Абылай ханның пірі – Жалаңаяқ әулие кім?

0 231

Ендi Жалаңаяқ әздердің сыртқы сипаты мен адамгершілік қасиеттері жөнінде бірер сөз. Бұл турасында жоғарыда әңгіме болған Шәді-төренің «Тарихатынан» алынған үзіндіден оқып білсе болады.
Баяғы жалаң аяқ ханның пiрi
Қосынға өзi келдi мағлұмданып,
Жүредi жалаң аяқ әм жалаң бас
Қайрылып иығын жауып
тұрады шаш,
Нәзiрге әркiм дүние берсе-дағы
Ешбiрiн аламын деп назар
қылмас,
Бағзы уақыт жоқ болады
кетiп қалып,
Бағзыда келер едi мағлұмданып,
Алдында адамы жоқ мезгiлiнде
Оңаша жолығады ханға барып.
Бағзылар уәли дердi көңiлi кетiп,
Бағзылар жынды дердi
мазақ етiп.
Бұл сөздерден әулиенің неліктен «жалаңаяқ» деген лақабқа ие болғанын түсінуге жол ашылады. Бүгіндері кейбір кісілер онысын үстiне киген жұпыны-жыртық киiмiнен, қысы-жазы етіксіз қар кешiп, тiкенге шаншылып жүргендігiнен деп ойлайды. Бұл өте тұрпайы, сөзбе-сөз түсiнгендікке жатады. Мысалы, Қаз дауысты Қазыбек дегенде ешкiмнің де ойына би сөйлегенде оның даусы қаздай қаңқылдаған екен деген ой келмейтіні секілді, бiздер де «жалаңаяқ» дегенде сөздің астарына, оның балама мағынасына көңiл бөлгенiмiз жөн. Осыған орай Жалаңаяқ әздердiң өмір бойы Хақ жолында дәруіш боп, тақуалықты ұстанып, жеке басының пайдасынан гөрі барша халықтың қамын жеп, қажет болса қаймықпастан ханға да, қараға да ойындағысын жайып салатыны және атақты Абылайдың сыйынған пірі бола тұра, қарапайым да қанағатшыл болғанын естен шығармағанымыз дұрыс. Мұны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айтыс» деген поэ­масынан алынған мына бiр өлең жолдары барынша растайды:
Дұрыс сөзiн айтудан
қаймықпаған,
Бермей қояр ат пенен
түйесiн деп.
«Айтқаны келедi» деп халық
сенген,
Халық өзi наныста соған ерген.
Сондықтан батырлар мен
хандар дағы,
Қол қусырып пiр қылған, малын
берген.
Батыр мен хан қауiптi
дұшпандарын,
«Жалаңаш баба» бата берсе
жеңген.
Осындағы «айтқаны келеді» деген тек сәуегей әулиелерге ғана тән теңеудің Жалаңаяқ әздерге тікелей қатысы бар екендігін әйгілі Мәшһүр Жүсiптiң «Абылай ханның түсi» атты аңыз-әңгiмеде баяндалатын оқиғамен дәлелдеуге болады. Онда мынадай сөздер бар:
«Абылай ханның өлгенiн естiгенде Жалаңаяқ әздер үш күн, үш түн жылаған екен.
– Тақсыр, мұнша неге жылайсыз? – деушiлерге:
– Есiл Абылай баяғыдан берi жүрiп-жүрiп, Сары-Арқада өлмей, сарттың қорғанында өлдi. Ендi хандық сартта қалды, қазақтан бақ кеттi, құт қашты» деген екен.
Бұл сөздiң жай-жапсарын түсiндiрiп жатудың қажетi шамалы шығар. Себебi атақты хан дүние­ден озған соң оңтүстiк өңiрлерi тасы өрге домалаған Қоқан бектерiнiң езгiсiне түсiп, халқымыздың қайран Абылайдың заманын армандап зар болғанын күнi бүгiнге дейiн есімізден шыққан жоқ.
Сөз орайы келген соң айта кетейін, Қоқан хандығы Қазақстанның күнгейіндегі ескі шаһарлар Шымкент, Сайрам, Манкент, Түркістан, Созақты 1809-1810 жылдары жаулап алған, яғни Абылай хан дүниеден озғаннан кейін 30 жылға жуық уақыт өткен соң ғана…
Соңғы жылдары Жалаңаяқ әздерге қатысты көптеген тың мәліметтердің табылып отырғаны ерекше қуантады. Олардың ішінде Ташкент маңынан табылған шежірелі тарихи құжат, Қызылорда облысының Қармақшы өңірінде ХІХ ғасырдың басында жасаған белгілі Марал ишанға қатысты аңыз-әңгімелер мен оның ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған әулиенің көк асасының алатын орны өте жоғары.
Шежірелі тарихи құжатты алғаш тауып зерттеп шыққан шығыстанушы ғалым Әшірбек Момыновтың айтуынша, бұл көнерген жәдігер 1826 жылы Созақ өңірінде дүние­ге келген екен. Оны қожалар шежіресі – насаб-нама мен соған жабыстырылған түрлі көлемді көптеген парақшалар құрайды. Насаб-наманың ішінде Әзіреті Әлі, Ысқақ баб, Әбдіжәлил баб, Сопы (Диуана мағынасында – Е.О.) қожалардың есімдерімен қатар «Ир Хал-Мухаммад ‘азизлар, лакаблари Йаланг-Айаг-‘азизлар» – «Ер Қалмұхаммед – лақабы Жалаңаяқ әздер» деген жазу және оның ұлдары Кедей қожа, Сары қожа, Қажы қожа, Назар қожа, т.б. есімдері келтіріліп, қосымша парақшаларда қоқандықтарға қарсы көтеріліске шыққан «Улуғ йуз, Урта йуз, Кичик йузнинг» ішіндегі қазақ руларының аттары мен ел жақсыларының есімдері жазылған. Әшірбек Момынов бұл сирек құжатты мұсылман елдерінде орта ғасырларда өзара қолданыста болған пәтуаға (фетва) жатқызады. Олай болса, бұл Қазақстан тарихында орын алған жаңа үрдістің сақталып, бізге жеткен, қалған жалғыз ғана нұсқасы болғаны.
Ал енді, Марал ишан (Иса Құрманов) туралы сөз қозғасақ, ол Жалаңаяқ әздерге шәкірт болып келеді. Оны Марал қалпеге қатысты көптеген аңыз-әңгімелерден бөлек орыс отаршыларының мұрағатынан табылған 1821 жылдың 9 маусымында жазылған сирек құжат дәлелдейді.
Осы Сыр өңіріне аты кеңінен жайылған Марал ишан жайлы әңгімелерде ұстазы Жалаңаяқ әздер оған өзінің көк асасын сыйлаған деген сөз бар. Сол алтынға бергісіз асыл зат бүгіндері Марал ишанның тікелей ұрпағы Ұлықбек Әлиас­қарұлы Абдулхамитовтың үйінде сақтаулы тұр. Жолым болып 2015 жылы оны суретке түсіріп алудың сәті түскені бар-ды.
Көк аса – ақ түсті фарфор тектес шыныдан жасалынған жұмыр зат болып шықты. Уақытында ағаш таяқтың басында тұрғаны оңай аңғарылады. Себебі көк асаның астыңғы жағында ағашқа қондырып қоюға ыңғайлы болсын деп жасалынған үшкір ұшының сынып қалған орны сақталған. Заттың ұзындығы – 6,3 см, ені – 6 см. Заттың түсі аппақ болғанымен, қою көлеңкелі жерде, күңгірт түскенде көгеріп көрінетін болғандықтан, «көк аса» деп атап кеткен секілді.
Бұл жәдігерден бөлек, Марал ишанның ұрпақтарының қолында осы көк асаның темір ұшы да бар болып шықты.
Заманында алты алашқа аты жайылған Ер Қалмұхаммед – ­Жалаңаяқ әздердің кесенесі Түркістан облысы, Созақ ауданындағы Созақ ауылында орналасқан. Соңғы жылдары бабаларының жатқан жерін іздеп тапқан ұрпақтары мазардың айналасын көгалдандырып, бітелген бұлақтардың көзін ашып, арықтың арнасын лайдан тазалап, жаңа көпір салып, киелі жерді айналдыра қоршаған шарбақ тұрғызып, екі жыл қатарынан ас берді. Болашақта, 1969 жылы езіліп құлап қалған, сосын 1996 жылы Мұхитдин деген өзбектің өз қаражатына қайтадан көтерілген кесенені күрделі жөндеуден өткізу шарасы қолға алынбақ.
Сөз соңында, ел ішінде Жалаңаяқ әздерді – Жалаңаяқ әздүр, Жалаң­аяқ Ашдүр, Әз Жалаңаяқ, Жалаң­аяқ әз, Жалаңаш Баба, Жалаңаяқ әулие, Жалаңаяқ ишан, Жалаңаяқ деп түрленіп атау қалыптасқанын атап кеткенім абзал. «Әздер» деген арабтың «азиз» – құдіретті, күшті, сирек, қымбатты, аяулы деген кең мағыналы сөзінен туындаған болса, «әулие» сөзі – араб тіліндегі «уали» (вали) сөзінің көпше түрі «авлийа» болып келеді. Оның мағынасы – Құдайға ең жақын тұрған, Алланың досы немесе Алланың қорғауындағы адам дегенді білдіреді. Әулие ұғымы – діни құлшылықтың мәніне терең жеткен, Жаратушы туралы ілімді толық меңгерген діндар кісі. Ондай адамдар өз іс-әрекетімен ­Аллаға-тағалаға жақындап қоймай, сонымен қатар Құранда айтылған «ең әділетті қоғам» құру үшін қажымай, талмай еңбек етеді. Әулие өзінің қара басының мүддесі үшін емес, тек Жаратушының қалағанын іске асыруға жан-тәнін салады. Сол себепті ондай адам өзін Алланың жер бетін басқан өкілі ретінде ­сезінеді.

Ералы ОСПАНҰЛЫ

(Соңы. Басы газеттіің №64 (4033) санында)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 1 =