Абаттанған аулалар, кеңейген кеңістіктер…

0 16

Елордада аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары одан әрі жалғасады. Биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістік салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндады.«Былтыр 76 гектардан астам аумақты салып, абаттандырдық, ал бұл – шамамен 150 аула мен 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар), биыл 150 аула мен 40 қоғамдық кеңістікті саламыз. Құрылыс кезінде бұрын ауламен қамтылмаған, қараусыз қалған, бос жерлерге, сондай-ақ қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге ерекше назар аударамыз. Қаланың тарихи бөлігіндегі көшелерді абаттандырып жатырмыз» деп жазды әкім инстаграмдағы парақшасында.
«Таңертеңгілік көшелерді аралау барысында Мәмбетов көшесіне (Кенесары көшесінен Абай даңғылына дейін) барып, салынып жатқан променад құрылысын тексердім. Бұл жер демалыс күндері жаяу жүргіншілер жолына айналады, ол жерде көліктер жүрмейді. Болашақта түрлі жәрмеңкелер мен фестивальдар өтеді. Талантты тұрғындарымыз өнері мен дағдыларын көрсете алады. Сондай-ақ әртүрлі фотоаймақтар мен кітап алмасу аймағы белгіленеді. Мұндай шаралар тұрғындардың арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді» деп түсіндірді қала басшысы.
Алтай Көлгінов «Жастар» сарайынан бастап жас көрермендер музыкалық театрына дейінгі жол субұрқақ кешенімен жабдықталып, «Театральный» жаяу жүргіншілер желекжолымен (Омаров көшесі) біріктірілетін мәлім етті. Есіл өзенінің жағалауы да абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстармен қамтылған. «Қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындарын қызықтыратын негізгі орталықтардың біріне айналады. Олар жұмыс пен үйдің арасында уақыт өткізетін «үшінші орын» болмақ. Бұл – әрі демалыс орны, әрі адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын жері, әрі спортпен шұғылданатын аймақ» деді қала әкімі.
Сонымен қатар А.Көлгінов Есіл ауданындағы (Сарайшық көшесі, 34; Достық көшесі, 5/1; Тұран даңғылы, 9, 11) бірқатар аулаларға барып, ондағы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. «Аулаларды көпфункциялы етіп салып жатырмыз. Олардың көпшілігі тыныш және спорттық аймақтардан тұрады, онда балалар да, ересектер де, зейнеткерлер де бос уақытын өткізе алады. Үй жануарларымен серуендеу үшін де жағдай жасалып жатыр. Елордамыз «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» дамыту жоспары шеңберінде өркендеп келеді. Қаланы одан әрі дамытуда тұрғындардың пікірі маңызды, олардың идеяларын ескеріп, жүзеге асырамыз» деп сөзін түйіндеді қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − ten =