Абылайхан ОСПАНОВ, ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің Электрондық қызметтерді және ХҚКО дамыту департаментінің директоры: ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЦИФРЛЫҚ ҚОЛТАҢБА МОБИЛЬДІ БОЛАДЫ

0 208

Абылайхан ОСПАНОВ

– 2015 жылы қазақстандықтар электрондық цифрлық қолтаңбаны SIM-картаның көмегімен пайдаланады екен. Жобаның артықшылығы неде?

– «Мобильді қолтаңба» электрондық қызметтер мен сервистерді ұялы телефонның кез келген моделі арқылы алуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдық «Мобильді үкіметтің ақпараттық жүйесі.М-GOV құру» жобасы шеңберінде әзірленуде. Бүгінгі күні «iOs» және «Android» операциялық жүйесін пайдаланушылар үшін egov.kz мобильді қосымшасы арқылы 13 электрондық мемлекеттік қызмет қолжетімді. Олардың қатарында баспана кезегін бақылау, коммуналдық қызметтер үшін төлемақы төлеу, жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу секілді бірқатар қызметтер бар. Аталған қызметтерді алу үшін мобильді қосымшаны пайдаланушылар файлдық ЭЦҚ қолданады.

– Яғни, қағаз анықтамалар мен құжаттардан бас тартуға мүмкіндік бар ғой?

– SIM-картаға жазылған ЭЦҚ ұялы телефонның кез келген түрі арқылы электрондық қызметтерді алуға мүмкіндік береді, тек SIM-картаны ғана өзгерту қажет болады. Бұл дегеніміз, болашақта мобильді үкіметтің мүмкіндіктері аясында қағаз анықтамалар мен құжаттардан бас тартатындығымызды білдіреді.

– Жалпы, осы уақытқа дейін қанша адам электронды цифрлық қолтаңбаға ие болды?

– 2008 жылдан бері қазақстандықтарға барлығы 4,7 млн ЭЦҚ берілген. Бүгінгі таңда шамамен 2,35 млн ЭЦҚ қолданыста жүр. Атап өту керек, оның 90%-ы жеке тұлғаларға берілген.

– Тұрғындар ЭЦҚ арқылы қандай қызметтерді жиі пайдаланады?

– Бүгінде азаматтар ЭЦҚ көмегімен мемлекеттік органдардың виртуалды қабылдауларына өз өтінімдерін жолдап, анықтамалар алуда. Түрлі қызметтер мен рұқсаттарды алуға өтініш беріп, тұрғылықты мекен – жайы бойынша тіркеуге тұрып, тіркеуден шығуда. Ал, заңды тұлғалар болса ЭЦҚ көмегімен Интернет арқылы билік құрылымдарымен, түрлі мекемелермен Қазақстанның кез келген аймағындағы серіктестерімен онлайн режимінде әріптестік орнатып, кәсіптерін кеңейте түсуде.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − three =