Абылай ханның атынан жалған хат апарған кім?..

0 55

Жоңғарлар жойылысымен қазақ-маньчжур қарым-қатынастары жолға қойылып, екі елдің елшілер алмаса бастағаны тарихтан белгілі. Қазақтар Еженхан деп атап кеткен Маньчжур-цин императорларымен жүздескен қазақ елшілері хандықтың мәмілегерлік саясаты мен ресми талап-тілектерін хабарлап отырған.Мысалы, 1760 жылы Қытай сарайына барған қазақ елшілері «ойрат жерінің» құлазып бос қалғанын айтып, Тарбағатай мен Іледен «қоныс беруді» сұрайды. Қазақ елшіліктері турасында қытай мұрағаттарында мол мағлұматтар сақталған. Осы қатарда назар аудартатын қызық деректердің бірі – император Цяньлунның 1762 жылдың 2 маусымында әскери қызмет амбанына (қазіргі тілмен айтқанда, қорғаныс министрі) берген жарлығы. Император жарлықта «(Қобдадағы кеңесші амбан) Агуй <Абылайдың хатының аудармасын оқыдым. Хаттағы патша жарлығына бағынып, ғасырлар бойы бейбіт өтеміз деген Абылайдың өз сөзінен өзгесін Атақай жанынан қосыпты, жазуы да бірдей емес> деп хабарлапты. Бүгін Атақай әкелген Абылайдың хатын мен де оқыдым, маған есендік тілеген (Абылайдың сөзінен) басқасы түгелімен Атақайдың ойдан шығарған өтірігі екен. Ол өзіне ресми бас киім сыйлауымды өтініп, мал-жанын қайтаруымды сұрапты…» дейді.
Абылайдың атынан Еженханға жалған хат апарған Атақайдың кім болғаны жайлы, өкінішке қарай, қытай мұрағаттары мардымды мәлімет ұсынбайды. Бұл тұлғаның есімі біздің әдебиеттерде Атығай, Атағай, Атақай деп әртүрлі жазылып жүруінің өзі де деректер тапшылығының салдары. Қытайлық кей ғалымдар, мысалы, тарих ғылымдарының докторы Чжан Жун Атақайды 1760 жылы Бейжіңге елші болып барған Аталай болар деп болжайды. Біз бұл болжаммен келіспейміз. Өйткені 1760 жылы Цин императорының қабылдауында болған Аталай Әбілмәмбет ханның елшісі еді, оның үстіне Аталай сол сапарында Еженханның жарлығымен үшінші дәрежелі ресми бас киіммен жарылқанып, лауазым белгісі – діңсетас сыйға алған болатын, оның арада екі жыл өтер-өтпесте Абылайдың атынан Қытайға елшілікке аттанып, өзіне тағы да ресми бас киім сұрауының қисыны жоқ.
Дегенмен, Атақайды сүйегі бұрыт (қырғыз) болар деген Чжан Жунның жорамалының жаны бар деп есептейміз. Сенімді дереккөздер 1762 жылы Абылайдың атынан Бейжіңге елшілікке барып, ханның өтінішімен Цин империясына тәуелді Іле өңірінен қоныс алған ағайынды Омар, Сырымбет, Қуаттардың қырғыздар екенін айғақтайды. Өзге ұлт өкілдерін елшілікке жіберудің мұнан өзге де мысалдары бар. Әбілпейіздің 1764 жылы Қытайға жүргізген елшілігінің құрамында ойраттың тарбағачын руының тәйжісі Сайбек (Сібек) деген кісі де болған, ол Әбілпейіздің өкіл інісі еді. Әбілпейіз хатында Сайбектің Ілеге ірге көмуіне Цин үкіметінің рұқсат етуін сұрайды. Бұл туралы Іле цзянцзюньі Минжуй императорға жолдаған мәліметінде «қазақтар Тарбағатайға әскер тұрғызғанымыздан алаңдайды екен, Сайбекті Ілеге қоныстандырып, сол арқылы жасырын тіл алып тұрғысы келген шығар» деген күдігін айтады. Қалай дегенмен, қазақтардың бір кезде жоңғарлар күшпен жаулап алып, ендігіде басы бүтін шүршіт билігіне көшкен ата қоныстарын қайтарып алуға бағытталған аумақтық талабының дәйекті болғандығын растайтын деректер жеткілікті. Осы мақсатқа орай қазақ хан-сұлтандары әртүрлі әдіс-амалдар қолданып жатса, оған таң қалудың жөні жоқ.
«Атақайдың сойы қырғыз болар» деген болжамды растауы мүмкін көлденең дерек ретінде 1765 жылы 1 мамырда жазылған «Қазақтар мен қырғыздардың бірін-бірі тонағаны және басқа мәселелер туралы Іледегі цзянцзюнь Айлунаның берген мәліметі» деген маньчжурша құжатты айтуға болады. 1764 жылғы қазақ-қырғыз жанжалынан сыр шертетін осы құжаттан белгілі болғандай, қырғызды шабуға аттанған Әбілпейіз сұлтанның қолы Іле өзенінен өтіп, Самсу деген жерге жеткенде, Шоңғай, Ерназар, Құлназар және Ақтамберді бастаған топ «Мына отырған бұрыттар, былтыр біздің жылқымызды айдап әкеткен бұрыттар да, осындағы Кебек дейтін бұрытпен қоңсы отырып жүретін Нобхуй бастаған бұрыттар. Біз енді осыларды шабайық» деп ақыл қосады және Әбілпейіздің қарсылығына қарамастан «бұрыттардың осыдан бұрын мал айдап кеткен ізін қуып барып, Атақай есімді бұрыттармен қоңсы отырған Кебектің ауылын шабады. Шынымен қырғыздар айдап әкеткен жылқының ішінен Шоңғай секілді қазақтардың алдыртқан жылқылары бар болып шықты».
Біз Абылай ханның атынан Бейжіңге елшілікке барған Атақай осы деректе тілге алынған қырғыз Атақай болуы мүмкін деп жоримыз. 1762 жылы қыркүйек айында император Цяньлунның қабылдауында болған қазақ елшілігінің құрамындағы қырғыз Омар император сарайынан Цяньцинмэнь жасауылы деген лауазым алып, Абылай ханның өтінішімен ата жұрты Ілеге қоныстана тұруға Цин билігінен рұқсат алады. Мүмкін, Еженханға жалған хат апарған Атақай да осы қатарда Ілеге қоныс тепсе ғажап емес. Әрине, бұл болжамымыз қазірше өзін-өзі ақтай алмайды, дегенмен, бұл жұмбақтың шешуі қытай мұрағаттарына жүргізілген егжей-тегжейлі зерттеудің арқасында анықтала жатар деп үміттенеміз.
Қытай заңы бойынша, императорды алдау – шектен шыққан кешірілмес қылмыс. Бірақ, соған қарамастан, императордың бұл істі ушықтырмауға мейлінше тырысуы Цин империясының қазақтармен қарым-қатынасқа айрықша мән беріп, қылдай сызат түсірмеуге мүдделі болғанын көрсетеді. Дей тұрғанмен, осы оқиғаға байланысты Цин императорының көңіліне күдік кіргені де өтірік емес. Істің немен тынғанын қолымыздағы мәліметтердің тапшылығына байланысты қазірше болжай алмаймыз. Бір анығы, қазақ елшісі Атақайды Маньчжурдің айдарлы жасауылы Ақтұңа 1762 жылдың желтоқсан айында Аягөзге дейін жеткізіп салады. Сол сапарында Ақтұңа қазақтың суан руынан Үмбетай деген адамның Аягөзді қыстап отырғанын хабарлайды. Атақайды Абылайдың алдында жауапқа тартты ма, жоқ па, ол жағы жұмбақ. Дегенмен, қытай мұрағаттарының қисапсыз молдығын ескергенде, қазақ-қытай қатынастарының өзге де ашылмаған құпияларына сол бағыттан іздеу салған жөн деп білеміз.

Мазан ЕРЛАН,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің магистранты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine − 7 =