Абылай Ханның арманы жүзеге асты

0 171

Қайнаған қазанның ішінде, тарихи оқиғалардың эпицентрінде белсенділікпен тыңғылықты жұмыс істегендіктен болар, жаңа елордамыз – Астана қаласының тәй-тәй басқан әрбір қадамы, Астана қаласының негізін қалаушы, оның бас архитекторы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанқиярлық еңбектері менің жүрегімде сақталған, күні кешегідей көз алдымда.

1999 жылдың 12 қазаны күні қаланың оңтүстік-шығыс аймағында жаңа саябаққа ағаштар отырғызу жұмыстары ұйымдастырылды. Дәл сол күні Нұрлан Балғымбаев басқарған Үкімет отставкаға кетіп, орнына Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған жаңа Үкімет құрамы сайланды. Жаңа бақты салуға Елбасы өзімен бірге жаңа тағайындалған Үкімет мүшелерін, министрлерді, Парламенттің қос палатасының депутаттарын, қала басшыларын ертіп келді. Нұрсұлтан Әбішұлы өз қолымен жас тал отырғызып, оған су құйды. Сәлден кейін Президентті журналистер қауымы қоршап алып, сұрақтарын бұрқыратып қоя бастады. Мен Астана қаласының баспасөз хатшысы ретінде бұл брифингті жүргізіп тұрдым.

Елбасы жаңа саябақтың болашағын қалай көретінін жақсылап айтып берді. Бұл бақ жас астанамыз секілді жасыл желекке бөленіп, адамдар демалатын, балалар асыр салып ойнайтын құтты мекенге айналатынын тілге тиек етті. Кенеттен журналис­тердің бірі күтпеген тосын сұрақ қойды: «Саябақ қалай аталатын болады? Оның аты бола ма?»

– «Әрине, болады. Сендер ұсыныс жасаңдар, мен қолдаймын» деп Мемлекет басшысы әлгі сұрақ қойған журналиске байыппен тіке қарады. Сауал қойғанымен, ондайды күтпеген әріптес бауырымыздың ләм-мим деп жауап қатуға мұршасы болмай, абдырап қалды. Пауза болдырмау үшін әңгімеге мен араластым. Сол мезетте менің аузыма мынадай сөз түсті: «Нұр аға! Менде ұсыныс бар. Сіз бірінші талын отырғызған саябаққа «Жерұйық» деген ат лайық сияқты? Солай атасақ қалай болады?» Елбасыға ұсынысым бірден ұнады.

«Біздің абыз бабамыз, философ, жиһанкез, аты аңыз­ға айналған Асан қайғы осы Сарыарқаны таңдап, «Жерұйық» жер деп атаған. Мен қолдаймын. Мен қолдаймын» деп Нұраға екі мәрте қайталады.

Президент күтпеген жерден менің ұсынысымды қолдады! «Еуразия» сауда орталығының жанындағы саябақ сол сәттен бастап «Жерұйық» деп аталды. Бұл мысал біздің Президентіміздің өзіндік сипатын, оның демократияшылдығын, кез келген игі бастаманы, идеяны қолдайтынын дәлелдейді.Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігі, батылдығы және қай істе де терең ойлайтындығы туралы айтқанда, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» атты романындағы бір эпизод еріксіз еске түседі.

– «Абылай хан жетпіс жасқа дейін жетіп, ауырып қалады, өзіне сенімді Бұқар жырауды шақыртады.
– Орындалмаған армандарыңыз бен ниеттеріңіз бар ма? – деп сұрады қарт данышпан. Абылай өкіне отырып, былай деді:
– Көп қан төгілді, егер мен оны төкпегенде, онда оны менің жауларым төгер еді;
Менің халқым Жер-Анаға бетімен бұрылып үлгермеді, мен қала тұрғызып үлгермедім;
Халықты біріктіріп үлгермедім, онда жікшілдер көп болып шықты…»

Осы диалог болған уақыт пен және қазіргі уақыт арасына параллельдер жүргізуге бола ма екен? Парасатты сана мұндайдың әбден мүмкін екендігін айтады. Мүмкін Абылайдың ежелгі армандарының Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың нақты істерінде көрінуінің себебі осы шығар. Біздің қоғам бүгін бейбітшілік пен түсіністікте өмір сүреді және әрқашан достық көршілік қатынасқа, аспанымыздың ашық болуына, таяу және алыс шетелдермен ынтымақтастыққа, саяси-­экономикалық және әлеуметтік проблемалардың дұрыс шешілуіне күш салып келеді.

Мына жағдайды ерекше атап айтқым келіп отыр. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасымыз өзінің көрегендігімен, күш-жігерімен, парасаттылығымен және үлкен стратег басшы ретінде сан ғасырлық тарихы бар өз халқын тұңғыш рет біртұтас ел ретінде біріктіре алды және Есіл өзенінің жанынан су жаңа елорда – Астана қаласын тұрғызды. Абылай ханның арманын жүзеге толығымен асырды.Өтпелі кезеңде ел астанасын ауыстыру қажет пе еді? Осы секілді сұрақтардың барлығына Н.Назарбаев өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жауап берді:

«…Мен астананы ауыстырудың Қазақстанды жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенімді болдым.Біріншіден, астананы ауыс­тыру алғашында біз үшін геосаяси тұрғыдан Қазақстанды нығайтуға бағытталған қадам ретінде қарастырылды. Осы арқылы біз бейбіт сырт­қы саясатымыздың көп қырлы сипатын растаймыз.Екіншіден, біздің таңдауымызда қауіпсіздік те маңызды рөл атқарды. Бұл жағдайда тәуелсіз мемлекеттің астанасы сыртқы шекарадан қашық, мүмкіндігінше елдің орталығында болуы қажет.Сонымен қатар, бірқатар сарапшылардың сол уақытта Орта Азия аймағындағы шиеленіс күшейе түседі деген жорамалын да ескеру қажет болды.Осыған байланысты, мемлекеттік жоғарғы органдар қызметінің қауіпсіздігін, аймақтағы жағдай күрделене түскен жағдайда олардың қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету маңызды болды.

Кейін осы аймақтағы оқиғалар көрсеткендей, біздің күдігіміз негізсіз болмай шықты.Үшіншіден, астананы көшіру Қазақстан экономикасын одан әрі дамыту барысында тиімді болатын еді.Осының арқасында, республика территориясында халықты және өндірістік күшті біржақты жайғастыруды біртіндеп жеңу, орталық және солтүстік аймақтарда инновациялық және ғылыми өндірістерді, прогрессивті ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды және қайта өңдеу мен ауылшаруашылық индустриясының кең желісін тұрақты дамыту мүмкін болады. Бұл өз кезегінде Қазақстанның өнеркәсіптік дамуын арттырады, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануды және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, бұл қадам елдегі тұрақтылық пен ұлтаралық татулықтың нығаюы жағынан өте тиімді. Астананы халық құрамы бойынша көп ұлтты аймаққа ауыстыру полиэтникалық мемлекетті құруда, Қазақстанда тұратын барлық этникалық топтар арасындағы достастық пен түсіністікті сақтауға және оны арттыруға оң әсер ететін еді.Мен Парламент мінбесінен депутаттарды уақыт өте келе Қазақстанның жаңа астанасы қоғамдық-саяси және ірі ғылыми, мәдени және іскерлік орталығы болатындығына сендірдім.Астананы ауыстыру Алматы үшін де тиімді болады. Осы қадам арқылы біз қалаға қайта туылу мүмкіндігін бергендей боламыз.
Босатылатын алаңдарды индустрияны, туризмді, демалыс пен спортты дамыту үшін кеңінен пайдалануға болады. Бұл қала шаруа­шылығының ең пайдалы салалары үшін тиімді. Сонымен қатар, үлкен мегаполистен үлкен ауыртпалықтар алынатын болады, экологиясы жақсарады.

Алматы мемлекеттің және барша аймақтың экономикалық және қоғамдық-сая­си өміріне әсер ететін, Қазақстанның, бүкіл Орта Азияның ірі іскерлік, қаржы, ғылыми және мәдени орталығы болып қала береді. Өйткені Алматы көптеген республикалық және халықаралық коммуникацияның тоғысу орталығы болып табылады.

Менің сөздерім бойынша қызу пікірталастар болды, олар күн бойына созылды. Республиканың Жоғарғы Кеңесі менің оппоненттерімнің қарсылығына қарамастан көпшілік дауыспен шешім қабылдады: Қазақстан астанасы Ақмолаға көшіріледі. Осы шешімді қабылдау үш жылдан аса уақытқа созылған астананы көшіру процесінде аяқталған нүкте болды.Біздің ХХ ғасырдың аяғында осындай тарихи шешім қабылдауымыздың, елдің жеке мүддесінен шыға отырып, үлкен саяси және салттық мағынасы бар. Ол еркін және тәуелсіз болған егемен ел халқының еркіндік бейнесі болды.Қалаларда да адамдар секілді өз тағдыры бар. Олардың әрқайсысында – өзінің аты мен қайталанбас өмірбаяны, оны дүниедегі басқа ешқандай қаламен шатастыр­майтын өзіндік ерекше сипаты мен белгілері бар.

Біздің Астана – бұл біздің стратегиялық ойларымыз бен ниеттеріміздің квинтэссенциясы».Өз тарихында бүгін біз тұратын қаланың атауы бірнеше рет өзгерді: 1830-1832 жылдары – Ақмола; 1832-1961 жылдары – Акмолинск; 1961-1992 жылдары – Целиноград; 1992-1998 жылдары – Ақмола, ал 1998 жылдан бастап – Астана.Қаланың жаңа атауы бірнеше негіздемелерге байланысты қажет болды: «Астана» сөзінің айқын мағынасы бар. Қала атауы жағымды естіледі және мемлекеттік тілде де, негізгі халықаралық тілдерде де мағынасын еш өзгертпейді. Ақыр соңында, оның өзі – қала символы.

Қазір біздің астанамыз – әсем әрі бірегей. Оңтүстік пен солтүстікті, шығыс пен батысты біріктіретін жолдар тоғысындағы Астана Еуразия жүрегі болды. Ол уақыт өткен сайын таң қаларлықтай өзгеріп отырады. Мұнда дүние жүзінің үздік архитекторлары орасан зор жобаларын Астананың қайталанбас бейнесін жасауда өздерінің керемет ой-жоспарларын жүзеге асыруда.

Астананы ауыстыру туралы түбегейлі шешім қабылданар кезде оның қаншалықты мойындалғандығын анықтау қиын екендігін дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр. Біраз уақыт өткеннен кейін ғана осы қадамның дұрыс-бұрыстығы анықталады. Король Екінші Филипп өзінің әкімшілік аппаратын Мадридке мамыражай жылдары жай ауыстырған жоқ. Ол Бургас, Вальядолид және Дон Кихоттардың отаны Толедо секілді астаналық қалаларын тастап, мемлекет орталығын көшірді. Үндістан өз астанасын Калькуттадан Нью-Делиге көшірді. 1923 жылы Түркия астанасын Стамбулдан – Анкараға, Пәкістан 1971 жылы алты миллион халқы бар қала Карачиден тұрғыны жеті жүз мың Исламабадқа ауыстырды. Қытай өз астанасын алты рет өзгертті. Сонымен қатар, әлі бірде-бір мемлекет өзінің астанасын ауыстырғаннан кейін бұрынғы астанасына қайта оралған емес. Бір ғана ерекше жағдай – екі ғасырдан кейін Ресей астанасының Петербургтен Мәскеуге ауысуы.

1998 жылдың қаңтар айында Азия, Африка және Еуропаның жетекші архитекторлары астана бас жоспарының жобасын талқылау үшін жиналды. Олар астананың территориялық дамуының құрылыстық тұжырымдамасын қарап, өздерінің ескертулерін айтты. Астананың ең үздік бас құрылысы байқауында, өз уақытында Малайзия мен Латын Америкасында бірқатар жобаларды жүзеге асырған танымал жапон сәулетшісі Кисе Курокава жеңіп шықты.

Астана! Жаңа атау бірнеше себептер бойынша қолайлы. Біріншіден, оның бір мағыналы түсінігі және нақты белгіленген мәні бар. Екіншіден, ол қандай да бір келеңсіз сая­си және тарихи талдауға ұшыраған жоқ. Үшіншіден, ол қала сипатын жақсы бейнелейді. Төртіншіден, қаланың жаңа атауы жақсы естіледі және мемлекеттік тілде де, негізгі халықаралық тілдерде де мағынасын еш өзгертпейді. Ол 1998 жылдың 10 маусымында астананың тұсаукесері барысында қала символы болды және астаналардың дүниежүзілік тізіміне енгізілді.

1998 жылдың 9 маусымында түркі тілдес елдер басшыларының бесінші саммиті Астанада жоғарғы деңгейде өтті. Оған Әзербайжан президенті Г.Әлиев, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев, Қыр­ғызстан президенті А.Ақаев, Түркиядан С.Демирель, Өзбекстаннан И.Каримов және басқалары қатысты.Ал 1998 жылдың 10 маусым күні тәуелсіз Қазақстан Республикасының елордасы ретінде Астана қаласының халықаралық тұсаукесері дүркіреп өтті. Мен соның жуан ортасында болған, тірі куәгерлердің бірімін.

Думан-той бағдарламасына сәйкес орталық стадионда театрландырылған көріністер, қаланың негізгі алаңында қазақстандық және шетел эстрада шеберлерінің концерті, халықтың мерекелік шеруі болды. Астананың тұсаукесеріне келген елбасылар Мемлекет басшылары аллеясының бірінші талдарын отырғызды. Президентіміз болашақ Отан қорғаушылар монументінің тасын қалады. Ал түнде тұсаукесер тойының шарықтау тұсында Нұрсұлтан Назарбаев ғарышкер Талғат Мұсабаевпен сөйлесіп, ғарышта ұшып жүрген оған былай деді: «Сен бір табан жақын жүрсің ғой. Алла Тағаладан біздің жас елордамыз – Астана қаласы мен туған халқымызға сәттілік тіле. Жаратушы иеміз бізге оң батасын берсін» деп тілек айтты. Сол сәтте бүкіл әлем, барлық қазақстандықтар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ғарышкер Талғат Мұсабаевтың дуэтпен айтқан әнін естіді. Ол бір мезгілде бүкіл жер шарында және ғарыш кеңістігінде айтылған жеңіс өлеңі болды. Айта кетейін, дәл осындай керемет оқиға бұрын-соңды еш жерде ешқашан болған емес. Иә, сол күні баршамыз ұмытылмайтын, естен кетпейтін тарихи оқиғаға куә болып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтармен бірге қуаныш сезіміне бөлендік, нағыз адами бақытқа кенелдік.

Дәл бүгін біздің Астана қаласының даңғылдары, көшелері, әсем ғимараттары, кешендері, тұрғын үйлері, демалыс орындары, архитектурасы таңғажайып күйге бөленген. Қарай бергің келеді. Иә, қазақтың кең даласы Сарыарқаның төріндегі әсем қала – Астанамыз гүлденіп, құлпырып тұр. Астананы көрген сайын көңілімді қуаныш, жүрегімді мақтаныш сезімі кернейді. Мен, қазақтың қарапайым азаматы, Астанамен бүкіл әлемге мақтанамын. Мен жаңа елордамыз – Астана қаласына қызмет істеуден әсте шаршамаймын, жалықпаймын. Қолымнан келген іс-шараларды жүзеге асыра беремін. Шығармашылығыммен қатар, өзім ұйымдас­тырып салған, аты аңызға айналған тұлпар «Құлагер» ескерткішінің қасынан, ұлт мәдениетінің шынайы жанашыры Марат Нәбиев досым екеуміз «Ұлы Дала даңқы» мұражайын салуды қолға алдық. Маңызы зор бұл жобаны біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев салған Астана қаласының 20 жылдығына және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнаймыз.
Өсе бер, өрлей бер, Астана!

Сәдібек ТҮГЕЛ,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы әкімінің тұңғыш баспасөз хатшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × three =