Әбіш әлемі – ғаламдық құбылыс

0 75

Желтоқсан – қалам мен жоғары лауазымды мемлекеттік қызметті қатар ұстаған Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбайұлы үшін тағдырлы ай. 1939 жылдың 6 желтоқсаны күні 362 әулиелі киелі Маңғыстау жерінде дүниеге келіп, замандасы Мырзатай Жолдасбековше айтқанда, 363-әулиеге айналған қабыр­ғалы қаламгер осыдан төрт жыл бұрын, 11 желтоқсанда фәниден бақиға көшті. Ертең аса көрнекті тұлғаның туғанына 80 жыл толады. Осыған орай, бүгін Нұр-Сұлтан қаласында жазушының мерейтойына арналған шаралар басталып, екі күнге жалғасады.Әбіш Кекілбаев – адам жанының тереңдігін, адам жанының ғажайыбын шеберлікпен аша білген жазушы. Қабырғалы қаламгердің кейіпкерлері өмірдегі қарапайым адамдар болғанымен, кішкентайы жоқ, алуан мінезімен, тағдыр-талайы­мен, жан дүниесінің тереңдігімен ерекшеленеді. Суреткер заман мен адам болмысының сан қырын қара сөздің құдіреті арқылы санамызда нөсер жауғызып, найзағай ойнатады, кейде түпсіз терең мұхит-ойларымен таңдай қақтырып, қайран қалдырады. Әбіштің әлеміне таңғалмайтын адам аз.
«Әбіш Кекілбаев – заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Кекілбаев туралы сөз айту кімге болса да оңайға түсе қоймас» деп Қуаныш Сұлтанов «Кекілбаев кеңістігі» атты мақаласында жазғандай, Әбіш аға туралы сөз қозғау, оның шығармашылық әлеміне үңілу мен түсіну, оны зерттеу – көп еңбек пен ізденісті талап ететін дүние.

5 желтоқсан
10:00 Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған конференция (Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Тұңғыш Президент аудиториясы, Қ.Сәтбаев көшесі, 2)
17:00 Әбіш Кекілбайұлының «Нартәуекел» халықтық қаһармандық дастаны («Жастар»
театры, І.Есенберлин көшесі, 10)

6 желтоқсан
09:30-10:00 Әбіш Кекілбайұлы көшесінің ашылуы
11:00-11:30 Ұлттық пантеондағы Әбіш Кекілбайұлының бейі­тіне гүл шоқтарын қою, құран оқу
12:30-14:00 Жазушы-қайраткер рухына бағышталған ас
17:00 Қаламгерді еске алу кеші (Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік даңғылы, 57)

Әбіш Кекілбаев әдебиетке келгелі оқырманын да, ортасын да ойландырып келеді. Оның әр кітабы, әр сөзі – өнеге, құнды мұра.Оның ғұлама ақыл-ойы, шығармалары шетелдіктерді де таңғалдырды. Немістің «Фольк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама хаттамасында Әбіш Кекілбаевтың есімі «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізілген. Бұл тізімге түркі әлемі жазушыларынан Әбіш ағамен бірге Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтматов енген болатын.
Әбіш Кекілбаев – кеңестік кезеңде кеңінен танылған және мойындалған жалқы тұлға. КСРО Жазушылар одағы алқасының, халықаралық «Лотос» жазушылар сыйлығы қазылар алқасының, Мәскеудегі «Художественная литература», «Дружба народов» баспаларының редакциялық алқа мүшесі болды. Азия-Африка жазушылары халық­аралық комитетінің мүшелігіне сайланды. Кекілбаевтың шығармаларын кезінде ­Мұхтар Әуезов өте жоғары бағалаған.
Ұлы қаламгер 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Арғы атасы Қожаназар Жанайұлы қазақтар көшін Маңғыстауға бастап келген. Белгілі, білікті, беделді, дәулетті адам болған. Бір замандарда Әбіш ағамыздың ата-бабасы Жылыой өңірін, Жем өзені бойын мекендеген. Бұған тарихи деректер куә. Менің туған ауылым Ақкиізтоғайдың атауы да тегін қойылмаған. Әбіш ағамыздың бабасы Таған бай бабасы Қожаназарға ас беріп, сол асқа Әбілха­йыр ханның ұлы Айшуақ хан келіпті. Қазақ дәстүрі бойынша ханды ат кермесінен аяғын жерге тигізбей, жер бетіне төселген ақ киізбен қарсы алған. Хан аяғына төселген ақ киіз бен тоғай әдемілігі ел аузында аңыз болып таралыпты да, біздің ауыл сол астан соң «Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті. Менің «Ақкиізтоғай» деген өлеңім осы тарихтан сыр шертеді. Әбіш ағаның 70 жылдық то­йында осы өлеңімді оқып берген едім.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Әбіш Кекілбайұлы – екі дәуірде де жолы болған жазушы. Ол алдындағы ұстаздары Мұхтар Әуезов, Ғабит ­Мүсіреповтің ауыр тағдырын қайталамай, жастық шақтарын майдан даласында қалдырған Әбдіжәміл ­Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов сияқты қиыншылық көрген жоқ. Бейбіт заманда шығармашылыққа да, қайраткерлік қызметке де еркін араласты. Қазақ жазушылары арасында отыз жасында Үкімет басқарған Сәкен Сейфуллинді айтпағанда, Әбіш шыққан Мемлекеттік хатшы, Парламент төрағасы сияқты биік қызметке әзірге бірде-бір қаламгердің қолы жеткен емес. Ол кеңес заманында, 46 жасында Мемлекеттік сыйлық алса, тәуелсіздік заманында Еңбек Ері атанды. Әрине, «Тіл өнері дертпен тең» дегендей, ақ қағаз алдындағы шығармашылық азабын бір кісідей шекті. Бірақ бұл бір Алланың өзі сыйлаған тәтті азап болатын. Кейбір замандастары оның он төрт-он бес қырын санамалап жатады. Бұл да – ақиқат. Нәрестедей таза Әбіш, кемеңгер Әбіштің тұрған бойы өз ке­йіпкерлері Еңсеп пен Абылдан аумайды. Бірінде табанды еңбегімен шыңыраудан түбіне жетіп, жеңіс тап­қан Еңсептей ой тұңғиығынан сөз маржанын терсе, екіншісінде Абыл тәрізді көркем сөзімен жүрек тебірентіп, еліңе дос көбейткен тұлға. Заман алға озған сайын Әбіштің мерейі арта бермек.

Ақкиізтоғай

Топырағыңда кім толқымай тұра алар,
Қойнауыңда «Алтын адам» сынды мұра бар.
«Ақкиізтоғай» деген атың ардақты
Кешегінің аңызы боп құралар.
Пір Бекеттің кіндік қаны тамған жер,
Атажұрты – Ақмешіт боп қалған жер.
Ақкиізтоғай, қасиетті мекенсің
Асан қайғы барған жер.
О, заманнан ертегідей жеткен сыр,
Күмбір күйлер төгілгенде шектен бір.
Ежелгі аты ұмытылып қалғанда
«Ақкиізтоғай» деп аталып кеткен жер.
Өткен күндер шежіресі әр қилы,
Ұлы Жемнің қаймағы боп қалғиды.
Ауылымның әр перзенті бұл жерге
«Әбіш аға туыс қой» деп шалқиды.
Туыстығы тым әріден басталған,
Бабасының басқан ізі тастарда.
Ел аузында таңғажайып аңыз боп
Таған баба жасаған бір ас қалған.
Әбіштей пір Таған байдан тараған,
Батыр баба биік тұрар қарадан.
Қожаназардай бабасына ас беріп
Жиналыпты сан адам.
Кіші жүздің ханы кепті сол асқа,
Аты әйгілі Алашқа.
Хан аяғын қара жерге тигізбес
Ақ киіз бар тоғайына жарасқан.
Ақ киіздің көптігіне дау бар ма?!
Ақ мақтадай көз тартады жайғанда.
Тоғай іші сұлулыққа тұныпты
Суы шәрбат, гүлі жайнап
Құстар әнге салғанда.
Нұр шұғыла тарағанда маңайға,
Табиғаттың бар бояуы – тоғайда.
Ақ пейілдің белгісіндей ақ киіз
Аңыз бопты талайға.
Бұл өңірде сондай ғажап өтіпті,
Аңыз-жыр боп алыстарға жетіпті.
Сол астан соң біздің ауыл шынымен
«Ақкиізтоғай» деп аталып кетіпті.
Әбіш аға қандай ғұлама, ұлы жазушы болса да, өмірде сондай қарапайым адам еді. Астанада өтетін мәдени-әдеби шараларда Әбіш аға келе жатқанда бүкіл ақын-жазушы қауымы, халық орындарынан тік тұрып, қошеметпен қарсы алатын. Әбіш ағаның сөзін тыңдауға бәрі де құмар еді. Сөйлеп кетсе, шежіре-көмбедей, тарихи әңгімелерді айтқанда жылдармен, цифрлармен жаңылыспай сөйлегенде, осындай ғажайып данышпанды тыңдағаның үшін өзіңе-өзің риза боп отырасың. Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң», «Абылай хан» шығармалары – тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғаммен, ұлт мүддесімен үндесіп, ұлттық рух пен әлемдік өркениеттің құндылықтарына ұмтылдыратын қуатты туындылар. Ол өзінің ұлт жауһарына айналар қазыналы әдеби мұраларымен Мұхтар, Қаныш, ­Әлкей, ­Сәбит, Ғабит бастаған алыптар көшінің жалғасы болып, қасиетті қазақ тілімізді, рухани өмірімізді, жан дүниемізді байытты.

Абыз ағаның үйінде бір болғанымда: «Әбіш аға, мен сізге осы кезге дейін бірде-бір өтініш айтпадым, құлақ ассаңыз, бір өтінішім бар еді. Күй анасы Дина шешеміз туралы қазақша-түрікше «Дина Нұрпейісова» деген кітап-альбом дайындап қойдым. Бірақ демеушім жоқ. Бір күні шығар деген үмітім ғана бар көңілімде. Осы кітабыма алғысөз жазып беріңізші. Мен туралы емес, Дина ­Нұрпейісова туралы» дедім.
Әбіш ағам «жазайын» деп, жазып берді. Бұл 2015 жылдың 25 қарашасы болатын. Арада аз уақыт өткенде, Әбіш аға да өмірден өтті. Ағаны талай сағынамыз. «Айналайын» деген сөзін сағынамыз…

Маржан ЕРШУ,
ақын, аудармашы, филология
ғылымдарының кандидаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды