қоғамдық көлік және автомобиль жолдары басқармасы:
Осы аптаның аяғына дейін сіз айтқан жерге қоқыс жәшіктері орнатылады.

«Сусақпын» деп сұрамсақтануға ұяламын

Менің жасым 49-да. Төрт жылдай болды, қант диабетінің екінші типіне шал­дықтым. Бесінші емханада арнайы тіркеуде тұрмын. Бірақ, биыл маған бірінші типтегі сусақтарға жеткізе алмай жатырмыз деп глюкометр мен тест-жолақша бермей қалды. Эндокринологымның айтқаны рас па? Рас болса, қоя салайын. Сусақпын деп сұрамсақтана беруге ұяламын.

Андрей Губский

Өтініш 28 мамырда түсіп, 2 күнде жауап берілді

Құзіретті мекеме не дейді?

Денсаулық сақтау басқармасы:
Қант мөлшерін анықтайтын тест-жолақша мен глюкометр, сондай-ақ, инсулин егуге арналған шприц диспансерде тіркеуде тұрған, инсулинге тәуелді сырқаттарға мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынады. Қаптамасында 7 тест-жолақшасы бар глюкометр әр науқасқа жылына бір-ақ рет беріледі.
Сіз қант диабетінің екінші типіне (таблетка дәрі-дәрмек + инсулин) шалдыққаныңыз ескерілгендіктен, былтыр тамыз айында тиісті көмекті алыпсыз. Сондықтан, ендігі тест-жолақша мен глюкометрді биыл тамыз айында береді. Диабетке қарсы ем-шаралар жөнінде сауалыңыз болса, №5 қалалық емхананың бас дәрігерінің орынбасары К.А. Мұхитдиноваға жолыға аласыз. Тел: 28-95-31

Дайындаған: Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + 6 =