«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Әбу-Даби Плаза»: Жергілікті жұмыскерлер саны артады

0 190

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов «Әбу-Даби Плаза» көп функционалды кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Астанадағы ең биік ғимарат болатын «Әбу-Даби Плаза» кешенінде қазіргі таңда 1400 адам еңбек етеді. Олардың 56 пайызы – Қазақстан азаматтары. Айта кету керек, биылғы шілдеге дейін мұндағы жұмыскерлердің саны 2350 адамға дейін арттырылмақ. Бұл ретте жергілікті жұмыскерлердің саны 3,4 есеге, яғни 1605 адамға көбейеді деп күтілуде. Ал шілдеде жұмысшылар санын 3300 адамға дейін арттыру көзделуде. Олардың 60-65 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ.
– Біз басқарушы компаниямен бірлесіп, қазірдің өзінде, яғни бір жыл бұрын ғимаратқа қызмет көрсететін мамандарды даярлау жұмыстарын бастауымыз керек. Қазақстандық мамандарды алдын ала дайындауымыз қажет, – деді Астана әкімі Бақыт Сұлтанов.


Aldar Properties PJSC жобасын басқару жөніндегі аға вице-президенті Әбдел Хаммит Гоул қала басшысына жұмысшылар жалақысын төлеуде ешқандай мәселенің жоқ екенін баяндады.
Жалпы, кешен түрлі саладағы блоктардан тұрады. Мәселен, онда кеңселер, қонақүй, мейрамханалар, сауда орталығы, тұрғын үй кешені орналасады. Қазіргі уақытта барлық блоктарда инженерлік жүйелер мен жабдықты орнату, әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зәулім ғимаратты салып жатқан құрылыс компаниялары өкілдерінің мәліметінше, «H» және «P» блоктары наурызда, «Z», «O» және «Y» блоктары маусымда пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. «R» блогының құрылысы алдағы маусым айында аяқталмақ. Онда қазір кірпіш қалау, әрлеу және инженерлік жүйелерді орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал ауа өткізгіш жүйелер мен инженерлік жүйелер, аспалы панельдер құрастырылып, жасалатын өндірістік цехтың құрылысы аяқталыпты. Қазіргі уақытта аталмыш нысанда атқарылған жұмыстың жалпы көлемі 82 пайызды құрайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды