Әбдіжәміл әлемі

0 65

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залы ашылып, онлайн форматта «Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармашылығы және әлемдік әдеби үрдіс» тақырыбында халықаралық конференция өтті.Жиынды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ашып, қаламгердің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы екенін атап өтті.
– «Қан мен тер» отыздан астам шет тіліне аударылды. Дәл осы шығарманың желісімен екі бөлімнен тұратын кинотуынды да түсірілген. Арал теңізінің тартылып бара жатқанына қабырғасы қайысып, «Соңғы парыз» романы арқылы Арал экологиясына дүние жүзінің назарын аударды. Әйгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы бұл шығарманы ұлттық прозамыздағы оқшау құбылысқа, әдебиетіміздің жаңа арнасын салып берген алғашқы мұзжарғышқа теңеді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің Ұлы Отан соғысы туралы жазылған «Курляндия» романы да көпшілік тарапынан жоғары бағаланып, Жамбыл атындағы Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Әбдіжәміл ағамыз – керемет жазушы ғана емес, шебер аудармашы. Чеховтың, Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы Кэсонның шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Көрнекті қаламгер атындағы оқу залының ашылуы мен аталмыш конференция «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының қолдауымен өтті. Аталмыш қор бірнеше жыл бұрын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарының ағылшын, француз және швед тілдеріне аударылуына демеушілік көрсетті. Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов қазақ әдебиетін қолдауды жалғастыра беретіндерін айтты.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет бүгіндері қазақ әдебиетінің абызы болып отырған қаламгер шығармашылығының ерекшеліктеріне, олардан өзінің алатын әсеріне тоқталды.
– Әбдіжәміл ағаның әр сөзінің салмағы қорғасындай ауыр. Әр сөйлемі сексеуілдің тамырындай тереңнен тамыр тартып жатады. Оқиғасы иіріміне тартып әкетеді, әр кейіпкері оқырманмен тірі адамдай тілдеседі. Әбең өз шығармаларында өнеге етіп ұсынған тарих пен тіл алдындағы жауапкершілік, ұлт мүддесіне адалдық, туған ел мен жер тағдыры үшін күрес сияқты ізгі қасиеттер біздің бүгініміз үшін де, болашағымыз үшін де аса қажет. Оқырманға бұдан асқан ғанибет бар ма, қаламгерге бұдан асқан бақыт бар ма?! Әбекеңнің күллі қалам ұстаған қауым, барлығымыз үлгі тұтатын ерекше қасиеті – майдан қылшық суырғандай талғампаздығы. Сол талғампаздықтан туатын жанкешті еңбекқорлығы, – деді Ұлықбек Есдәулет.
Бейжіңнен қосылған белгілі жазушы, аудармашы, Қытай Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Акбар Мәжит «Қан мен тер» романы 1990 жылы Үрімжіде басылып шыққанын айтты. Ұлттық академиялық кітапханада Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мырзатай Жолдасбековтің бастамасымен ашылды. Ғалым аталмыш руханият ордасында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың оқу залын ашуды да ұсынды. Осыны атап өткен ғалым ескірмейтін естеліктерді жаңғыртты.
Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабеков те осы конференцияға қатысты.
– Әбдіжәміл Нұрпейісов – ұлтымыздың ұяты, ары, беделі. Біз сөз өнері дегенде Нұрпейісовтен үйрене алмай-ақ келе жатырмыз. Ол кісі – бүкіл романының он жетінші вариантын жасай ма, он сегізінші вариантын жасай ма, міне, осы жерде бір сөз, бір сөйлем үшін кітаптарын бірнеше айға кешіктіріп шығаратын жалғыз жазушы. Бізге: «Сіздер өз шығармаларыңызға, өз аудармаларыңызға немқұрайлы қарайсыздар. Әдебиет бір сөзден тұрады ғой. Сіздер сөз үшін күреспейсіздер» деп ұрысады. Әбекең – Әуезовтен кейінгі біздің ең асқар шыңдарымыздың бірі. Колумбияда жүргенімде бір адам келіп менен «Әбдіжәміл Нұрпейісов соңғы кезде не жазып жүр?» деп сұрады. Төбем көкке жеткендей қуандым. Колумбияда жүрген адамның сондай сұрақ қойғаны мақтаныш па?! Мақтаныш! Әбекең – қазақ әдебиетінің бәйтерегі. Ресейде жыл сайын Нұрпейісов оқулары өтеді. Бізде де Нұрпейісов оқулары, Кекілбаев оқулары, Оңғарсынова оқулары, Оралхан оқулары дегенді жүзеге асыру керек, – деді Дулат Исабеков.
Мәскеуден қосылған жазушы, аудармашы Анатолий Ким «Қан мен тер» романын Юрий Казаков, ал «Соңғы парызды» орыс тіліне өзі аударғанын атап өтті. Әбдіжәміл Нұрпейісовпен көп жылдан бері таныс екенін айтып, қаламгер өз шығармаларымен мәңгі өмірге бет алғанын айтып өтті.
– Әбдіжәміл Нұрпейісов – бақытты жазушы. Өйткені Құдай Тағала ол кісіге өзінің жер бетіндегі миссиясын ойдағыдай толық орындауы үшін ұзақ ғұмыр берді. Соның 75 жылын толық шығармашылыққа арнады. Өткен жылы 7 томдығы шықты, – деген белгілі жазушы, киносценарист Смағұл Елубай «Қан мен тер» романы жайлы өз пікірімен бөлісті.
Халықаралық конференцияда филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Ресей жазушысы, аудармашысы Георгий Пряхин сөз сөйледі. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығымен жақсы таныс шетел азаматтары ойларын айтты. Конференция Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залының салтанатты ашылуымен түйінделді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залының қоры 3 мыңға жуық. Оның ішінде 300-ден астам кітап, 100-ден астам журнал, 46 аудиовизуалды материал және қаламгерге қатысты тағы да басқа мәліметтер бар. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қолжазбалары, белгілі орыс жазушыларына, классик жазушыларға, әдебиетшілерге, қоғам қайраткерлеріне жазған хаттары ерекше құнды. Сондай-ақ жазушының мемориалдық коллекциясы ұсынылған: жеке жазу үстелі, кресло, үстел сағаттары, естелік қаламдар, кәдесыйлары, грамоталары, шахмат және т. б.
Болашақта Әбдіжәміл Нұрпейісов атындағы оқу залында шығармашылық және поэзия кештері ұйымдастырылатын болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 + 2 =