Абдулазиз бен Абдалла әд-Дәуд: Қазақ топырағынан әлем мойындаған тұлғалар шыққан

0 251

Қазан айында Қазақстаннан Сауд Арабиясына тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл – қойы қоралас жатпаса да, экономикасы тығыз қарым-қатынаста дамып келе жатқан екі елдің берік ынтымақтас­тығының айқын дәлелі. Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстары терең қос мемлекеттің азаматтары енді визасыз еркін қатынайтын болады. Араб түбегіндегі Қазақстанның сенімді серіктесіне айналған Сауд Арабиясы мен біздің елдің арасындағы дипломатиялық қатынас 1994 жылдан басталған. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Сауд Арабиясы Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Абдулазиз бен ­Абдалла әд-Дәуд мырзамен сұхбаттасқан едік.

– Құрметті елші мырза! Екі елдің қарым-қатынасы қандай деңгейге көтерілді? Алдағы уақытта қандай салаларда ынтымақтастықты дамыту, басымдық беру қажет деп санайсыз?

– Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 30 жыл бұрын орнатылғанмен, бұл қарым-қатынастар ежелден келе жатыр. Корольдік қасиетті қос мешіттің жері болғандықтан, ол әлемнің түкпір-түкпірінен, оның ішінде Қазақстаннан келген қажыларды күтіп алып, қызмет көрсетеді. Демек, Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты жаңа және ежелден бар деуге болады. Корольдік – Қазақстан тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі. Қазақстанмен өзара дипломатиялық қатынастар орнатып, оған қолдау көрсетті және тәуелсіздік кезеңінде барлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға тырысып келеді.

Сонымен қатар аталмыш қатынастарды жоғары деңгейге көтеруге үлкен мүмкіндіктер бар. Менің әріптесім, Қазақстанның Сауд Арабиясындағы төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын мырза екеуіміз екі елдің қарым-қатынасын одан әрі жандандыруға, екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары деңгейге көтеруге ұмтылудамыз.

Екі ел арасындағы тауар айналымы көлемін ұлғайтудың да үлкен мүмкіндіктері мен әлеуеті бар. Ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіп және туризм салаларындағы ынтымақтас­тықты арттыруға да мүмкіндіктер көп. Осы орайда екі ел арасында тікелей әуе қатынасын орнатқан дұрыс болар еді. Бұл өз кезегінде екі елдің кәсіпкерлері мен лауазымды тұлғалары арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, сауда мен туризмнің дамуына себеп болары сөзсіз. Сондай-ақ әртүрлі тақырыптарда бірлескен көрмелер ұйымдастыру, конференциялар, семинарлар, жиындар өткізу де екі ел арасындағы ынтымақтас­тықты нығайтуға берік серпін береді. Осыған ұқсас іс-шаралар арқылы кәсіпкерлер мен жауапты тұлғалар арасындағы ынтымақтас­тық пен тікелей байланысты арттыруға, сауда, инвестиция және инновациялар саласындағы ынтымақтас­тық аясын кеңейтуге болады. Жақында Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында үкіметаралық комиссияның V отырысы өтіп, онда бірқатар тақырыптар тереңінен талқыланды және бұл кездесу екі елдің ынтымақтас­тығын дамытуға, екіжақты қарым-қатынас деңгейін жоғары деңгейге көтеруге ықпал етеді деп сенеміз.

2021-10-21_02-41-55

Араб әлемінде Қазақстанның беделі жоғары

– Ал өзіңіз Қазақстанда қай уақыттан бері тұрасыз? Сіздің елдің қарапайым тұрғыны Қазақстан туралы біле ме? Елімізге алғаш келген кездегі әсеріңіз қандай болды?

– Мен Қазақстандағы дипломатиялық қызметіме 2020 жылы ақпан айында кірістім. Сөйтіп пандемия басталып кетті де, бұл жағдай халықаралық белсенділікке кері әсерін тигізіп, көптеген халықаралық іс-шаралардың тоқтауына әкеп соқты. Алайда қазіргі таңда елдегі эпидемиялық жағдай жақсарып келе жатқанын көріп отырмыз. Алла қаласа, бәрі қалыпты жағдайға оралар.

Ал енді Сауд Арабиясының қарапайым азаматтарына келер болсақ, олар Қазақстанды жақсы біледі, өйткені оның Корольдік пен Араб әлеміндегі мәртебесі мен беделі жоғары. Қазақстан – әлемге әйгілі көптеген ғалымдар мен данышпандардың, соның ішінде мұсылман әлеуметі «Екінші ұстаз» деп танитын көрнекті ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің кіндік қаны тамған жер.

Қазақстанға алғаш рет келгенімде, мұндағы ауа райының суық болғанына қарамастан, бұл ел ұнады. Өз басым өте ыстық жерден өте суық жерге келдім. Біз елу градус ыстыққа үйреніп қалғанбыз, ал мұнда елу градус суыққа дейін барады. Енді осы екі температура арасындағы айырмашылықтың қаншалықты үлкен екенін елестетіп көріңіз. Бірақ та дипломат адам, бір ел мен екінші елдегі ауа райы алшақтығына, өзге де айырмашылықтарға қарамастан, елдер арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту жолында құрбан болатын жан. Сондай-ақ мен Қазақстан астанасының әсемдігіне, оның қонақжай тұрғындарына таңырқадым. Қазақ халқы – өте мейірімді, қонақжай және жомарт халық.

Елшілік жұмысым пандемиямен  қатар келді

– Туризм саласында қандай кемшіліктер бар? 30 жылдағы тәуелсіз Қазақстанның даму жолына, өзгерістерге қандай баға берер едіңіз? Қазақстанда демалыс өткізу сізге ұнай ма?

– Иә, мен Қазақстанда демалғанды ұнатамын, өйткені мұнда әдемі жерлер өте көп. Нұр-Сұлтан қаласының өзі – жоғары дамыған және көрікті шаһар. Өкінішке қарай, мен Қазақстанға келгеннен кейін пандемия басталып, көптеген шаралар тоқтап қалды. Көптеген туристік орындардың жұмысы уақытша тоқтады. Сондықтан біз демалыс орындарының көпшілігіне бара алмадық. Дегенмен мен табиғатқа, әсіресе адам аяғы баспаған алыс жерлерге баруды ұнатамын. Сондай жерлерде отбасыммен демалып, табиғаттың әсемдігін тамашалауды, араб поэзиясы мен прозасын, даналық сөздерін оқығанды жөн көремін. Өз басым әдебиет пен поэзияны көркем бір саяхаттаудың тағы бір түрі деп санаймын. Анығында, табиғат адам баласының шығармашылығы артып, ынтасы күшеюі үшін қосымша жігер мен шабыт береді.

Қазақстан туризм саласына өте көп көңіл бөлетінін аңғаруға болады. Мұнда Бурабай, Түркістан, Алматы және елдің оңтүстігі мен батысында көптеген туристік және тарихи орындар бар. Пандемияға байланысты барлық туристік орындарды аралап шыға алмасам да, бұл елдің туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғандығын байқадым.

Сауд Арабиясы Корольдігі де осы бағытты ұстануда. Біздің елдің де туризм секторын дамытуда үлкен әлеуеті бар, өйткені онда жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған мұсылмандар келетін киелі қос мешіт – Мекке мен Мәдина мешіттері сияқты қасиетті орындар бар. Сондай-ақ әл-Қиддия, әл-Улә, Джидда жерлерінде, елдің оңтүстігі мен шығысында көптеген тарихи орындар кездеседі. Мысалы, әл-Улә аймағында «Мәдаин Салих» атты орын бар, яғни Салих пайғамбардың заманынан бері алып жартастарда қашалып, ойылып салынған және бүгінге дейін сақталып қалған үйлер, ғимараттар және сәулет нысандары. Сол уақыттан бері бүгінге дейін адам қолы тимей сақталып келген бірегей тарихи жәдігер. Бұл – бүкіл әлемдегі ең сирек кездесетін және көрнекті тарихи орындардың бірі. Аталмыш тарихи орындар оны көргісі келетін туристердің назарын өзіне тартары сөзсіз. Жалпы алғанда, Корольдік те туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде, өйткені бұл сала турис­терге де, кәсіпкерлерге де көп мүмкіндіктер ашады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қысқа тарихи мерзім ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ол тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ әлем елдерінің барлығымен қарым-қатынасын нығайтуға тырысып, экономикасын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Ал бүгін біз Қазақстанды прогресс пен өркендеу тұрғысынан, өте келбетті қырынан көріп отырмыз. Ел аумағындағы қоғамдық үйлесімділікті сақтай отырып, әртүрлі дін өкілдері мен әр алуан этнос өкілдерінің өзара келісімде, төзімділікте және ынтымақтастықта өмір сүріп жатқанына куәміз. Қазіргі Президент – Жоғары мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырза да Елбасы бастаған саясаттың дұрыстығын растап, бұл дана бағытты жалғастырып келеді. Жасыратыны жоқ, Қазақстанның халықаралық ұйымдарға төрағалық етуі, аса маңызды халықаралық мәселелерді шешуде делдалдық етуі оның халықаралық аренадағы мәртебесі мен рөлін айғақтайды.

2021-10-21_02-41-02

Екі ел арасында ұқсастық көп

– Елордамыз сізге несімен ерекшеленеді? Сіздің елдің астанасынан не үйренуге болады? Бас қаламызды дамытуда нені ескерген жөн деп ойлайсыз?

– Қазақстан астанасы –Нұр-Сұлтанның ерекшеліктері өте көп. Ол – озық, дамыған, заманауи, жүйелі және таза шаһар. Мұнда барлық нәрсе жүйелі және түсінікті. Әлбетте, бұл жас және жаңа астана ғой.

– Қаланың қай жерінде демалғанды ұнатасыз?

– Атап өткенімдей, Нұр-Сұлтан қаласы өте әдемі, тиянақты, жинақы және таза. Өзіме ұнайтын көптеген жерлер бар, мысалы ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар мен саябақтар. Сондай-ақ астанаға жақын маңда орналасқан табиғи орындар жанға тыныштық пен байсалдылық ұялатады.

– Сауд Арабиясы Корольдігі мен Қазақстанды бір ауыз пікірмен, сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

– Сауд Арабиясы Корольдігі – ислам әлемінің орталығы. Мұсылмандардың құбыласы саналатын қасиетті қос мешіт сол жерде орналасқан. Корольдік негізі қаланған уақыттан бастап бүгінге дейін қасиетті мешіттерге ерекше көңіл бөліп келеді. Меккедегі Харам мешіті мен Мәдинадағы Пайғамбар мешітін жандандырып, ол екеуіне қызмет көрсету ісі – Корольдіктің стратегиялық мақсаты. Бүгінгі таңда біз қасиетті екі мешіттің қатты дамып, кеңейтіліп жатқанына куә болып отырмыз. Бұл істің басы-қасында қос киенің сақшысы, Жоғары мәртебелі Король Салман бен Абдулазиз бен тақ мұрагері, Жоғары мәртебелі ханзада Мұхаммед бен Салман тұр және бұл ұлы міндетке ерте және кейінгі кездегі Корольдік билеушілерінің бәрі де ерекше көңіл бөліп, үзбей жалғастырып келеді.

Сауд Арабиясы мен Қазақстан – бауырлас елдер. Олар өзара ортақ мәдениет және дінмен байланысқан. Кең байтақ жерлері, осындай кең жерді мекен еткен халық саны, экономикалық әлеуеті, табиғи ресурстардың әралуандылығы тұрғысынан екі ел арасында ұқсастық көп. Екі елде де көптеген тарихи орындар бар. Екі ел арасындағы қарым-қатынастарды дамыту, елдердің ішкі және сыртқы ­саясатын түзуде осы аспектілерді ескерген жөн болады.

– Біздің газет арқылы астаналықтарға қандай тілек айтасыз?

– Елорда тұрғындарына зор денсаулық, амандық, мол бақыт және сәттілік, ал бауырлас қазақ халқына әрі қарай дамып, өркендей беруін, әр кез аманшылықта болуын тілеймін. Сонымен қатар Алла Тағаладан бүкіл әлем халқынан індетті кетіруін сұраймын.

– Бауырлас ел арасын жалғаған елшілік қызметіңізге сәттілік тілейміз!

Қысқаша өмірдерек:

Абдулазиз бен Абдалла әд-Дәуд 1962 жылы 28 қарашада Сауд Арабиясы Корольдігі Хураймала қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Имам Мухаммед бен Сауд ислам университетінің (Эр-Рияд) журналистика факультетін бітірген. Ал 1989 жылы Дипломатиялық институтта (Эр-Рияд) дипломатия мамандығы бойынша білім алады. 1999 жылы АҚШ-тағы Хьюстон университетінде футурология мамандығының магистратурасын тәмамдаған. Дипломатия және әкімшілік басқару салаларында бірнеше практикалық курстардан өткен және әртүрлі халықаралық конференциялар мен комиссия жұмыстарына қатысқан.

Еңбек жолын 1994-1999 жылдары САК-нің Хьюстондағы бас консулы қызметінен бастаған. 2000-2003 жылдары САК СІМ саяси істер жөніндегі бас хатшылығы Батыс елдері департаментінің кеңесшісі, 2003-2004 жылдары САК-нің Қатардағы елшілігінің кеңесшісі, 2005-2011 жылдары САК СІМ саяси істер жөніндегі бас хатшылығы Солтүстік Америка департаментінің директоры, кеңесші-уәкіл міндеттерін атқарды. Ал 2011-2012 жылдары САК-нің Индонезиядағы елшілігі басшысының орынбасары, 2012-2015 жылдары САК-нің Тунистегі елшілігі басшысының орынбасары, 2016-2018 жылдары САК-нің Джибутидегі төтенше және өкілетті елшісі, 2018-2020 жылдары САК СІМ көпжақты халықаралық қатынас­тар жөніндегі жауапты хатшылығы атқарушы кеңсесі директоры ла­уазымында болды. 2020 жылдан бастап САК-нің Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

18 + 13 =