Абылай асқан асулар

0 277

Туғанына үш жүз жыл толып отырған Абылай ханның әруағын тірілтіп, есімін еске алып жатырмыз. Аты аңызға айналған тұлға жөнінде әркім-ақ естігенін, білгенін, жоба-жорамалын айтып қалғысы келеді. Біз де көп жылғы іздену, зерттеу  жолында байқағанымызды ортаға салмақпыз.(Жалғасы. Басы өткен санда)

Осы майданда Абылайдың өзі қатты жараланып, өлім аузынан қалды. Келесі 1757 жылы 14 маусымда қазақ жеріне қайта кірген қытай жасақтарымен Абылай қолы Айдынсу тұсында кездесіп, тағы бетін қайтарды. Аса қуатты және қауіпті көршімен болған қақтығыстарды асқындырмай, олардың салдарын шебер реттеп, Цин империясымен бейбіт қатынас орнатты. Абылайдың ұстанған сыртқы саясаты және сол дәуірде Орта жүздің көрші мемлекеттерден тәуелсіз болғаны жөнінде А.И.Левшиннен бері қарай көптеген авторлар жазды. Басқаны былай қойғанда, Ресей генералы И.Крафт былай мойындаған: «Орта жүз орыс бодандығына Кіші жүзбен бір мезгілде мойынсұнды дегенімен, жырақта жатқан Орта жүзге орыс билігінің қолы жете бермеді, қазақтарға қойындап кіре алмады. Орта жүздің бас билеушісі Абылай сұлтан өзінің шебер саясаты мен айла-амалының арқасында өле-өлгенше мүлде тәуелсіз болып қала берді. Ол уақыт пен кеңістіктегі саяси ауанды аңдып, бірде Ресейге, бірде Қытайға, бірде Жоңғарға берілген сияқты болса да, шын мәнінде, ешқайсысына тізгін берген жоқ. Орайы келсе-ақ, үшеуін де тонап, өз халқы үшін пайда табуға ұмтылды… Абылай Жоңғар хандығын жоюда Қытайға көмектесті». Абылай сұлтан жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, ежелгі қазақ жерлерін қайтарып алуға күш салды. Осы мақсатта және баянды сауда қатынастарын орнату үшін 1757-1760 ж.ж. бастап, Цин сарайымен тікелей мәмілеге келген, стратегиялық әріптес ретінде Ресейден қол үзбей, оның өктем наразылығын еңсеріп, келешек үшін шығыс бағытта қазақ-қытай байланыстарын нығайтқан. (Жалғасы. Басы өткен санда)
Осы майданда Абылайдың өзі қатты жараланып, өлім аузынан қалды. Келесі 1757 жылы 14 маусымда қазақ жеріне қайта кірген қытай жасақтарымен Абылай қолы Айдынсу тұсында кездесіп, тағы бетін қайтарды. Аса қуатты және қауіпті көршімен болған қақтығыстарды асқындырмай, олардың салдарын шебер реттеп, Цин империясымен бейбіт қатынас орнатты.
Абылайдың ұстанған сыртқы саясаты және сол дәуірде Орта жүздің көрші мемлекеттерден тәуелсіз болғаны жөнінде А.И.Левшиннен бері қарай көптеген авторлар жазды. Басқаны былай қойғанда, Ресей генералы И.Крафт былай мойындаған: «Орта жүз орыс бодандығына Кіші жүзбен бір мезгілде мойынсұнды дегенімен, жырақта жатқан Орта жүзге орыс билігінің қолы жете бермеді, қазақтарға қойындап кіре алмады. Орта жүздің бас билеушісі Абылай сұлтан өзінің шебер саясаты мен айла-амалының арқасында өле-өлгенше мүлде тәуелсіз болып қала берді. Ол уақыт пен кеңістіктегі саяси ауанды аңдып, бірде Ресейге, бірде Қытайға, бірде Жоңғарға берілген сияқты болса да, шын мәнінде, ешқайсысына тізгін берген жоқ. Орайы келсе-ақ, үшеуін де тонап, өз халқы үшін пайда табуға ұмтылды… Абылай Жоңғар хандығын жоюда Қытайға көмектесті».
Абылай сұлтан жоңғар хандығы жойылғаннан кейін, ежелгі қазақ жерлерін қайтарып алуға күш салды. Осы мақсатта және баянды сауда қатынастарын орнату үшін 1757-1760 ж.ж. бастап, Цин сарайымен тікелей мәмілеге келген, стратегиялық әріптес ретінде Ресейден қол үзбей, оның өктем наразылығын еңсеріп, келешек үшін шығыс бағытта қазақ-қытай байланыстарын нығайтқан. Қытай императоры Цянлунь Абылайдың жігерлі дербес саясатын мойындап, Қазақ хандығының іс жүзіндегі тәуелсіздігін таныды, тіпті «қазақтардың ішкі ісіне араласпайтынына жазбаша кепілдік беруге» мәжбүр болған. Қытай мемлекетімен тұрақты сауда орнатты, тарихта «жылқыға-жібек» айырбасы түрінде басталған екі жаққа да тиімді байланыс тікелей Абылайдың күш-жігерімен орныққан.
Абылай хан өмірінің соңына дейін Ресей және Қытай мемлекеттерімен, Орталық Азия хандықтарымен теңгерімді әрі тұрақты, екіжаққа да тиімді, дипломатиялық және сауда қатынастарын нығайтып, Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігін, мемлекеттік шекарасының беріктігін қамтамасыз еткен. 1759 жылы ақпанда немере інісі Жолбарыс сұлтанды бастатып, 12 кісіні Петербургке және тағы бір туысы Орыс сұлтанды 14 кісімен Бейжінге аттандырды.
Ресей үкіметі Абылайдың «шектен тыс дербестігінен», әсіресе, Қытаймен жақындасуынан сескеніп, оған 1759 жылы жылдық жалақы тағайындап, 1760 жылдан бастап жылына 200 пұт астық бере бастады. Қызылжар бекінісінен 250 шақырым жердегі, Қылшақты өзені бойында қыстау салып беруге көндіріп, қолынан қағаз жаздырып алды. Осылайша, біріншіден, өз халқы алдында Абылайдың абыройы­на шіркеу түсіруге (көрші елден бағалы сыйлық алған ретінде), екіншіден, қазақтың «сыйға – сый, сыраға – бал» салтымен, бауырға тарту ниетін көздеді. Алайда, мұндай «жол, жоралғы» Абылайды адалдық ниетінен тайдыра алмады.
Аңыздағы «Абылайдың ақ үйіне» барып тірелетін бұл әңгімені Сібір әскер шебінің бастығы генерал И.Веймарн 1761 жылы 22 қыркүйекте бастаған: «Қазақтарды тыныштандырып, ежелгі салтынан айыру, мінез-құлқын жұмсарту, олардың негізгі байлығы болып табылатын малын бірте-бірте азайту…» жоспары үкімет деңгейінде қолдау тапқан. Абылай сұлтанға Қылшақты өзені бойынан үй-жай салып беру мәселесі 1765 жылдың 1 мамырында қайта қозғалды. 13 мамыр күні Қызылжар (Петр ағзам) бекінісінен, барлығы 21 адам, оның 16-сы балташы, екі айға мөлшерлі ас-суымен, капрал Абдуловтың бастауымен, Абылай сұлтанға генерал-майор Девиц атынан жазылған хатты алып, 8 арбамен оңтүстікті бетке алып, аттанып кетті. Зерттеуші Н.Г.Аполлова мұрағат құжаттарын негізге ала отырып, былай деп жазады: «Орта жүздің әлуетті сұлтаны Абылай 1765 жылы жартылай отырықшы шаруашылық бастады. Петропавл бекінісінің қарсысындағы жайлаулар соған қарайтын… Абылай Қылшақты өзенінен 7 шақырым жердегі қыстауында өзіне қысқы тұрғын-жай салып беруді сұраған. Абылай үшін салынатын қысқы үйлер татарлардың «шұбалма пешімен» жылытылған.
Қосымша ретінде айтарымыз, аталған жаңа қоныстың орны Петропавл бекінісінен 250 шақырым жердегі Қылшақты өзеншесінің өткелінен өткен соң, 7 шақырым жерде. Сол жылдан бастап «Жаңа қыстау» аталған хан ордасы қазіргі Көкшетау қаласынан 35 шақырым жердегі «Кенесары ауылы» деген елді мекеннің оңтүстігіндегі шоқылардың арасына салынған.
1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін, қазақтың үш жүзінің беделді өкілдері «марқұм ханның өз кіндігінен тараған ұлдарының мұрагерлік құқы бола тұрса да, өзге сұлтандардың ішінде ең таңдаулысы ретінде» (Шоқан), Түркістан қаласында Абылайды «үш алаштың» ханы етіп, бірауыздан сайлаған. Бірақ, Абылай хан патша құзіретімен биік лауазымға бекіту рәсімін тілемеген және тәуелсіз елдің билеушісі ретінде Ресейге бодандық шартынан бас тартқан. Тек, арада 7 жыл өткен соң ғана Қазақ даласындағы өз ықпалын сақтап қалуды амалдап, Ресей патшалығы 1778 жылғы 4 мамырда Абылайды «Орта жүздің ханы лауазымына бекіту туралы» құзырхат жіберуге мәжбүр болған. Алайда, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін бұл құжатты заңсыз деп таныған Абылай хан, Ресей императорының жарлығын мойындамаған, мансап куәлігінен бас тартқан, көрші мемлекет ұсынған сый-сияпатты, хандық жора-рәсімдерді қабылдамаған. Абылайдың бұл қылықтарын әр саққа жүгірткен Ресей генералдары мұндай «варвар, түз тағысын» тақтан тайдыру, тіпті ыңғайы келсе тұтқындап, көзін жоюдың амалдарын қарастырғаны туралы жазылған құжаттар баршылық.
Енді сол құжаттардан кейбір үзінділер берсек: «…Орта жүзді түгел қозғап, қарауындағыларды Абылайға қарсы қою керек». «Өз қарауындағы елдерде ғана емес, қазақтың басқа да жерлерінде Ресейдің көптеген адамдарын тұтқында ұстап отыр. Қанша талап етсек те, қайтармайды». «Елінде және өз ауылында көптеген орыс адамдарын тұтқында ұстап отыр, оларды қайтару туралы біздің талабымызды орындаған жоқ…орыстарға неше түрлі жамандық жасаудан тайынбайды, Орта жүз ішінде Абылайдың беделін түсіретіндей іс ойластырып, оған «бақталас» болатын мансапқор біреуді іздеп тауып, ондай адамды үкімет тарапынан қолпаштап отырған жөн».
«…Әзірше, Орта жүзде жағдай осындай болып тұрған кезде бұл жаққа орыстардың қатынауына тыйым салу қажет. Өйткені, бұл «жыртқыштан» қауіп күшті. Сондай-ақ, бүкіл шекара бойында қазақтардың шапқынынан сақтанып отыру қажет, ондай жағдай бола қалса, мейлінше бетін қайтарып, қуып, барымталап жіберу керек.
«Осынау бұзық ниетті Абылайға бәсекелес, одан қысым көріп наразы болып жүргендердің арасынан: Ресейге адал қызмет ететін Әбілпейіз сұлтан, ағайынды Бекболат пен Кенжебай сияқтылардың арасы қазір қандай екенін білу үшін, нақты барлау жүргізу жөнінде Огарев мырзаға мынадай нұсқау берген едім: «Егер олар Абылайдың Ресей жөніндегі қылық-әрекеттерін жек көретін болса, Орта жүзді түгел қозғап, қарауындағыларды Абылайға қарсы қою керек. Мұнымыздың орайы келсе, Абылайға қарсы шығушыларды патша ағзам тарапынан қолпаштап, шенін өсіреміз деп дәмелендірген жөн болар еді. Бұл ойымыз сәтімен жүзеге асуы үшін ондай адамдарға пара беріп, аузын алу керек. Генерал-майор Огарев өз тарапынан ханға біз ойлағандай әлуетті бәсекелес таба алар ма екен, ол жөнінде мен біліп отыруым керек қой. Осы жұмыс бойынша оған өз қасымдағы тілмәш Бекчуринді жіберіп алғанмын.
Осы жоспарымыздан көңілдегідей нәтиже күтіп отырғанымда, таяуда тілмәш Бекчурин де қайтып оралды. Тілмәш арқылы Огарев маған мына жайларды хабарлапты:
«Қолынан іс келеді-ау деген Әбілпейіз сұлтан қазір Түркістан қаласында екен, әзір ол жақтан қайтатын түрі көрінбейді. Арнайы адам жіберіп, шақырып алайын десем, оның да ыңғайын таба алмай отырмын.
Ал енді, ағайынды екеудің біреуі – Бекболат Огаревтің шақырғанына келмепті. Аурумын, денсаулығым жарамайды десе керек. Оның үстіне, бізге шын берілген ел ағалары да оның әлжуаз әрі тым кәрі екенін айтып отыр. Бекболаттың інісі Кенжебай қолайлырақ болар еді, оны былтыр кездескенде Огарев мырза да байқаған екен, алайда Кенжебай шекара шебіне ұрымтал маңнан көрінбейді, қайда екені белгісіз.
Демек, бұл екеуінің де ыңғайы келмейтіндіктен, Огарев мырза Сібір шебіне таяу қоныстанған Төре сұлтан мен Құлыбек батыр екеуінің бірін таңдағанды жөн көретіндей. Төре сұлтан әуелден Абылаймен жұлдызы қарсы, оның айтқандарын орындай қоймайтын, өзін Абылайдан кем санамайтын. Ал, Құлыбек батырдың бізге жақсы қызмет етіп келе жатқаны рас, десек те, оныңыз біз ойлағандай нәтиже шығара алар ма екен?
Огаревтің осындай да күдігі бар. Өйткені, Ертісті бойлап, Омбы бекінісінен жоғарырақ аймақта отырған Абылайдың інісі Сұлтанмұхаммет сұлтан мен немере інілері Орыс және Иман сұлтандар бар, бұлардың балалары, туыстары, қарауындағы қазақтары бар. Олар, әрине, Абылайдан сырт айналмайды». Кезінде хатталған бұл сөздерге түсінік беру артық болар.
Абылай мен орыс билігі арасындағы қатынастар туралы Ресей бас штабының биік шенді офицері И.Красовский былай деп жазған: «… дәл сол кездегі Орта жүзге алғыр да әлуетті әскербасы, көрші державалармен қарым-қатынас жасап тұруға шебер мәмілегер керек еді. Осы міндеттің екеуін де Абылай абыроймен орындап шықты. Ол тек Арғын тайпасын ғана емес, басқаларын да биледі. Үш жүздің ортақ дұшпаны жоңғарларға қарсы жеңісті күрес бастады. Аса өрнекті ептілік танытып, Ресеймен де, Қытаймен де байланыс орнатты. Осындай қасиеттерінің арқасында, Әбілмәмбет ханға қарағанда, Абылай сұлтанның атақ-даңқы арта берді. Әбілмәмбет хан болса, әскерді де, мәмлегерлікті де Абылайға өз еркімен беріп қойды, билікке таласқан жоқ. Соның нәтижесінде Сібір даласындағы Орта жүз сұлтандарының арасында алауыздық болған жоқ. Мұндай ауызбірліктің екінші бір негізі, жоңғар мен қазақ арасы тыныштанған соң, Абылай бүкіл қазақ аламанының қолбасы атағынан өз еркімен бас тартты. Орта жүз тайпаларын бұрынғыдай, бір шыбықпен айдаймын деп аптыққан жоқ…». [Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального штаба. Область Сибирских киргизов. Часть 1. СпБ, 1868. С.39.]
Абылай хан Ресейдегі Е.Пугачев көтерілісіне байланысты ұстамдылық танытты. Ресейдің ішкі ісіне араласқан жоқ, көтерілістің түбі шикі, мақсаты бұлыңғыр екенін байқады. Қазақ халқын арандатудан, орынсыз қан төгуден сақтап қалды. Ескерте кетейік, «Абылай хан Е.Пугачевті қолдады, тіпті 40 мың әскермен Ресей бекіністерін шабуға дайын отыр»-мыс деген жазбаша дерек сол дәуірде насихат үшін таратылған жалған ақпар екені бүгінде дәлелденді.
Абылайдың қырғыздарға екі мәрте жорық жасағаны туралы деректер сақталған. Екеуінде де Абылайдың қырғыз жеріне немесе байлығына қызығып, басқыншылық ниет көздемеген, керісінше, тегі бір, дін қарындас қырғызды қытайланудан сақтап, кейбір рубасыларының қарсылығын баса отырып, Қазақ хандығына қосуды мақсат еткен.
Абылай хан 1780 жылғы қыркүйек соңы, қазанның басында Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Қазақтың үш жүзінің өкілдері ұйғарып, атаулы зират-қорымы болып табылатын Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесіне жерленді.
Қазақ арасында Абылайдың туған жылы туралы кезінде қалыптасқан 1711 жылы, 1713 жылы деген екі пікір бар. Жазба дерек жоқ және Абылай 70 жасап еді деген сөз аңыз-әфсаналарда кездеспейді. Демек, қолда бар деректерге жүгінсек, Абылай қазақ күнтізбесі бойынша 1712 жылдың аяғында, орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың басында туған және 1780 жылдың күзінде 68 жасында қайтыс болған.
Мұрағатта Абылайдың хатшысы Жағда Усмановтың айтқандары сақталған. Яғни, 1780 жылғы 25 қыркүйекте Көкшетауға «Абылай ханның қасынан (оңтүстіктен) оның ұлдары Шыңғыс сұлтан мен Есім сұлтан, Дат батыр бастаған біраз адамдар келген. Олар ханның жорықтағы жеңістерін айтқан. Келер көктемде, яғни, «1781 жылдың басында Абылай сұлтан Көкшетаудағы ордасына қайтып келеді» деген. Түркістаннан Көкшетауға дейін салт атпен кемінде бір апталық жол екендігін ескерсек, Абылай хан 1780 жылғы 19-20 қыркүйекте тірі. Демек, Абылай 1780 жылғы 20 қыркүйектен кейін қайтыс болған. Мұны бекітетін тағы бір құжатта, Ресей тыңшысы, Есет провинциясының башқұрты Қазаққұл Қазанбаев жоғарыда аты аталған Дат батырдан: «Абылай ханның былтыр, 1780 жылы күзде ауырып, өз ажалынан қайтыс болғанын» естіген.
Үшінші құжат Петропавл бекінісінің коменданты С.В.Сумароковтың генерал Н.Г.Огаревке жазған хаты. Онда «…1781 жылғы 9 ақпанда Абылай хан өлді деп хабарлаған екенсіз. Шынында дәл осылай ма, Құлыбек батырды шақыртып алып, біліп беріңіз, анық-қанығына жету – біз үшін өте қажет. Барлық күш-жігеріңізді салып, Құлыбек батырды Абылайдың өлген жеріне жіберіп алыңыз. Абылайдың өлгені рас па, неден өлгенін анықтасын. Құлыбек кісі жіберемін десе, жол шығынын толық өтейміз, оған қам жемесін». (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1-қор, 1-тізбе, 226-іс, 52-пар. Бұрын жарияланбаған.)
Бұл ресми түрде қағазға түскен алғашқы хабар, хатталған әзірше тұңғыш құжат. Демек, Абылай хан «1781 жылы қайтыс болды» деген дерек негізсіз.
Уәли сұлтанның Ресей әкімшілігіне хат жазып, әкесінің қазасын 1781 жылғы мамыр айында ғана, яғни, кеш хабарлауының мәнісі де нақты деректермен анықталып отыр. Абылай ханның қазасы туралы генерал-майор Н.Г.Огаревтің 1781 жылғы 21 наурызда жазған мәлімхатында «Абылайдың ұлы Шыңғыс сұлтан қазақтарға әкесінің өлімі туралы жаздағы бас қосуға дейін орыстарға айтпаңдар, деп тыйым салыпты» деген сөздер ханның қазасы жылы таяп, ас бергенше құпия ұсталғанының тағы бір дәлелі…

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 13 =